Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Азаматтық қорғаныс – тегеурінді қызмет

Азаматтық қорғаныс – тегеурінді қызмет

1 наурыз – Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күні. Бұл айтулы күнді Халықаралық Азаматтық қорғаныс ұйымына мүше елдер төтенше жағдайдың алдын алуда халықаралық деңгейде атап өтеді.

Айтып келмейтін табиғи немесе техногендік төтенше жағдай кезінде көптеген елдің күшін біріктіретін халықаралық ұйымға Еуропаның, Азияның бірқатар елдері кіреді. Біздің еліміз алғаш рет 1997 жылы «Қазақстан Республикасының Халықаралық Азаматтық қорғаныс ұйымының Жарғысына қосылуы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы күшіне енген соң толық құқықты мүшесі болып танылды.

Міне соңғы 26 жылдан бері еліміз Халықаралық Азаматтық қорғаныс ұйымының мүшесі ретінде мемлекеттер арасында өзара тәжірибе алмасуда белсенділік танытуда. Яғни табиғи немесе техногендік апат орын алған жағдайда көмек көрсетуге, азаматтық халықты қорғауға, гуманитарлық көмек көрсетуге т.б. атсалысады.

Мәселен биылғы жылы орын алған Түркия еліндегі зілзала кезінде еліміздің төтенше жағдай қызметі сол елдің азаматтарына көмек көрсетуге аттанғаны белгілі. Қирандылар мен үйінділердің астынан қаншама зардап шеккен қандастарымызды алып шығуға атсалысты. Бұл жұмысқа басқа да халықаралық ұйымға мүше елдерден техникалық құрылымдар жеткізіліп, өзара ынтымақтастықтың нәтижесінде орасан зор көмек жұмыс атқарылды. Нәтижесінде көптеген бауырлас халық құтқарылды.

Тілсіз жаудың салдары қашанда ауыр. Ең қымбат қазына адам өмірін сақтауға күш салу азаматтық қорғаныс қызметкерлерінің парызы. Табандылық пен ептілікті, жедел іс-қимыл мен физикалық дайындықты, тегеурінді мінезді талап ететін қызметке тек лайықтылар ғана алынады.

– Азаматтық қорғаныс қызметкерлерінің күні жыл сайын зор құрметпен аталып өтіледі. Арнайы өткізілетін тактикалық-арнайы оқу-жаттығулар төтенше жағдайдың алдын алуға бағытталып, тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмысы жүргізіледі. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында мамандар кездесу өткізіп, дәрістер оқылады. Жыл бойы атқарылған жұмыстың қорытындысы шығып, бейбіт күннің батырлары марапатталады. Барлық іс-шаралар төтенше жағдай қызметінің маңыздылығын арттырады, – дейді Сырдария ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Н. Бақтияр.

Барша еліміздің Азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлерін төл мерекемен құттықтаймыз.


Бибісара ЖАНӘЛІ
01 наурыз 2023 ж. 237 0