Абырой биігіндегі азамат
Өмірде ешқандай бақай есепсіз бірін-бірі іздейтін, бір-біріне алаңдайтын, бір-бірінің жай-күйі мен ішкі сырын түсіне кететін етене жақын адамдар болады. Қаламына құт қонған біздің Тынышбек Дайрабай ағамыз сондай көңілі ақ, пейілі пәк азаматтардың санатынан.
Жалағашта кіндік қаны тамғанымен Тереңөзектің төл перзенті болып кеткен ардақты азамат өсіп-өнген өлкесі еске түссе, Алматыдан телефон соғып, Тереңөзектің жаңалықтарын біліп, жетістіктеріне тілектес болып, кемі жарты сағаттай арқа-жарқа болып қаламыз. Бұл қайраткер-тұлғаның туған жеріне деген ықыласы, перзенттік пейілі, сағынышы һәм құрметі десек жарасады.
Редакцияның қат-қабат жұмыстарымен айналысып отыр едім, ұялы телефоным шырылдады. Хабарласып жатқан Тынышбек ағамыз екен.
– Ассалаумағалейкум, қалайсыз!
– Уағалейкумассалам, амансыңдар ма, бала?
– Жақсымыз-жақсымыз... Сіз звондасаңыз түрегеліп тұрып сөйлесемін ғой, міне орындығымнан тұрып жатырмын...
– Ой, рақмет, бар бол, нар бол, айналайын...
Арасында осылай әзілдесетініміз бар. Сөзіміз жарасады, пікіріміз бір арнаға тоғысады. Әрі қарайғы әңгімеміз амандық-саулық сұрасумен, ауданның қоғамдық-саяси, рухани-мәдени өміріндегі жаңалықтарды бөлісумен, алдағы шығармашылық жоспарлардың жай-күйі жөніндегі пікіралмасумен жалғасады. Дауысы сазды, әр айтқан сөзі мән мен мазмұнға толы, тарихтан тін тартып ой сабақтайтын Тынышбек Дайрабай ағамыз сөзінің соңын әдеттегідей «Тереңөзектік жерлестерге сәлем айт, барлық жақсы жаңалықтарға тілектеспін, тілеулеспін...» деп аяқтайды. Мен де ардагерлік кезеңге абыроймен жетіп, сексеннің сеңгіріне қадам басқан азаматқа амандық тілеймін.
Тынбай еңбек етуді өмірлік мақсат еткен Тынышбек ағамызды құрдастары «Тынымсыз Тынышбек» дейді екен. Айтса айтқандай, бұл кісі тынбайды және өзгеден де сондай тынымсыз ізденісті талап етеді. Қашан көрсеңіз де, қай кезде сөйлессеңіз де жаңа мақсаттар мен тың жобалардың жетегінде жүреді. Бұл оның тумысынан тарихшы екенін әрі тектілігі ептілікпен ұштасқанын білдірсе керек-ті. Осы ретте қазақ елінің, кең байтақ жерінің тарихы тым тереңде жатқанын, оның әлі ашылмаған тұстары да көп болуы мүмкін екеніне назар аударайықшы. Бұл бәрінен бұрын халық ауыз әдебиетінің көрнекті өкілдері – ақын, жырау, би, шешен, тағы басқа да өнер адамдарының асыл мұраларының зерттеліп зерделенуіне де аса қатысты екені даусыз. Ертеден осы саланың жоғын тауып, барын мәзір етіп жүрген өлкетанушы, этнограф, зерттеуші ғалымдарға үлкен салмақты жүк, айрықша сенім артылып келгені белгілі. Осы саланың ыстық-суығына қара нардай төзіп, ұзақ жылдардан бері көптеген ізденісті жұмыстарды тындырған тұлғаның бірі – Тынышбек Дайрабай екенін жұртшылық жақсы біледі және еңбегін жоғары бағалайды.
Бірден айтып өткеніміз дұрыс, зерттеушілік кез келген адамның қолынан келмейтін, қазақтың жалпақ тілімен айтқанда «Инемен құдық қазғандай» қияметі көп шаруа. Өйткені, бұл іске жан дүниесі бай, білігі мен тәжірибесі мол, айрықша сабыры мен төзімі бар адам ғана нартәуекел ете алады. Тынышбек Майлыбайұлы жас кезінен осындай тірлікке мойынсұнып, қара нардай жегілген кісі. Осы жылдың ақпан айының он үші күні жасы 80-ге келсе де әлі күнге алған бағытынан тайған емес. Еліме әлі де пайдам тисін деген ниетпен қалам-қағазын сайлап, іздеген қажет деректерін табу үшін кітапхана немесе мұрағатқа көп барады. Уақытпен санаспай ізденеді. Кейде тарихи деректердің қызығы мен шыжығына терең бойлап, уақытылы ас ішуді де ұмытып кететін кездері жиі болады. Қазақ жақсы, жайсаң азаматтарға қарата «сүйегі асыл кісі» дейді ғой. Сүйегі асыл, бойы тіп-тік, қимылы да ширақ ағамыз сол асылдылығын алтыннан қымбат қазыналарды аршуға, тарихтың тәлімі мен тағылымын зерделеуге арнап келеді. Тағы бір ерекшелігі, үлкенмен де, кішімен де қауқылдасып, жөн сұрасып, әңгімесі жараса кетеді. Өзін барлық ортада еркін, құдды бір жастықтың жалыны шарпып, азаматтықтың арыны бет қаратпай Тереңөзекте жүргендей жайлы сезінеді.
Ақиқатын айту керек, санасы сергек, ойы ұшқыр мұндай ардагерлер қазір аз. Жүріп-тұрғаны біреуге жүк болмауына ерекше мән беретін Тынышбек ағамыздың бойындағы бұл қарым-қабілет ауылда өскенінің жемісі шығар. Ол жас кезінен кеуделері алтын сандық – көнекөз, шежірелі ауыл қарттарының аталы, баталы, ұлағатты сөздеріне, жыр, терме, шежірелеріне қанып сусындап өсті деп айтуға толық негіз бар. Естігенді қағып алуға да зейін мен ынта да ауадай қажет. Шежіре демекші, елге еңбегі сіңген Тынышбек Дайрабай бір атаның, немесе рудың емес, бүтін қазақ шежіресінің түгенделуіне лайықты үлес қосқан этнограф-тарихшылардың бірі. Ол елімізге белгілі үлкен ғалым, фольклортанушы Мардан Байділдаев, Сыр өңірінің шежіре жинаушылары Үбісұлтан Қайнарбаев, Әлімбай Әлиасқаров, Камал Бердәулетов сынды білікті шежірешілердің ісін одан әрі лайықты жалғастыра білді. Оған 1995 жылы Алматыдан «Кете-Шөмекей» шежіресін кітап етіп шығарғаны – толық дәлел.
Тұлғаның өңірге аян өмірбаянына келер болсақ, ол кісі 1943 жылы 13 ақпанда көршілес Жалағаш ауданының Жаңаталап ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Бұл өңірде «Бекбергеннің бес баласы» деген сөз кең тараған. Сол бес ағайынды кісінің қай-қайсысы да өнерге жақын, сөзге шешен, шежіреге аса жетік беделді кісілер болған деседі. Адал еңбекті ту еткен әкелерінің сөзін жаттап, ізіне ерген Тынышбек Майлыбайұлы да өнерге құштар болды. Кеңес дәуірінде кино маңызды өнер саналатын. Соның әсері ме, бозбала жігіт өзінің еңбек жолын ауыл клубында киномеханик болудан бастады. Бірақ, арманы – журналист болу еді. Соның жетегімен КазҰУ-дың журналистика факультетіне оқуға түседі. Бастапқыда Тереңөзек аудандық «Еңбек туы» газетінде бөлім меңгерушісі болады. Кейін сауатты, тілге жүйрік, іске икемді азамат билікке де араласып, біршама жыл Тереңөзек аудандық атқару комитеті төрағасы қызметіне жоғарылап, әлеуметтік саланың көркейуіне еңбек сіңіреді. Жоғары партия мектебін бітіргеннен кейін шаруашылықта істеуді жөн көріп, партком хатшысы атанады. Кеңес жұмысына да белсене араласады. Соның нәтижесінде аудан әкімінің орынбасары қызметін де абыроймен атқарады. Мамандығы журналист болғандықтан, «Еңбек туына» редактор болып, қайта оралады. Тынышбек ағамыздың қаламының ізі қалған, 85 жылға жуық тарихы бар редакциямыздың төрінде ол кісінің суреті де, еңбектері де ұқыпты сақтаулы тұр. Үлгі тұтамыз, ұқсап бағуға тырысамыз. Ізбасары болғанымызды мақтан етеміз.
Бүгінде Тынышбек Дайрабайдың Алматы қаласына қоныс аударғанына да көп жылдың жүзі болды. Мұнда ұзақ жылдар халықаралық «Түркістан» газетінде бөлім меңгерушісі болып, жемісті еңбек етті. Түрлі тақырыпқа, оның ішінде рухани құндылық мәселелеріне үзбей қалам тартып келеді. Осы ұжымда еңбек ете жүріп, «Құрмет» орденінің иегері атанды. Зерттеушінің ел тарихын, оның ішінде Сыр өңірінен шыққан ахун, жыраулардың, би, шешендердің бай мұраларын насихаттап, жарыққа шығару жолындағы қажырлы еңбегі еленбей қалған жоқ. Бұған біз Сырдария ауданының 90 жылдық мерейтойында және осыдан он жыл бұрынғы 70 жасқа толуына орай Қызылорда қаласында және облыстың Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарындағы оқырмандарымен өткен жылы шырайлы кездесулері кезінде көз жеткіздік. Облыс, қала, аудан әкімдерінің Тынышбек ағамызға деген құрметінен адал еңбектің, маңдай тердің бағаланғанын сезіндік. Сол құрметтің әлі сабақтастығы үзілген жоқ. Кеше ғана телефонмен тілдескенімде Тынышбек Дайрабай ағамыз «Сырдария ауданының әкімі Мұрат Ергешбаевқа рақмет, 80 жасқа толған туған күнімді ұмытпапты, құттықтап, құрметін білдірді» деп айтып қалды. Бұдан біз әкімнің қаламгерге деген құрметін аңғардық. Бұл құрмет – Тынышбек ағамызға ғана емес, қазақ халқының зерттеліп, зерделенген тарихына, түптеп келгенде руханиятқа, мәдениетке, өнерге, шығармашылыққа көрсетілген құрмет екені сөзсіз. Лайым, ақ көңілден шыққан ақжарма тілектер қабыл болсын...
Тынышбек Майлыбайұлының күні бүгінге дейін 30-дан астам тарих және ақын-жыраулар жайлы кітабы жарық көрген екен. Кезінде олардың бәрі де оқырмандар тарапынан лайықты бағасын алды. Атап айтқанда, қаламгердің «Тоғанас батыр», «Дүр Оңғар», «Қаңлы Жүсіп», «Қорқыт ата», «Темірбек Жүргенов», «Түркістан» фотоальбомы, «Сырдың сырлы сыры», «Сыр перзенттері», «Жеті тараудағы жеті анық», «Билер», т.б. көптеген көлемді шығармалары соны дәлелдейді. Абырой биігіндегі азамат кезінде «Сыр елі» энциклопедиясын шығарушылардың да бірі болды. Сол секілді «Сырдария» кітапханасы сериясымен шыққан көптомдық кітапты шығарысуға да айрықша еңбек сіңірді.
Зерттеуші, қаламгер, тарихшы Тынышбек Дайрабай – 80 жылдық өмір жолында бір институттың жұмысын атқарған қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілді. 1998 жылы Темірбек Қараұлы Жүргеновтың 100 жылдық мерейтойын өткізуге ұйытқы болып, баяндама жасаса, Қорқыт атаның рухани мұрасына, Жалаңтөс, Жанқожа батырлардың ерлігіне арналған конференцияларды жоғары деңгейде өткізуге белсене қатысты. Сондай-ақ, атақты жырау Дүр Оңғардың, Төребай бидің 150 жылдық, Бұқарбай батырдың 180 жылдық, Баймұрат батыр, Тұрсынбай датқаның 230, Қазақ хандығының 500 жылдығы, Тұрмағамбет Ізтілеуовтің 125 жылдық мерейтойларына арналған, халықаралық, республикалық, облыстық конференциялардың лайықты өтуіне де ұйытқы болды. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарының және Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Құрметті профессоры», Әлеуметтік ғылымдар академиясының «Құрметті академигі» Тынышбек Дайрабай – өзінің қажырлы еңбегі, маңдай тері арқылы міне, осындай жоғары дәрежелі атақтарға ие болған тұлға.
Рухани жан дүниесі бай адам ешқашан тоқырау, шаршау дегенді білмейді. Ізденген үстіне іздене түскенді жақсы көреді. Біздің Тынышбек ағамыз міне, осындай адам. Осынысымен ол бүгінгі жас ұрпаққа өнегелі жол, ғибратты үлгі көрсетіп жүр. Аталы сөзге, тарихты тереңнен зерделеуге адал бір адам болса, ол Тынышбек ағамыздай-ақ болар, шіркін! Сондықтан сексеннің сеңгіріне сергек шыққан ардақты азамат тоқсанның төрінен көрінсе, мерейтойы ғасыр ғұмырға ұласса деп тілейміз.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ