Арамдықтың ақыры
Қара есекке теріс мінгізуге әкеліп соқтыратын кей адамның ниеті мен іс-әрекеті кісі шошырлық келетіні рас. Азғындық пен арамдық қасиетімен маңайына жан баласын жуытпаған одан ешкім жақсылық күтпесі анық. Үнемі өздігінен кесапаттық пен қулық-сұмдық ойластырып жүретін оның адами болмысынан жақын-жуығы жиіркеніп кеткен. Негізінде, айлакерлікті жаны сүйетін Шалкиіз біреуге жақсылық жасапты дегенді дүйім ел мүлдем естімеген болар.
Қай кезде де, жол үстінде жүретін Шалкиіз – жүк көлігінің жүргізушісі. Айлап-жылдап бірнеше үлкен қалаға баруы үшін жолға шығатын ол ешқашан қасына серік, соңына қол ертпейді. Талай мәрте өзі секілді жүргізуші біткен бірлесіп жұмыс жасауға шақырған. Бірде-бір ұсынысқа келіспегенінің себебі – тапқан табысы бөліске түспеу керек. Сондықтан, алыс жолды жалғыз өзі тоздырудан жалықпайды. Ақтүтек боран мен шіліңгір шілденің ыстығында үй көрместен, жүк көлігін айдаудан беті қайтпайды. Қайта көп ақша тапқан сайын пәтшағардың араны ашыла түсетіні бар.
Қым-қуыт тіршіліктің қамымен жолға шығатын жандар сан түрлі жағдайға тап болуы бек мүмкін. Бүрсең қаққан талай адамды кезіктіретін Шалкиіз көлігін тоқтатып, оларды алып кетуге ниет танытпайды. Өйткені жолаушымен жүру ол үшін артық қиындық тудыратын секілді көрінеді. Өткенде дәмханадан ауқаттанып келе жатып, қарт кісіні жолықтырып қалған еді. Көлігін оталдырып жатқан Шалкиізге жетпіске таяған қария қала орталығына дейін алып кетуді өтінген болатын.
– Ауылдан шыққан мезеттен осы жерге дейін екі көлікпен жетіп едім балам. Қаланың орталығына шұғыл бару керек болып тұр. Межелеген жеріме ала кетесің бе?
– Көкесі, мына самсаған көліктің ішінен мені тапқаныңызға жол болсын! Ренжіме мен басқа жолмен кетемін, – деген жүк көлігінің иесі есікті тарс жапты. Артына қарайламастан айналаны шаңдатқан шофер көздеген бағытына қарай бет түзеді. Қалаға жетем дегенше Шалкиіздің ауызы бір жабылмай, күңкілдеумен болды.
– Осы ғой жолда жүрсең, шал-кемпір біткен балағыңа жабыса кетеді. Баласы барлар да, аяққа оралғы болатынын қайтерсің. Одан қалды жол үстінде көлігі бұзылған жандар көмек сұрайтыны тағы бар. Олардың соңдарынан жүретін жарты минут та уақытым жоқ.
Осылайша, жолаушыларға өкпесін айтып тауыса алмаған жүргізуші қала ішіне түн ауа кірді.
***
Бірнеше күн жүріп, екі ортаның жолынан әбден шаршаған Шалкиіз бұл жолы туған нағашысының үйіне баруды ұйғарды. Көбіне ол – жалдамалы пәтер мен қонақ үйге орналасатын еді. Қолында сынық кәмпиті жоқ жиенді суық қарсы алған бәйбіше кешкі астан қалған тамақты жылытып алдына қойған. Төрде отырған нағашысы Сәтпай жиеннен жөн сұрасып отыр.
– Ауыл-ел аман ба, бала-шағаң қалай?
– Жақсымыз, көке! Балалар сабағында, Сұлушаш үйде. «Бөрі азығы мен ер азығы жолда» демекші, өзіңіз отырған қарашаңыраққа бас сұғып, сәлем бере кетейін деген ой болатын менікі.
– Жә, дұрыс болған екен. Қаладан сатып алған үйіңді жалдамалы пәтер ретінде жас отбасыға бергендігіңді естідім. Одан 10 жылдан бері қалада пәтер жағалап жүрген Досымға бермеймісің.
– Көке, қатыны қырық рет төркініне барып-қайтатын санасыздың өзіне сол керек. Бір жеріне қарамастан құмар ойын ойнайды. Айта-айта шаршадым. Оның үстіне 5 баласымен үйімді тоздырып жібереді. Есесіне өзгеге жалға беріп, пұл қылайын. Күннен-күнге пәтер бағасы өсуде.
– Туған бауырға қайырымды болу керек. Олай жасауға болмайды. Біреуден алған 150 мың теңге саған құт болып жабыспасы мәлім.
– Нағашеке, мен осындай дәрежеге жету үшін қаншама уақыт отбасымнан жырақ жүруге тура келді. Дайын асқа тік қасық болған адамды жек көремін. Мейлі, жұрт арам дей берсін мені. Жұрттың көмегінсіз өмір сүре аламын.
Нағашылы-жиен ұзақ әңгімелескенімен, ортақ түсіністік таба алмады. Расында, Шалкиіз сөз ұғатын адам ба?!
***
Жалпы, Шалкиіз көлік жүргізуді мектеп оқып жүргенде меңгеріп алған. Бейнеткеш жүргізуші ел қатарлы мал бақты, кәсіппен айналысты. Жиған-терген қолдағы қаражатына жүк көлігін сатып алды. Ауылдағы ағайынның дүниесін қалаға жеткізіп беріп, қайтар жолда 2 жыл бұрын ашылған дүкеніне заттар алып қайтады. Үй шаруасын дөңгелетіп отырған пысықай қатыны қолына шұбатылған тізімді ұстатып жібереді. Ұйқысынан ерте оянған жүргізуші ешнәрсеге қарамастан, тізімдегі заттарды алу үшін сауда нүктесіне қарай зулайды. Көпшіліктің қасында мінсіз болып көрінуге тырысатын қырықтағы жігітті қаладағы саудагердің бәрі жақсы танып алған. Осыған дейін талай мәрте зыттыбайлыққа салынып, сатып алған затының ақшасын саудагерге дұрыс бермей кететін. Кезекті рет тауарды саудаласу барысында жарықтықтың желкесін қия жаздаған саудагермен болған оқиға ел есінде.
Ашығын айтқанда, дүкені үшін 500 мың теңгеге сауда жасаған Шалкиіз тауардың ақысын төлер кезде 50 мың теңге кем берген. Бір бума ақшаны сатушының қолына ұстата салып ол – теріс бұрылып кете барды. Алаяқтыққа барған оны тоқтатқан тауар иесінің жан дауысы шыққандығын ел естіді.
– Шырағым, мына ақшаның 50 мың теңгесі қайда?
– Апасы тауардың ақысын тура санап берген едім.
– Аппақ қудай шашыммен мен саған өтірік айтамын ба?
– Қайдағыны айтып, жаланы маған жаппаңыз.
– Мен, ақ адал еңбегімнің ақшасын сұрап тұрмын.
– Басымды қатырмаңыз. Ақшаны дұрыс санай алмасаңыз, базарда тұрмаңыз, – деген жігітті саудагер ананың баласы жерге алып ұрды. Ашуға булыққан зіңгіттей жігіт кеңірдегінен қыса жөнелген жүргізушіні бір мезетке жіберер емес. Ауа жетпей демі тарылған Шалкиіз қалтасындағы 50 мың теңгені саудагерге ұстата салып, көлігіне әрең мінді. Алаяқтыққа бармас бұрын жасаған ісінің байыбына көз жеткізбеген ол ешбір өкінген жоқ. Базардағы саудагерлер санасына ақыл кірмейтін оған аяныш білдірген жоқ. Негізінен, өзіне сол керек.
***
Соңғы уақытта орын алған оқиғалардан кейін Шалкиіздің жылдар бойы жолы кесіле берді. Заматында күре жолдың бойында пысқырып та қарамаған жолаушылардың назы өтті ме, білмейтін. Қырсықтыққа тап болған қыңыр кісінің бұрынғыша саудасы жүрмеді. Жүк көлігі қайта-қайта бұзылып, жүруден қалды. Құтхана мешіті үйіне айлар бойы жарытып кіріс кірмегендіктен, тойға, ойын-сауыққа баруды тыйып тастады. Мектептен тамақ ішеді деген желеумен балаларына бір тиын бергізбей қойды. Дүкеннен түсетін күнделікті табыстың есебін шығарып, түскен қаражатты өзі ұстайды. Тіпті, қарыз сұраған адамға зат берілмейді. Сұлушаш жоқ-жітімге болысып, жәрдемдесе қалса, сол күні үйде айқай шығады.
– Сен осы жұртты жарылқап қолындағы барыңды бересің. Солар саған бірдеңе бөліп бере ме? Жылағанда етектері толады. Осы күні біреуді жарылқайтын заман емес.
– Кезінде жыртық киізбен осы үйге келген кезімізде көршілер аяқтан тұруға жәрдемдесті. Бар жақсылықты ұмытпауға тиіспін. Үйімде дым жоқ кезде осылардан бір күн тұз сұрап, бір күн нан сұрап жүретінім есімнен шықпайды.
– Қатын, жап ауызыңды, қырық жылғыны айтып қақылдай бермей. Осы үйдегі бір затты орнынан қозғайтын болсаң, менен жақсылық күтпе.
Сараңдықтан таймайтын байына сөз өткізе алмаған Сұлушаш қаланың қызы. Шалкиіз екі ортаның жолын тоздырып жүріп, алған қатыны жоғары білімді. Экономист мамандығы бойынша жұмыс жасағысы келгенімен, үйдегі отағасының бұйрығы басым болды. Қазіргі уақытта 4 баланың анасы болған отанасы көршімен де мүлдем араласпайды. Өйткені, некелі жарының ығынан шыға алмайды.
***
Расында, арамға да, адалға да жер бетінде өмір сүруге мүмкіндік теңдей берілген. Ертеректе Шалкиіз немере ағасының баласы үйленіп жатқанда союға өгізше сұрағанда бермеген еді. Тек пайданы ғана ойлайтын жүргізушінің малы сүзектен қырылып қалды. Алаңсыз картаға салынған інісінің қарызын өтеу үшін жүк көлігін сатуға тура келген. Әкеден мейірім көрмеген балалар ауылдағы үйді тастап қалаға кетті. «Өзім, тек өзім» деп көкірегін ұратын отағасы үлкен үйде әйелімен өзі қалды. Ағайын мен баланың қадірін білмеген, құр байлықтың соңына түскен ол – кәрілікке жетіп бақилыққа аттанса, жұмаққа баруды ойлап жатты. Бірақ, арамдықтың ақыры болар, қара жер оны қабылдамапты.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ