Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кибербуллинг: Депутаттық сауалдың жартысы ғана орындалған

Кибербуллинг: Депутаттық сауалдың жартысы ғана орындалған

Бүгін Қызылордада өткен «Отбасы – тәрбие бесігі» атты бірлескен кеңесте мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы елімізде кибербуллингке ұшырағандардың көбісі 11-16 жас аралығындағы жасөспірімдер екенін айтты, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz. 

«Жаңа технология ғасырында біздің санамызға бойлап кіріп, миымызды улап жатқан боуллинг, моббинг, кибербуллинг, хейзинг сияқты бұрын-соңды естімеген сөздерге етіміз де, құлағымызды үйреніп кетті. Мұның барлығы да әлеуметтік желілер арқылы қорлау, қорқыту, мазақтау және қудалау. Бүгінде жалғанның жетегінде кеткен жастардың басым көпшілігін осы кибершабуылдың құрбаны деп санауға болады. Алайда зардап шеккендер мен олардың қорғаушылары негізінен 11-16 жас аралығындағы жасөспірімдер, олар біздің еліміз бойынша 12 пайызды құрайды. Дәл қазіргі қоғам үшін адам құқықтарын, оның ішінде балалардың құқықтарын қорғау, кибербуллингтен сақтау аса маңызды», - деді Мұрат Бақтиярұлы. 

Қоғам қайраткері өз сөзінде, көптеген елдерде интернет платформаларының қауіпсіздік деңгейін арттыру, кибербуллингтен қорғау мақсатында тиісті заңдар қабылданғанын айтты. 

«Германияда кибербуллинг ұйымдастырған азаматтар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бізде осы мәселеге қатысты 17 сенатор 2020 жылы кибербуллингке қарсы заңды күшейтуге қатысты Үкіметке депутаттық сауал жолдаған болатынбыз. Өкінішке орай, көптеген себептерге байланысты ол депутаттық сауалдың жартысы ғана орындалды. Осы жиыннан соң кибербуллингке қатысты заңды күшейту бойынша Сенат депутаттарына хат жолдауға болады. Мәселені қайта қарап, көтеруге артық етпейді», - деді Мұрат Бақтиярұлы. 
01 ақпан 2023 ж. 144 0