Такси жүргізушілері мен курьерлер арнайы салық төлейді
Қазақстанда такси жүргізушілері мен онлайн қызмет көрсететін курьерлер үшін арнайы салық енгізіледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министрдің айтуынша, Салық кодексіне шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қызметкерлеріне бірыңғай міндетті төлемді енгізуге қатысты түзетулер енгізіледі. Осылайша, 2023 жылы салық жүктемесін 33-тен 20%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.
«Еңбек қызметін Яндекс Такси, Глово және т.б. сияқты онлайн платформалар арқылы жүзеге асыратын тұлғалар үшін арнайы салық енгізіледі. Сонымен бірге салық агенттері тиісті төлемдерді жүзеге асыратын онлайн платформа операторларын анықтауы керек», деп түсіндірді Тамара Дүйсенова.
Сондай-ақ қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыратын жұмыс берушілер үшін сақтандыру тарифтерін төмендету қарастырылған.
«Тарифтерді төмендету бойынша қабылданған шаралар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан және сақтандыру ұйымдарынан төленетін әлеуметтік төлемдердің көлемін кезең-кезеңімен ұлғайтумен ұштасады. Осылайша келесі жылдан бастап жұмысынан айырылған азаматтар 6 айға дейін бұрынғы табысының 45% мөлшерінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемдер алады», деп қосты ведомство басшысы.