Адалдықтан айнымаған ардақты ана
Балауса балғындардың тәрбие ордасы балабақшада тәрбиешілердің жұмысынан бөлек өзге мамандардың жұмысы да бар. Сондай жұмыстың басы-қасында жүретін шараушылық меңгерушілері балаға жайлы, жылы орта қалыптастырады. Сапалы, құнарлы тамақтануын қадағалап, тазалық жұмысын қалыптастырады. Осынау жауапты жұмысты қырық жыл бойы атқарған Айткүл Ахмедованың өнегелі өмір жолы бүгінгі мақаламызға арқау болды.
Басылым редакторының тапсырмасымен сала ардагерінің шаңырағында болып, сұхбаттасудың сәті түсті. Қолымызға қаламымыз бен қойындәптерімізді алып, бала бағбаны болып зейнетке шыққан ақ жаулықты әжеге сәлем беріп, жұмсақ орындыққа жайғастық.
Әңгімеміздің басы балалықтың балдәурені, өскен орта, ата-ана жайында болды.
– Ата-анам қарапайым жандар болатын. Әкем Әнеш – Ұлы Отан соғысына қатысқан, өмір бойы мал баққан кісі. Қалжан ахун ауылының маңында «Қараман ағаш» деген жерде шиіттей бала шағамен отырды. Анам Ізімкүл Жарылқасынқызы – он құрсақ көтерген ана. Тоғызымызды өсіріп, жетілдірді. Үш ұл, қалғанымыз – қыз баламыз. Апалы-сіңлілілер анамызға сиыр саууға көмектесетінбіз. Отырған жерімізден бірнеше шақырым жердегі ауылдағы мектепке бес қыз жаяу қатынаймыз. Күннің суығында да бір-бірімізді жетектеп, Қалжан ахун ауылындағы мектепке келетінбіз. Күніне отыз сиыр сауатын кездеріміз де болды. Қазір қарап отырсам, ағарғанды үлгерту, күніне бірнеше күбі айран пісу, құрт жаюды бізге анамыз үйретті. Әбден еңбек етуге ысылып өстік. Кейін аудан орталығындағы №35 орта мектепке оқуға келдік. Сонда өзіме құрбы-құрдас таптым. Қазір самайымызды қырау шалса да, сол құрбыларыммен туысқандай араласып тұрамыз, – дейді балалық шаққа көз тастаған Айткүл Әнешқызы.
Өрімдей қазақтың қара қызы 19 жасында Тереңөзектің шешен ұлтының жігіті Хамзатқа тұрмысқа шығады. Баласының бұл таңдауын анасы Замза да қуана қолдайды. Ал Айткүл апа өзге ұлтпен көңіл жарасуын «басыма түскен бағым деп қабылдаймын» деп, ақ босағаны аттайды. Түрі басқа болғанымен жүрегі бір, тілі басқа болғанымен қазақтың шұрайлы тілінде сөйлейтін отбасыға келін болып түскен жас қыз өзге ұлттың дәстүрін үйреніп, сіңісе бастайды.
Жас отбасының алтын қазығы ардақты енесі келінін қатарынан қалдырмай, жұмысқа шығуына қарсылық білдірмейді. Екі қолға бір жұмыс деп, сәті түсіп, 1982 жылы кенттегі №2 балабақшаға бала күтуші болып еңбек жолын бастайды.
– Аудан орталығында іргесі 1973 жылы қаланған, бұрынғы «Астық қабылдау пунктінің» есебінде болған №2 балабақшаның атауы «Колокольчик» болғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмес. Кейін «Балдәурен» деп қайта аталған балабақшаға жұмысқа орналасып, осында бала күтушіден бастап, аспазшы, кейін шаруашылық меңгерушісі болып, үздіксіз 40 жыл жұмыс істедім. Балабақша жұмысы іркіліп, тоқырауға төтеп бере алмай жабылып та қалды. Ішіндегі дүние-мүлкі кентте сақталып қалған бір-екі балабақшаға берілді. Сонда да болса үмітімізді үзбей, сол кездегі балабақша меңгерушісі болған Гүлмира Алпысбайқызымен ақылдасып, азын-аулақ ыдыс-аяқтарды, төсек орынды сақтап қалдық. 2-3 жыл мүлдем жұмысы тоқтаған балабақшаның қызметкерлері қысқартылды. Бұрынғы әріптесім Айсұлумен бірге декреттік демалыста болғандықтан орным сақталып, қысқартуға ілікпедім. Кейін балабақшаны қайта ашуға сол кездегі білім бөлімінің меңгерушісі Ұ.Жанәлиева көп еңбек сіңірді. Меңгерушілікке Күлжамал Жолдасованы тағайындап, балалардың қайтадан балабақшаға оралуына жағдай жасады. Көз алдымызда жұмысы тоқтаған балабақшаға қайта оралғанымызға қуанып, оның жұмысын үйлестіруге, жоқтан бар жасап, қайта жандануына күні-түні еңбегімізді сіңірдік, – дейді А.Ахмедова.
Талай қиындықты еңсеруге адамға ең алдымен жігер мен іскерлік қабілет керек. Кездескен қиындыққа төтеп беру, одан шығар жол табу еті тірі, өз ісінің маманына қиын соқпады. Үйілген қоқысты трактордың тіркемесімен қолымен тиеп, балабақша айналасын тазартып, ғимараттың іші-сыртын әктеп, балғындардың балабақшаға оралуына атсалысқандардың бірі де бірігейі Айткүл апай десек, артық айтқандық болмас.
«Аузын ашса, жүрегі көрінеді» деген сөз бар қазақта. Шын мәнінде ақкөңіл, айналасына мейірім шуағын төгіп жүретін жақсы адамдардың қатарындағы Айткүл Ахмедова – болмысы бөлек жан. Шаршап-шалдығуды білмейтін, жастарға да ақыл-кеңесін аямайтын тәжірибелі маман қиын-қыстау кезінде көмір кезегінде тұрып, балабақшаның ішін жылытуға атсалысқаны бүгінде келмеске кетті.
– Қыстың көзі қырауда көмір қоры тапшы, «ауданға көмір келеді» дегеннен бастап кезекке тұрамыз. Таңертеңнен бастап, күн батқанға дейін тоңсақ та көмірді алып қайтқанымызға мәз боламыз. Жұмысымыздың жүргеніне, балалардың жағдайын жасағанымызға, ғимараттың іші жылы тұрғанына қуанатынбыз. Көп жыл күрделі жөндеу көрмеген балабақша ғимаратына бастан-аяқ жөндеу жүреді дегенде қуанғаннан жүрегіміз жарыла жаздады. Іргетасынан бастап, іші-сырты, шатыры толық ауыстырылды. Бұрын-соңды түсімізге де кірмейтін кәріз жүйесі тартылып, тазалық бөлмесі жасалды, балалардың әжетханасы ішке кіргізілді. Іші-сырты әппақ, жиһаздары да жаңа, құрал-жабдықтардың барлығы сақадай сай болды. Міне, осындай тарихи сәтте ұжыммен бірге болғанымды, ұзақ жылғы еңбегімнің зая кетпегеніне шүкіршілік еттім. Балаларымыз келген балабақшаға енді немерелеріміз келді. Әріптестеріммен қиын жағдайда да, қуанышты кезде де бірге болдық. Бұрынғы балабақша меңгерушісі Күлжамал Жолдасованың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Зейнеткерлікке шықсам да еңбегімді бағалап, бірнеше жыл жұмыс істеуіме мүмкіндік берген қазіргі басшы Ақанай Шохановаға да айтар алғысым мол, – дейді бүгінде зейнет демалысындағы ардақты әже.
Адамның адамшылығы жақсы жолдастан, айналасындағы жақсы адамнан деп бекер айтылмаса керек. Айткүл апа мен оның өмірлік серігі Хамзат ағаның жанынан жақсы жолдас табылды. Бала кезінен бірге өскен құрбылары Сәуле Ерімбет, Сапура Матыбаева, Роза Досжанова, Жанат Жансейітова, Жұмакүл Бекмағамбетова, Жанат Назарбаева – мықты жолдас, айнымас достар. Олардың жолдастығына осы күні қызыға қарайтындардың қатары қалың.
– Құдайға шүкір, бір қыз, екі ұл өсірдік. Үлкенім – Роза, күйеубалам Қайратпен Қызылордада тұрады, ұл мен қызы бар. Сұлтаным мен келінім Зульфия 3 немере сүйгізіп отыр. Қолымыздағы кенже ұлымыз Тұрмағамбет пен келінім Мәншүк те 2 немере сүйгізді. Өмірлік серігім Хамзат 30 жылдан бері бал арасын асырайды. Омарташылықпен айналысып, мал бағып қысы-жазы еңбектен қол үзбейді, – дейді бақытты ана.
Бақытын отбасынан, жасаған жұмысынан тапқан ана өнегелі өмірдің иесі атанды. Ене бағып, келіндерге үлгі болды. Батасын алды, көгеріп-көктеді. Ұзақ жылғы табан аудармастан жасаған еңбегі лайықты бағасын алды. Әр жылдары басшылық тарапынан берілген марапат пен алғыс хат, «Сырдария ауданының құрылғанына 90 жылдық» мерекелік медаль мен жақында ғана табысталған «Ел құрметі» медалі ұзақ жылғы еңбегінің жемісі.
Саналы ғұмырын ақ адал еңбекке арнап, маңдай терімен бала-шағасын асырап, дана келін, жақсы ана, салихалы әже атанып отырған Айткүл апайға ұзақ ғұмыр тілейміз.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ