Тегін дәрі-дәрмек кімдерге тиесілі?
Елімізде белгіленген санат бойынша кейбір азаматтар тегін медициналық көмек алып, дәрілік заттармен қамтамасыз етіледі. Нақты диагнозы бойынша дәрілерді тегін және жеңілдікпен алуға мүмкіндігі бар. Мемлекет тарапынан бөлінетін тегін дәрі-дәрмек диспансерлік есепте тұратын науқастарға беріледі.
Аудандық емханадан, амбулаториялық деңгейде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде 54 ауру қарастырылған. Ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша 127 ауру түрі тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.
Атап айтатын болсақ, жүректің ишемиялық ауруы, артериялық гипертензия, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі, артимия, бронх демікпесі, Covid-19 короновирустық инфекциясы, созылмалы вирустық С, В гепатиті, асқазан және 12 елі ішектің ойық жарасы, аутоиммунды аурулар және иммун тапшылығы жағдайлары бар.
Және жедел лимфобластикалық лейкимия, созылмалы миелоидты лейкемия, қант диабеті, муковисцидоз, ревматоидты артрит, жүйелі қызыл жегі, жүйелі склероз, шашыранды склероз, церебральды сал ауруы, эпилепсия, туберкулез, онкологиялық аурулар, туа біткен жалпыланған Берардинелли-Сейптің липодистрофиясы, омыртқаның бұлшықет атрофиясы, нейробластома және т.б.
Сонымен қатар ағзалар мен тіндерді ауыстыру операциясынан кейін несеп-жыныс жолдарында кездесетін аурулар алады. Қант диабетімен ауыратын науқастарға қосымша медициналық мақсаттағы бұйымдар: қалам-шприцке арналған инелер, нәжістегі кетондық денелерге арналған тест жолақшалар, инсулинге арналған таңбаланған бір реттік шприцтер, қандағы глюкоза мөлшерін анықтайтын тест жолақтары тегін беріледі.
Дәрі-дәрмекті алу үшін науқас өзінің учаскелік дәрігеріне жүгінуі қажет. Дәрігер науқасқа оның медициналық көрсеткіштері және қажеттілік болған жағдайда дәрі-дәрмекке рецепт жазып береді.
– Белгілі бір ауруға шалдығуына байланысты диспансерлік есепте тұратын азаматтар тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Ең алдымен, науқас емханаға тіркелу керек. Содан соң зертханалық және тиісті тексерулерден өткеннен кейін, диагнозы расталған соң диспансерлік есепке алынады. Науқасты емдейтін аймақтық дәрігер науқасқа тағайындалған дәрілік затқа рецепт береді. Рецепт арқылы, науқас жеке басын куәлан-дыратын құжатын көрсетіп, емханада тегін дәрілік заттар босататын дәріханадан алып, қамтамасыз етіледі. Айта кету керек, амбулаторлық деңгейде қамтамасыз етуге берілетін тегін дәрілер халықаралық патенттелмеген атаулармен сатып алынады. Мысалы, халықаралық патенттелмеген атауы – ацетилсалицил қышқылы болса, тауарлық атаулары – тромбопол немесе ас-тромбин, – дейді бас дәрігердің бастапқы медициналық санитариялық көмек жөніндегі орынбасары Жанар Жұмабаева.
Аудандық аурухананың дәріхана меңгерушісі, провизор Бақыт Шакированың айтуынша жыл сайын үшінші тоқсанда аудан науқастарын уақытылы дәрілік заттармен қамтамасыз ету мақсатында дәрілік заттарға алдын ала өтінімдер жиналады. Жауапты дәрігерлермен науқастардың жекелеген аурулары және жай-күйлері бойынша бір жылға әзірленген науқастардың дәрілік заттарына қажеттілік көлемдері бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» ЖШС-нің ЕФИС порталына салынады. Мәселен ауданға 2022 жылға 272 миллион 977 мың теңге көлемінде лимит берілген. Осы қаржы көлеміне сәйкес бірыңғай дистрибьютор «СК Фармация» ЖШС-на тапсырыс берілді. Қазір өте тиімді бірыңғай дистрибьютордың ЕФИС деп аталатын бағдарлама арқылы жұмыс жүргізіледі. Дәрілер ай сайын кестеге сәйкес жеткізіледі. Келген дәрілер уақытылы қабылданады, ол арнайы емхана жанындағы дәріханадан босатылады. Аудандық емхананың кіреберісінен бастап арнайы бағдарлы белгімен дәріханаға баратын жол көрсетілген. Сол арқылы науқас дәріхананы жылдам тауып бара алады. Емхана ғимаратының бірінші қабатында халыққа көрінетін жерде тегін босатылатын дәрілік заттардың тізімі ілінген. Қаңтар айынан бастап емхана дәріханасына нақты сатып алынған дәрілер жеткізіліп, науқастар дәрілерімен қамтамасыз етіле бастайды.
«СК Фармацияның» бағдарламасына сәйкес жаңадан тіркелген науқастардың ауру түрлеріне байланысты науқастарға дәрілер қажет болған жағдайларда, науқастардың жаңадан тіркелгендігі туралы мәліметтер, дәрігерлік тағайындаулары облыстық денсаулық сақтау басқармасы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жолданады. Қосымша өтінімдерге келісім алысымен, тез арада дәрілік заттарға тапсырыстар порталға енгізіліп, көп ұзамай дәрілер жеткізіліп, науқастар уақытында қамтамасыз етіледі.
Айта кету керек, ауруды емдеу және диагностиканың клиникалық хаттамаларына сәйкес, науқас медициналық қызметті жедел жәрдемнен, тәулікті және күндізгі стационардан алған жағдайда дәрі-дәрмек тегін беріледі.
Бибісара ЖАНӘЛІ