Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдариялықтар Ұлыстың ұлы күнін тойлады

Сырдариялықтар Ұлыстың ұлы күнін тойлады

Аудан орталығы Тереңөзек кентінде Ұлыстың Ұлы күні мерекесіне арналған мерекелік іс-шаралар өтті. Жаңа жыл мейрамына орай ұйымдастырылған іс-шараға аудан тұрғындары мен қонақтары қатысып, «Жыл басы жарылқа!» театрландырылған қойылымды тамашалады.

Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев жиналғандарды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

– Жер-жаһанды жаңғыртып, тіршілікті оятып, табиғат ананы жасартып келіп жеткен төл мерекеміз - Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Бүкіл түркі жұртына, Шығыс халқына ортақ бұл мейрам – береке мен бірліктің, ырыс пен несібенің, қайнаған қызу еңбектің мерекесі.

Биылғы әз-Наурыз мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған Жолдауын жариялады. Жаңа Жолдау елімізде орын алған жағдайға байланысты «Жаңа Қазақстанды» қалыптастыруға бағытталды. Жолдаудағы міндеттерді жүзеге асыруда біз нақты жұмыстарды Сіздермен бірлесе отырып іске асыратын боламыз.

Көктемнің шуағымен келген Ұлыстың ұлы күні әр отбасына шаттық, мол ырыс, ынтымақ әкелсін. Татулығы жарасқан елдің тұғыры биік болсын! Баршамызға Наурыз мерекесі құтты болсын,– деді аудан басшысы Мұрат Нәлхожаұлы.

Мерекелік іс-шара барысында қазақы үлгіде әспеттелген киіз үйлер тігіліп, ұлттық нақыштағы көрмелер мен спорттық жарыстар ұйымдастырылып, атадан-балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүрлер дәріптелді. Бесік салар, тұсаукесер, беташар рәсімдері ұйымдастырылды.

Наурыз мейрамына жиналғандар мерекенің басты тағамы наурыз көжеден ауыз тиіп, бір-біріне ақ тілектерін арнады. Әсем әндерді әуелете шырқаған көркемөнерпаздар аудан тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ұлы Отан соғысының ардагері, ауданның Құрметті азаматы Яхия Тасыров жиналғандарға ақ батасын берді.
23 наурыз 2022 ж. 430 0