«Өрлеу» сыйлығы кімдерге беріледі?
Жыл сайын ауданның белсенді, шығармашыл, үздік жастарына аудан әкімінің «Өрлеу» жастар сыйлығы беріледі. Биыл да аталған сыйлыққа қатысушылардың қарасы қалың болып, комиссияға 10 аталым бойынша 42 азаматтың құжаты келіп, осы аптада комиссияның қорытынды отырысы ұйымдастырылды.
Аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев төрағалық ететін комиссия мүшелері үміткер азаматарды жеке қабылдап, тиісті сұрақтарын қойып, талапқа сай әңгімелесу кезеңін өткізді. Айта кету керек, комиссияға түрлі себептермен бірқатар үміткер қатысқан жоқ.
Аудан әкімінің жастарға арналған сыйлығы кәсіпкерлік, білім және ғылым, денсаулық сақтау, өнер мен мәдениет, ауыл шаруашылығы, спорт, мемлекеттік қызмет, әскери және құқық қорғау, журналистика салалары, еріктілік қызметті қамтыды. Осының ішінде білім мен мәдениет салалары бойынша құжат тапсырушылар көп болды. Комиссия ашық, еркін форматта ұйымдастырылды және барлық үміткердің сұрақтарға дұрыс, жүйелі жауап беруі, өзінің жоспары мен мақсатын түсіндіруі, жетістіктерін жеткізуі бағаланды. Сондай-ақ комиссия мүшелері үміткерлердің ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуына қосқан үлесі мен белсенділігіне ерекше назар аударды.
Комиссия қорытындысында әр аталым бойынша бір үміткер марапатталатын болып, ашық дауыс беру тәртібімен жеңімпаздар анықталды.
Негізі, аудан әкімінің «Өрлеу» жастар сыйлығымен марапаттау аудан жастарының «Жетістікке жетелейтін Жаңа Қазақстан» атты дәстүрлі XIV форумында ұйымдастырылады деп жоспарлануда. Сыйлық иегерлеріне бір реттік 100 мың теңге көлемінде сыйақы, естелік сыйлық беріледі. Форумға аудан әкімі, аудандық мәслихат депутаттары, белсенді жастар және «Өрлеу» сыйлығының бұған дейінгі иегерлері қатысады.
Өз кезегінде аудандық газет редакциясы мен аудандық жастар ресурстық орталығы «Өрлеу» жастар сыйлығының иегерлерін жұртшылыққа таныту, оларға шығармашылық шабыт сыйлау мақсатында ақпараттық қолдау көрсетуді жалғастырады. Ол үшін жергілікті басылымда арнайы айдар ашылып, өз саласында белсенді еңбек етіп жүрген аудан жастарының еңбегі жыл көлемінде насихатталатын болады.
«ТТ» ақпарат