Еркелетіп, еркін өсірген сәкендіктерім
Бір мақалды жиі айтамыз. «Үлкен дәрежедегі орынбасар болғанша, шағын дәрежедегі дара басшы бол» деген. Қағида өте орынды айтылған. «Кім би болғысы келмейді, билігі жүрмейді, кім хан болғысы келмейді – халқы қаламайды», деген тағы барғой. Жеке дара басшы болу айтуға оңай болғанымен, жауапкершілігі өте жоғары, ауыр да қиын қызмет. Осы С.Сейфуллин атындағы шаруашылыққа директор болып келерге дейін он бес жыл ат бағып, арба айдап, тракторист, комбайнер болып, сатылап шаруашылық, аудан, облыс деңгейінде басшылардың бірінші орынбасары қызметтерін ойдағыдай атқарып абырой жинап, тәжірибе алған, жас та толықсып өмірден пісіп жетілген шақта кеңшар басшысы болу жауапкершілігі мойынға ілінді. Қаншама бұлқынып, қашқалақтағанмен мойынға бұғау салынды. Алғашқы ұйқысыз, күлкісіз талай толғанысты, беймаза күндер өтті бастан.
Қазақ «жақсы үйге түскен келін – келін, жаман үйге түскен келін – келсап» – дейді. Оның үстіне «бір жер ер азаматтың бағын қырық жыл сақтайды» деген тағы бар. Мен сондай жақсы ауылға түстім, құтты бағымды сақтаған жерге келдім. Құлашын жая қарсы алған елге, қабағын ашық халықтың құшағына ендім.
Ел бақытты болса – басшы бақытты. Бұл қағиданы ешкім екі жарып, ажырата алмас. Халықтың көңілінен шықтық, жердің судың тілін таптық, үйлесімді қызмет жасадық. Желіміз оңынан тұрды, халық беделге бөленді. Шаруашылық алғаш құрылған күннен бастап бәйгенің алдында болды. Бұндай табысты көрсеткіштер бір адамның қолынан келе бермейді. Барлық істі атқаратын да, абыройға жеткізетін де халық. Көпшіліктің алмас қамалы жоқ. Сондықтан да өзім риза болған кейбір жұмыстарға арнайы тоқталып өткенді жөн көрдім.
Облыстың абыз ақсақалы Сейілбек Шаухаманов әрдайым айтатын: «Жақайдың бастықтардан аузының салымы бар» – деп. Шынымен де қай салада, қай жұмыста, қандай жағдай болмасын мені басшылар қолдап, демеп, қамқорлығына алып, жолымды ашып отырды. Осындай басшының бірі Қонысбек Қазантаев мені осы шаруашылықты басқаруға өзі қолдап алғашқы күннен бастап қамқорлығына алды. Аудан активистерінің басын қосып, кеңейтілген бюро мәжілісін өткізіп, алғашқы бір жетіде менің шаруашылық жайлы қойған барлық мәселелерімді оңтайлы шешіп берді. Патрбюро, аудандық кеңес мүшелері, лауазымы жоғары аудандық мекеме басшыларына «бір де бірің Жақайға кадр орналастыруына араласпаңдар, өз таңдауына кедергі жасамаңдар», – деп қатаң тапсырма берді.
Кеңшардың келешегін, халықтың ауызбіршілігін ойлап партия комитетінің хатшылығына Қарсақбай Ибрагимовты, ауылдық кеңес атқару комитетіне Әлдібай Қайрбергеновты, кәсіподағын басқаруға Есназаровты отырғызды.
Мен өзім адал, таза еңбек ететін, өз ісінің білікті маманы, абыройлы жұмыс жасап жүрген мамандарды іздестіріп, тауып орналастырдым.
Бас агрономдық жұмысқа аудандық ауылшаруашылық басқармасының бас агрономы Сәтбай Нұрымовты, бас зоотехникке облыстық ауылшаруашылық басқармасының зоотехнигі Прмахан Ізімбетовты, бас инженер-механикке Шағандағы ірі күріш кеңшарының машина-трактор ауласының меңгерушісі Төлеп Махановты, бас мал дәрігерлергіне аудандық мал дәрігерлік станциясының аға дәрігері Батырхан Наурызбаев, Қайрбек Жүсіпті, бас прораб қызметіне аудандық ПМК мекемесінің прорабы Сағат Ибраевты, ферма меңгерушілігіне Отан соғысының ардагері бұрын колхоз бастығы, көп жыл ферма меңгерушісі болған Арғынбай Сырғабаевты, бас есепшілікке Бақытбек Ділдабаевты отырғыздым.
Бұл азаматтардың барлығы да өмірде шыңдалған өз ісінің білікті маманы, таза қызмет жасайтын, елдің, халықтың сеніміне ие болған, бір-бір шаруашылыққа еге болардай болымды кісілер еді. Өздерінің жауапты, абыройлы, келешегі мол қызметтерін тастап, мені қалап, бірге еңбек етуге келіскен болатын. Міне, осындай атпал азаматтармен тіптен аудан басқаруға да болатын еді. Кадр жасақтаудан қателеспедік, алты жыл бірге қызмет істеп, зор абыройға ие болдық. Мен өзімді осындай абзал азаматтармен жұмыс жасағаныма бақыттымын деп есептеймін.
Ерекше бір айта кететін жағдай, шаруашылықта жұмыс қолы жетімсіз болды. Осындай ауыртпалықты ахуалға байланысты барлық мамандар, өндіріс бригадирлері, орта буын кадрлар қызметімен есептеспей, қолдарына кетпен, айырын алып, жұмысшылармен араласып еңбек етті. Менің жұмысым, сенің жұмысың, немесе менің міндетім, сенің міндетін деген дәлелдер, атқарылатын істен бас тартулар болған жоқ. Бақташылар, сауыншылар, ертелі-кеш өз міндеттерін атқарып, күндіз мал азығын дайындау, қорасын жөндеумен, ал кеңсе қызметкерлері шаруашылықтың барлық салаларына қатысты еңбек етті. Бұндай жұмыстарға тек қана кеңшар қызметкерлері емес мектеп, мәдениет үйі, балабақша, дәрігерлер де араласып мал азығын дайындау, мал қорасын жөндеу, егін жинау науқандарына бірлесіп белсенділікпен атсалысты.
Апталап жазғы жайлауда жатты, мал сауу жұмыстырына қатысты кеңсе қызметкерлері, мектептің педагогикалық ұжымдары, коллективтері, балабақша тәрбиешілері, мәдениет қызметкерлері сауыншылардың жетіспеуіне байланысты 15 қыз-келіншектен кезектесіп, 15-20 күннен жазғы сауынға қатысты, шаруашылқта күніне 7000 литрге дейін сүт өндіруге өз үлестерін қосты.
Шаруашылықта бақташы Хамит Ақбергенов әр аналықтан баспа-бас төл берсе, Исаев Талапбек, Мығымбаев Рсмахан, Смайлов Әміржан, Естияров Сағындық, Есекеев Әкімсал, Қожабаев Орынбасар, Жұмақожаев Мамандар мал басын аман сақтап, жоспарлы төл алып, еңбек үлгісін көрсетті. Тыным Сейделов әр жүз биеден 102-ден, Әбдібек Өтегенов жылма жыл әр жүз биеден 100 құлын беріп отырды. Бірде-бір бас жылқының шығын болуына жол бермеді.
Сауыншылар Бәтес Исаева, Роза Ерғалиева, Бақыт Қожабаева, Дәмелі Шакирова, күніне 300-500 литр сүтті қолмен сауып өндіріп отырды.
Механизатор Петро (украиндық азамат) тарктордан түспей кабинасында ұйықтап, күніне 15-20 гектарға дейін жер жыртты. Жұмыс басына, трактор ішіндегі Петроға аспазшы Бақыт Ерғалиева жуанатын, суын, төрт мезгіл тамағын жеткізіп беріп отыратын.
– Мал фермасындағы изолятор бақташысы Дүкенбай Томашев ферма бойынша нашар малды жинақтап, оларға қара бидай ұнынан қамыр ашытып беріп, барлық күтім шарасын жасап, малдың аман сақталуын қамтамасыз етті.
– Турабай Шакиров сырттан келген, жер жағдайына бейімделмеген асыл тұқымды қашарларды Шәкір ақсақалдың тәжірибесімен қара бидай ұнынан ашытпа жасап су орнына беріп, ерекше күтімге алып, аман-есен бұзаулатып алды.
– Сауын малдарына жем-шөптің жетіспеуіне байланысты күріш сабанын турап, оған жем, макро-микроэлементтер қосып арнайы тележкада қазандықтың буымен балқытып, уақытпен санаспай, қыстың қақаған суығында осылайша сауын сиырын жасанды қоспа сүрлемімен қамтамасыз етіп еңбек еткен Вдовин Семенның қажыр-қайраты тым ерекше.
Осы кітаптағы «Шабындықтағы шайқас» деген мақалада жазылғандай, ауыл азаматтарының 22 сағат бойы ұйқысыз, үзіліссіз, демалыссыз атақарған істері адам таңғаларлықтай, естен кетпес 22 сағат бойы аяғын бүкпей, түрегеліп тұрып, сусын, тамағын жұмыс үстінде ішіп, бір ауыз сөз қайтармай беріле, жан-тәнімен, қол жұмысын атқару ешқашан да, еш жерде, ешқандай қоғамда болмаған-ақ болар. Олар: Прмахан Ізімбетов, Арғынбай Сырғабаев, Сәтбай Нұрымов, Сарман Меңлібаев, Төлеп Мыханов, Қыдырбай Сәбит, Әбдіғаппар Абдуллаев, Итемір Фазылов, Есенбай Асанов, Қалыбаев Сақыбай, Орынбай Арушаев, Сейілхан Ермағанбетов, Сәрсен Созақбаев, Нұрислам Маликов, Қайрбек Әбдіқайыров, Жаппабай Жүнісов, мал қорасында түн ұйқысын төрт бөліп келген, жем-шөптерді тоқтаусыз түсіріп, жинап тұрған қызметкерлер Ибрагимов Қарсақбай, Қайрбергенов Әлдібай, Ділдабаев Бақытбек, Әбдікәрімова Үмбігүлсім, Ұзақова Күләш, Досмырзаева Айнаш, Ұйқасбаева Жамал, Әбдіреев Орысбай, Серікқызы Қалдыгүл, Серікқызы Сәрсенкүл, Болысбаева Оразкүл, Әбсадықова Ғалия және басқа да азаматтар. Міне, осындай асыл адамдардың арқасында қоғам өсіп, өркендеп дамуда.
Айта берсе Сәкендіктердің ерлігі көп. Қысқы мал азығын дайындауда шабындықтың болмауына байланысты Қармақшы ауданының Қарақұм мал жайылымындағы «Мыңбұлақ» жерінен бұлақ суын бұрып, шөп шабуға тура келді. Шаруашылық орталығынан 250 шақырым жердегі бұлақ басына шөпшілер көшіріліп, техника жеткізілді. Айлап басында жатып шөп дайындалды. Екі тіркемеге 1000 дана пресс тиеп алып, К-700 тракторы, елсіз, панасыз, сусыз, жолсыз жермен 20-22 сағат бойы тоқтамай жүріп ауылға жететін. Бұл жұмыста Прмахан Ізімбетов, Балтабай Қасымов, Сәрсен Созақбаев, Сақыбай Қалыбаев, Байқадам Жетпісбаев, Рашид Садуақасов, Байтүгел Жарауов, Жақсылық Ахметов, аспазшы Әбзелова Күләйша еңбегі ерекше айтуға тұрарлық.
Бірде шөп дайындайтын техниканың бір бөлшегі жарамсыз болып,соны алып келуге Сақыбай «Беларусь» тракторымен түнімен ұйықтамай жол жүріп, ауылға келеді. Үйіне соқпастан МТМ қоймасынан керек затын алып, отбасынан дәм татып, бірер сағат демалып жолға шығарсың деген шешесінің сөзіне құлақ аспай, «жұмыс тоқтап қалды» – деп «Мыңбұлаққа» қарай қайтадан асығыс жолға шығады. Бұл жұмысқа деген адам нанғысыз нағыз шынайы жанашырлық, адалдық, жауапкершілік емес пе?
Шаруашылықта сүт тасу көлігін жүргізуші Әбдәқайров Қайырбек, Прманов Алтынбай Қараөзек бойынан жолсыз 25 шақырым жерден сүт тасып, күніне бас-алты мың литр сүтті күннің ыстық аптабына қарамастан екі мезгіл аудан орталығына сүт зауытына жеткізіп тұрды. Бірде-бір рет сүттің бұзылуына жол бермеді. Жыл бойына азанғы сағат төрттен тұрып түнгі он екіге дейін дамылсыз еңбек ету, сүт құятын ыдыстың тазалығын сақтап, автокөлікті ақаусыз жүргізу кез келген жүргізушінің қолынан келе бермейтін күрделі іс.
...Күріш жинау науқынының қызу кезі. Күндіз комбайннан қырманға күріш жеткізу, түнде қырманнан аудандық астық қабылдау пунктіне астық апару, бар қарқынмен жүріп жатқан абыр-сабыр қарбалас кезең. Түнде қырманда астық қалдырмай аудандық астық қабылдау пунктіне жеткізіп барып демалу керек. Бұл жұмыс кейде азанғы үш-төртке дейін созылады. Осындай күні түнгі сағат үштер кезінде қырманда екі-үш көліктік астық қалған. Түннің қараңғысында жұмыстан қайтқан келіктер жарығынан кімнің келгені белгілі болды. Астық қабылдау пунктінен жаңа оралған Садуақасов Рашид бірер сағат көз іліндіріп алайын деп төсегіне жаңа ғана жатып қалған екен. Есік алдында баласын жайлап әлі жата қоймаған анасы, Асанқызы Өтебике ұлын шақыртуды есітіп, төсекке жаңа жатқан баласына «айналайын балам, директор шақыртып жатқан көрінеді, қажет болғансоң, шақырады ғой, бүгін дем алмай-ақ қой, ертең ретін тауып жұмыс арасында көз шырымын аларсың», деп орнынан қайта тұрғызған еді.
Сәуір айының соңғы күндерінің бірі. Өндіріс бригадирі Баймұратов Аманкелдімен бірге күрішті суға бастыру жағдайын аралап көруге шықсақ, бір кісінің айқайын есіттік. Сол жаққа бұрылып барсақ, атақты күрішшіміз Абдікәрім Асан күріш атызы бұзылып кетіп суды тоқтата алмай үсітіндегі бар киімін тоспа жасап жалғыз өзі киімсіз, жалаңаш сумен арпалысып жатыр екен. Біз дереу көмек жасап, суды тоқтатып, ағын су ығыстырып алып кеткен киімдерін жиыстырып, тонып қалған өзін дала қосына жеткіздік. Дала қосындағы дәрігерге ем-дом жасаттық. Бұл да еңбексүйгіштіктің, халық қамына берілгендіктен өз ісіне жауапкершіліктің жанды да, айқын белгісі емес пе.
Міне, мен алты жыл шаруашылықты басқарғанда осындай азаматтармен жұмыс атқардым. Ауыз бірлігі мол, сыйлас, құрметтес, бір сөзді, үлкенді үлкендей, кішіні кішелей сыйластықта болған, бір-бірін тыңдаған, болмайды, орындалмайды, қойыңызшы деген сөздер сөз лексиконына еңбеген тәрбиелі, көркемді, көсем елді басқарғанмын. Осы жылдар ішінде бірде-бір ауызша не жазбаша шағым көрмедім. Кемсітушілік дау-дамай болмады. Шаруашылықтың барлық мүшелерінің мақсаты, бағыты тек ғана еңбек ету болды. Осы кезеңде бірде-бір рет «Жақа қойшы» – деген сөзді де естімедім. Халықтың елдің үлкен абыройына ие болып, осы жерден бақытымды таптым, өстім, өндім, облыстық ауылшаруашылық басқармасына қызметке көтерілдім. Өмірімнің нағыз өрлеу баспалдығы осы жерден басталды.
Ендігі тілегім осы ауыл, сол кездегі игі сәтімен сабақтастырып, бабалар, аталардың үлгісі жалғасын тапса деймін.
Жақай Бодықбав,
С.Сейфуллин атындағы совхоздың алғашқы директоры