Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаны жайсаң жан еді

Жаны жайсаң жан еді

Ол өмірінің  өн  бойында адалдық  дейтін  арда қасиетті  қастерледі. Ол  уақытдейтін  ұлы  мүмкіндіктің қадірін  мақсатымен  өміршең ете білді. Елімен  етене  ғұмырында ешкімнің  ала  жібін аттаған жоқ.  Қарапайымдылығында  қадірі, қанағатшылдығында  қасиеті тұнып, кісіліктің  жейдесін кірлетпей  күн  кешті. Ол алтын  емес, алғыс  арқалаған қалпында  өмірден  озды. «Өзім» деп  өлермендік танытпаған, дүние  емес, дос  жиған кіршіксіз  көңілімен  мәңгілік мекеніне  аттанды.

***
Шахарбек Қабылшаев ел  егемендігінің  алғашқы жылдарында  бұрынғы Сырдария ауданына қарасты КСРО-ның 50 жылдығы атындағы кеңшарға басшылық жасады. Ол кезең жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетініндей алмағайып заман болатын-ды. Барлық нәрсе, шаруашылыққа қажетті техника, керекті құрал-жабдықтарды былай қойғанда күнделікті азық-түлік, тұрмысқа қажетті ұсақ-түйектің өзі тапшы кез. Соған қарамастан ауыл басшысының алдына  бұйымтайын айтып келген  адамның бетін қайтармай, шаруасын шешіп беретіндігін жерлестері әлі күнге дейін айтады. Кез келген адаммен тіл табыса алатын, іскер, жаны жайсаң жігіттің жомарттығын талайлар тамсана әңгімелейтін.  Ол өзімен тұстас шаруашылық басқарған Әбсәми Оразәлиев, Жетібай Өндірбаев, Өзбекбай Досмағанбетов, Сағындық  Халықов, Айдарбек Қадырқұлов, Сартай Мықанов, Нұрман Жүндабеков, Нартай Әбуов сындытұлғалармен қойын-қолтық араласып, ел басқарудың қыр-сырын  терең меңгеруге күш салды. Тәжірибелі директорлардың озық жетістіктерін өзіне үлгі тұтты, үйренуге, өзінің басшылық қызметі барысында қолдануға ұмтылды. Сонымен қатар ауылдағы партия, кеңес, кәсіподақ және комсомол ұйымдармен бірлесе отырып, жұмыс жүргізуді басты назарда ұстады. Соның нәтижесінде ол басқарған жылда КСРО-ның 50 жылдығы атындағы кеңшар аудандағы іргелі шаруашылықтардың  біріне  айналды. Бүгінде  бұл кеңшар «Берекелі Бесарық»  атанып, ел-халықтың ырзық-несібесін  еселеп отыр.

Шахарбек Қабылшаев туған жерге  туын тіккен  тұғырлы азамат  еді. 1972  жылы Ы.Алтынсарин  атындағы  №147 орта мектепті алтын медальмен тәмамдаған ол, «ауылшаруашылығы саласын дамытуға өз үлесімді  қосамын» депшешіп,  Алматы зоотехникалық институтына оқуға түсті. Оны қызыл дипломмен үздік  бітіріп, өзітуған ауылына оралды. Алғашқы еңбек жолын  1979 жылы ол кезде КСРО-ның 50 жылдығы  атындағы шаруашылықта  қарапайым мал маманы, яғни зоотехник болып бастады. Жас­тайынан  алғыр, оқу, білімге ерекше ынталы болып өскен  ол  өтесауатты, сөзге  шешен, тұстастары арасында «қара сөздің ақыны» атанып кеткен арда азамат болатын. Үлкенге ізеті, кішіге құрметі дайын, пейілі бөлек, ағайын-туысқа, дос-жаранға қадірлі еді. Шахарбектің  алғырлығы мен көппен тіл табыса білетіндігін, қай істе де дұрыс шешім қабылдауға ұмтылатынын,  ең бастысы, халықтың ертеңіне  жанашырлықпен қарап, қиын түйіннің қиюын таба білетіндігін  бағалаған аймақ басшылығы оны 1992 жылы шаруашылық  директорлығына сайлады. Ол кезең  нарықтың ең бір қиын  жылдары болғанымен, білікті  басшының қолда  бардыұқсата білуі, көппен тіл табыса алуы және көпшілікті ұйыстыра, ұйымдастыра білуі арқасында ауылдың экономикасы артып, халықтың әлеуметтік жағдайы  едәуір жақсарды. Негізінен төрт түлік мал өсірумен айналысатын шаруашылықта мал басы өз түлігі есебінен  көбейді. Егілетін  дақылдардың көлемі  ұлғайып, олардан  алынатынөнім түрлері молайды. Сонымен қатар, шаруашылық Сыр өңірінде кештеу қолға алынған көкөніс, бақша дақылдарынбаптауға бет бұрды.  Ауылда халыққа қызмет көрсететін  әлеуметтік сала нысандары жаңа ғимараттарға көшірілді. Құрылыс саласы да жанданып, бірқатар ауыл тұрғындары, әсіресе жас отбасылар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері жаңа кең де жарық, сәулетті үйлерде қоныстойын тойлады. Сол жылдары кеңшар бастауыш партия ұйымын басқарған Әділбек Маханбетовпен, Дахарбек Асқаровпен және «Бесарық» ауылдық округінің төрайымы Зина Үсеновамен, өзге де қоғамдық ұйым басшыларымен бірлесе отырып, ауыл экономикасын көтеруге күш салды.Туғанауылын  тоғыз жыл абыроймен  басқарған Шахарбектің  тағы  бір ерекшелігі, жаңалыққа  жаны құмар болмысында  болатын. Сосынғы бір атап өтерлігі, еңбек адамдарына еткен бейнетіне сай құрмет көрсетуді бірінші кезекке қоятын-ды. Оларға қалыпты жағдай жасаудан, хал-ахуалын жақсартудан  еш шаршамайтын. Қарамағындағыларға қамқор, ағайын-туыс, өзімен үзенгілес қызметтестер арасында  өте сыйлы болды.  Әрқашан ағайынның басын біріктіріп, оларға қамқорлық көрсетуден жалықпайтын жан еді. Сонымен қатар, ол жүрген жерін  ұтымды әзілімен жандандырып, ойын-күлкіге бөлеп жүретін-ді.

КСРО-ның 50 жылдығы атындағы кеңшардан кезінде еңбегімен елге танылған жеке тұлғалар молынан шықты. Қазақ КСР-і Жоғары Кеңесінің депутаты, атақты сауыншы Күлжан Әуезова, еңбегімен ел құрметіне бөленген шопандар Қалыбай Бимырзаев, Сейітбек Мінайдаров, Байзақ Әубәкіров және басқа озаттардың танылуына шаруашылық басшысы ретінде Шахарбек Қабылшаевтың да қосқан үлесі қомақты.    

Ол басқарған жылдары ауылды көркейту, көгалдандыруға, санитарлық жағдайын жақсартуға баса назар аударылды. Әр тұрғынға өзі тұратын көше мен ауласын  абаттандыру, ауылдың тазалығын жақсарту міндеттелінді. Бастауын сол кезеңнен алған көркейту жұмыстары қазіргі таңда игі нәтижесін берді деп сеніммен айтуға болады. Бір кездері ақ шаңдағы шығып жатқан ауыл орталығы қазір адам танымастай өзгерді. Көшелеріне асфальт төселіп,  ағаштар отырғызылған. Көкке өрлеген сан түрлі әсем ағаштар, зәулім ғимараттар, саябақ пен демалыс орындары  ауыл ажарын аша түскен. Ауыл аумағы уақыт өткен сайын ұлғайып, кеңейіп келеді. Мұның өзі сол өңірде ауыл адамдарына қалыпты өмір сүруге жағдай жасалғанын көрсетеді. Кәсіпкерлер саны артып, олар айналысатын кәсіп түрі көбейді. Бұрын төрт түлік мал өсірумен, жекелеген қол өнерімен ғана шектелген ауыл тұрғындары бүгінгі күні  кәсіптің түрін жетілдіріп, табыс көзін молайтты. Иә, Шахарбек шаруашылыққа басшылық етіп жүрген жылдары  көп нәрсені армандайтын. Ауыл шетінен үйрек ұшып, қаз қонар көл жасауға, мектепті заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген зәулім ғимаратқа көшіруге, ауыл адамдарының жаппай спортпен  айналысып, саябақта серуендеуіне мүмкіндік жасауға,олардың денсаулығы мықты болып, өздері қалаған істерімен айналысуларына ықпал етуге үлес қоссам дейтін. Сол алғаусыз армандарының  көбісі орындалды деуге болады. Ауыл қазір көрікті, көркейген ауылдардың алдыңғы  қатарында.

Оның өнегелі  өмірі  көпке үлгі.  Шахарбек Қабылшаев өнегелі отбасының отағасы. Ол өзінің өмірлік жары, ұлағатты  ұстаз Бибімен бірге  бес  бала тәрбиеледі. Балаларының барлығының да жоғары білім алуына әке ретінде көп еңбек сіңірді. Қызы Толқын  Қабылша – бүгінгі күні есімі  елімізге  белгілі жас  ақындардың  бірі, облыстық телеарнада журналист-тележүргізуші. Елбасы Н.Назарбаевтың  қабылдауында болып, өлеңімен ел ағасының ризалығына бөленген жан. Биылғы жылы аймақ  басшысының қолдауымен Астана қаласында  өзінің жеке  шығармашылық  авторлық кешін  өткізді. Астанадағы  әдеби қауым   ақын  жырларын жылы  қабылдап, оң  баға берді. Ұлы  Нұрлыбек мұнай саласында. Дарханы халыққа қызмет көрсету орталығында заңгер, Айбегі Астанада  «Хабар» телеарнасында тілші, спорт комментаторы, кіші ұлы Қахарман  банк саласында.  Бәрі де өз әріптестері арасында беделді, абыройлы, өз істерінің жетік маманы саналады. Әке үмітінің ақталғаны деген осы емес пе?! Бес баладан өрбіген 11 немере Бибі әженің көз қуанышы. «Орнында бар оңалар» дегендейін, Шахарбек енді осы ұрпақтарымен мың жасап,  мәңгі өмір сүрері хақ. 

 Жұмагүл  БАЛАБАЙҚЫЗЫ
21 наурыз 2023 ж. 242 0