Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасы – бақыт мекені

Отбасы – бақыт мекені

Ежелгі заманнан бері адамдар өз мақсаттарына жету және ортақ міндеттерді шешу үшін, атап айтқанда, өмір сүру және тамақ табу үшін бірге болуға тырысқаны белгілі. Заманауи қоғамда отбасы – ежелгі адамдар өмір сүрген үлкен қауымдастық емес. Қазір отбасы белгілі бір адамдармен шектеледі. Осы ортадағы әрқайсымыз үшін «отбасы» сөзі нені білдіреді?

Бұл сұраққа бірегейжауап табу мүмкін емес. Әр адам әртүрлі, алайда отбасы әрқайсысы үшін туған үйі және жақын адамдар әрқашан күтетін мекен деп санаймын. Сондықтан отбасы – бұл қорғалуы және сақталуы керек баға жетпес байлық. Осы отбасы құндылығы ата-анадан балаға, баладан немереге берілу арқылы ұрпақтан-ұрпаққа үздіксіз жалғасып келеді. Өйткені отбасы мен отбасылық игілік біздің үлкен әлемдегі ең жоғары әлеуметтік құндылық ретінде танылатыны анық.

Ал бақытты отбасы дегеніміз не? Менің ойымша, бақытты отбасы – бұл тек туыстық қатынаспен ғана емес, сонымен бірге өзара көмектесуге, түсіністік пен қолдау танытуға дайын біріктірілген адамдар тобы. Қоғамда мұндай отбасылар қатары көбейіп келетіні қуантарлық жайт.

Отбасы – адамның қaлыптасуына ықпaл ететін қоғамның ажырамас бөлігі, адам тұлға ретінде қалыптаса бастайтын орын. Онсыз адaм әлеуметтен жырақтап, өмірден шет қaлады. Әркiм өзін туғаны әрі қымбатты жандары күтiп, әрбір бастамасына қол ұшын созып, арқа сүйеуге болатынын сезінуді қалaйтыны сөзсіз. Әр отбасында ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын, отбасы құндылығын сақтайтын дәстүрлер болуы керек. Мысалы, кешке дастарқан басында жиналу дәстүрі. Бірақ кешкі ас ішу үшін ғана емес, күннің қалай өткенін бір-бірімен бөлісу мақсат болуы тиіс. Менің ойымша, бұл өте маңызды. Өйткені ақпарат ағынын басқару қиын қазіргі заманда адамдар бір-бірімен сирек сөйлесетіні жасырын емес.

Ал біздің отбасымызда әркез үйлесімділік пен тыныштық орнап тұрады. Біздің үйде шаттыққа толы күлкі жиі естілетіні мені қуантады. Өйткені мен үшін жаныма жақын жандардың әрқашан жымиып жүргенін көру – бақыт. Егер отбасы мүшелерінің бірінде әлдеқандай қиындық болып жатса, біз мәселені бірге шешеміз, кеңес береміз және бір-бірімізді қолдаймыз. Мереке күндері біз киноға немесе ойын-сауық орталықтарына барамыз, ал кешке жиналғанда күнімізді қорытындылауға бірге атсалысамыз.

«Қарты бар үйдің қазынасы бары» рас. Осының бәрі отбасымыздың тірегіне айналған асыл әжемнің бағыты мен тәрбиесінен деп білемін. Ол бізге әркез ақылын айтып, кез келген жағдайда демеп отырады. Мейірімге толы көздері мен жылы сөздері арқылы бүкіл отбасымызға демеу болады. Ұрпақты ұялы телефон тәрбиелеген қазіргі заманда әже тәрбиесін көрудің өзі бақыт дер едім. Отбасым – нағыз бақыт мекені!

Біздің отбасымызда әрдайым бейбітшілік пен тыныштық, өзара түсіністік орныққан. Соның нәтижесінде отбасы мүшелері бір-бірін құрметтеп, қадірлеп, сыйласып тұрады. Және осындай отбасында өсіп, тәрбиеленіп келе жатқан мен болашаққа нық қадам басып, ертеңіме үлкен сеніммен қараймын. Мен үшін отбасы – әркез асығып тұратын, еріксіз тартып тұратын бақыт мекені. Туғандарым мен жақындарым мені әрдайым күтетініне және жақсы көретініне күмәнім жоқ. Сол себепті менің отбасым – менің тірегім, менің қамалым деп ойымды аяқтағым келеді.

Көркем Шеңгелбай,
№147 орта мектептің
11-сынып оқушысы,
Бесарық ауылы
04 ақпан 2023 ж. 4 474 0