Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ұсталық

Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ұсталық

Қазақта ертеден келе жатқан «Атадан ұл туса игі, әке жолын қуса игі» деген терең мағыналы сөз бар. Ұрпақ сабақтастығы туралы айтқанда саламатты өмір салты, мәдениет пен білімді ғана емес, белгілі бір кәсіпті атадан балаға мұра еткен әулеттерді де айтамыз.Үйрену, іздену, еңбек етудің мұратқа жеткізетіні рас, бірақ бұл жерде ең бастысы бейімділік емес, қасиет сияқты қанмен берілген дарын, табиғи шеберлік керек.

Қазір жасы 80-ге келіп отырған Сәйділда Сәдуақасов ақсақалды осы аймақтың халқы түгел біледі. 1943 жылы дүниеге келген Сәйділда ағаның әкесі Сәдуақас өткен ғасырдың алғашқы жартысында Сыр еліне белгілі ұста болса, атасы Сексенбай мен бауыры Сахидың зергерлік өнері кезінде Бұхара мен Хиуа хандықтарында мәлім болған.

Сәйділда аға М.И.Калинин атындағы мектептің 8-сыныбында оқып жүрген кезінде өндіріс артелінің (промартель) бастығы Оспан Дүзімбетов деген кісі әкесі Сәдуақасты іздеп келіп:

– Ауданға сағат ұстасы керек. Сол жұмысты балаң екеуің істеңдер, – деп қолқа салады.

– Менің майда жұмысқа көзім нашар, балам істесін, – деген әке жауабынан кейін Сәйділда кешкі жастар мектебінде оқуын жалғастыратын болып, еңбек жолын бастайды. Сол 1959 жылдан 1973 жылға дейін халық тұрмыс қажетін өтеу комбинатында сағат жөндеу шебері, темір ұстасы болды. Ағаның ағаштан түйін түйгенін де зергерлік өнерін де айта кеткеніміз дұрыс.

Ұсталық – қызық та қиын өнер, бұл жерде шебер болу, ептілік аз. Оған да терең ой, суретші немесе архитектор сияқты көркемдік шешім керек. Сәкең белгілі бір бұйымды жасарда сол дүниені көз алдына келтіріп, ойша жоспарлап алады екен. Содан қызу жұмыс басталады, ендігі керегі-ойыңдағыңның қолыңнан шығуы. Бұған уақыт, мұқалмас жігер, шыдам керек.

Жас кезінде әкесі Сәдуақас жанында болды, біл­мегенін сұрап, жасай алмағанын үйренді. 1968 жылы 78 жасында өмірден озған әке тағдыры да өнеге еді. Ол кісі 7 жасында жетім қалады. Анасы Боранкүл ойын баласын ұстаханаға апарып, біз, шот, кетпен, орақ жасатады. Ол кісі отағасының «12 жасқа дейін екі баламды кәсіпке үйрет, одан әрі өздері алып кетеді» деген аманатын орындаған еді. Шынында да солай болды. Сәдуақас пен Сахиды ағайындары Бұхараға апарып, зергерлік өнерді үйренуіне жағдай жасады.
Жат жерде жылдап жүріп ағайынды екі жігіт ұза­тылар қызға сақина, білезік, шашбау, қамзолға түйме-ілгек, алқа, сырға, сондай-ақ ер-тұрман әшекейін жасады. Тіпті күміс теңге де жасайды. Осы өнердің бәрін Сәйділда әкесінен үйренді.

Өткен ғасырдың 60-70 жылдары көпшілік тұтынатын заттар аз болды және оны ұсталар қолмен жасайтын. Ал зергерліктің негізгі шикізаты күміс теңгелер еді, оны қайта қорытып, сақина, білезік соғатын. Ер-тұрманды сәндеуге пайдаланған кезі де аз болған жоқ. Кейін сол күміс теңгелер көзден бұл-бұл ұшты, пышақ, орақ, шалғы секілді қажетті дүниелерді де зауытта шығаратын болды. Бәрі жақсы-ау, бірақ оларда ұстаның ерекшелеу қолтаңбасы жоқ.

Қолтаңба демекші, Сәкең темірден бұйым жасаған­да шикізаттың қасиетіне ерекше қараған екен. Қолына ұстап тұрған темірді жерге тастап жібергенде ол өзіндік дыбыс шығарады. Сол дыбыстан қандай бұйым шығаруға болатынын біледі. Әрі қарай темірді ерекше әдіспен суарады. Отқа қыздыра отырып егеумен жүзін тегістейді. Бұған көп уақыт, ыждаһаттылық және шыдам керек. Егер егеу темірдің жүзінен та­йып кетсе, бұл бұйым дайын деген сөз. Күмісті ерітуде аса сақтық керек, олай болмағанда қасиетін жоғалтып алуың да мүмкін. Күмісті ерітіп алып, ерітіндіні арнайы қалыпқа құяды. Содан кейін отқа қайта қыздыра отырып жалпайтады. Содан кейін жасайтын затқа қарай ыңғайлайсың. Сақина, жүзік керек болса, енді нәзік шеберлік қажет етіледі.

Сәйділда аға ағаштан да небір тамаша бұйымдар жасады, жарты ғасырға жуық жиһаз қызметін атқарған сол заттардың әлі күнге сыры кетсе де сыны кеткен жоқ.

Өмір бір орында тұрмайды, тіршілік сені сан-саққа жүгіртеді. Қоғамдағы жаңарулар, айналадағы өзгерістер кімнің де болса кәсібіне, сол арқылы тағдырына аз да болса әсер етеді. Сәйділда Сәдуақасов 1973-1978 жылдары аудандық мәдениет бөлімінде көлік жүргізуші-киномеханик, 1978-1982 жылдар аралығында автокөлік кәсіпорында тұрмыстық техниканы жөндеу зауытында шеберхана меңгерушісі, 1992 жылдан Қызылорда облыстық жануарлар дүниесін қорғау мекемесінде инс­пектор болды. Кешегі тоқырау деп аталған жұмыс орындары қысқарған кезеңде кәсіпкерлікпен айналысып, 2004 жылы еңбек демалысына шықты. Ағамыз қай жерде жүрмесін ұсталық өнерден бір мезгіл де ажыраған жоқ. Ұсталық дегенде жалпылама айтып отырмыз, жасаған дүниелерін қарап отырсаңыз сыр мен сымбат қана емес, нәзіктік, талғампаздық, қолайлылық пен дәлдік қатар келетін бұл өнер кәсіппен де, әуестікпен де шектелмейді, зергерлік – қасиетті де киелі өнер. Ол үшін, сөз басында айтқанымыздай қаннан, табиғилықтан дарыған тума талант керек. Атадан балаға, ұстаздан шәкіртке ауысатын өнердің өз тылсым сыры, құпиясы бар. Бұл нәзік те күрделі өнерге ісмерлікпен қоса, табандылық, ыждаһаттылық керек. Зергерлік адам баласын сұлулық пен әсемдікке, талғампаздық пен тазалыққа тәрбиелейді. «Зер» сөзінің өзі парсының «алтын» атты ұғымынан шыққан, «алтынмен аптап, күміспен күптеген» дейтініміз де содан.  

Сәйділда Сәдуақасов екі мәрте аудандық кеңестің, 5 жыл сот заседателі болды. Бұл екі қоғамдық жұмыс та оңай емес, біріншісінде жергілікті атқарушы билік пен халық арасында алтын көпір болсаң, екіншісінде әділеттілік, ақ пен қараны айыра алушылық керек. Ағамыз жан-жақты кісі, жазу-сызумен де айналысады. 2002 жылдан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Мадақ, марапаттан да кенде емес, бірақ ең бас­тысы – қарияға деген елдің құрметі.

Осы жерде мен сәл шегініс жасап, ғасырлар тоғы­сындағы екі оқиғаны таныс адамдардың жадында жаңғырта кеткім келеді. 1988 жыл Қызылордада шы­ғар­машылық интеллегенция өкілдері мен қолөнер ше­берлерінің семинар кеңесі болған еді. Осы жиын көр­месіндегі Сәкеңнің бұйымдарына қызығушылық көп бол­ды және ол облыс басшылары тарапынан да жоға­ры бағаланды.

2012 жылы «Дәстүрлі қолөнер шебері» байқауында ағамыздың металл өңдеуі ерекше бағаланып, 1-орынды иеленді. Қолөнершілік жалғасымен құнды екені рас деген, ағаның игілікті ісін балалары жалғастырып келеді. Ұлы Мұрат «Ақниет» бағдарламасына қатысып, ер-тұрман әбзелдерін жасау мақсатындағы жұмыстарға арналған 700 000 теңге қаржыны ұтып алды. Ал кіші ұлы Қуаныш Тереңөзек кенті орталығында «Сәдуақас шеберханасында» темір ұстасы болып жұмыс жасап келеді.

Сәйділда Сәдуақасұлы өзінің мазмұнды өмірінің айтулы белесіне аяқ басты. Тіршіліктің мәні қал-қаді­рің­ше еңбек етіп, ел-жұртқа пайдаңды тигізу, ұлағат­ты ұрпақ өсіріп, ол сенің өлмес ісіңді жалғастыру бол­са, ақсақалды мұратына жеткен жан деп айтуға болады.

Өмір күрделі, сан алуан, сан түсті, оның осынау өзг­ешелігінің өзі адамның табиғатында жатыр. Қарап отырсақ, бүгінде осы әулеттің төртінші ұрпағы ұсталық өнерді меңгеріп, бір ғасырдан аса уақыт елге қызмет етіп келеді екен. Көптің қажетіне жарау, алғысын алу адамды құрметті етіп қана қоймайды, түрлі жамандықтан сақтайды.

Шаһарбек Нұрсейітов,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
11 наурыз 2023 ж. 228 0