Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тереңөзектен түлеп ұшқан

Тереңөзектен түлеп ұшқан

Ұдайы көпшілікке көмектесіп, айналасына нұрын шашып жүретін адамдар болады. Ондай адамдардың соңынан тек жақсы сөз еріп, үлкен де, кіші де ол туралы жақсы сөздер айтып жатады. Біздің ауданның тумасы, №210 мектептің түлегі Үмбет Алтынсариевтің есімін бұрын-соңды жиі естігенмін. Бізден 5-6 жыл бұрын мектеп бітіргенімен, көп кездесе бермейтін «Үмбет» есімі маған мұғалімдердің мақтау сөздерінен бұрыннан таныс еді.

«Шалғайда жүрген бір түлек» айдары бойынша біраз жылдан бері Алматы қаласына қоныс аударған Үмбет Алтынсариев туралы жазып, қалам тербегіміз келді. Ол – Тереңөзектің тумасы. 2009 жылы аудандағы Оспан Әбілпаттаев атындағы білім ордасын үздік тәмамдап, алып шаһарға арман қуып аттанған. Сол жылы Алматы энергетика және байланыс университетіне оқуға түскен. Мектеп кезінен білім алуға, тіл үйренуге ынтасы зор болған Үмбет осы мақсатын студенттік жылдары одан әрі жалғастырған. Жоғарғы оқу орнында Электро-энергетика мамандығын төрт жылда үздік оқып бітірген соң да білім алуды тоқтатпаған. Арманы асқақ, білімге жаны ашық жігіт жоғарғы білімнен кейінгі бөлімге оқуға түседі. 2013 жылдан бастап іргелі университеттердің бірі Қазақ ұлттық техникалық университетінде білімін толықтырып, 2015 жылы «Магистр» ғылыми дәрежесін алып шығады. Осы уақыт аралығында Үмбеттің алғашқы еңбек жолы басталған. Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжінде студенттерге сабақ бере жүріп, өзі де түрлі байқауларға қатысып, басшылық құрамға жақсы қырын көрсете алған. Соның ішінде қызмет жолын енді ғана бастаған жастарға арналған «Жас маман» байқауынан жеңіске жетуі Үмбеттің өміріне оң ықпалын тигізген. Еңбек пен талпынысы зор жігітті басшылық байқап, талабына қанат бітірген. Жайлап өз еңбегі мен талабының арқасында сатылап биіктерді бағындырып жүрген кезде оған Еуропа елдеріне бағытталған турға жолдама берілген.

– Басшылықтың бұл шешімі менің өмірімді күрт өзгертті десем болады. Еуропаның алты бірдей елін аралау. Ойлаңызшы, бұл екінің біріне бұйыра бермейтін мүмкіндік. Атап айтар болсам, Голландия, Австрия, Чехия, Словения, Венгрия, Германия елдеріне «Қайта жаңғыртылатын энергия көздері» деген тақырыпты қорғап барып қайттық. Дәл сол кездері елде «ЭКСПО-2017» көрмесіне қызу дайындық жүріп жатқан еді. Ауқымды турдың негізгі мақсаты – жаңа әрі заманауи технологияларды көріп сол жаңашылдықтарды өз елімізге әкелу болды. Байқағаным, аталған елдерде шикізат көзі мүлде жоққа саяды. Яғни, мұнай, газ, көмір дегендей. Сондықтан да коммуналдық қызметтер тым қымбат. Сол үшін кей жерлерде су, күн және ядролық энергияларды пайдалануда. Ядролық энергиялар табиғатқа, адамға, қоршаған ортаға өте зиян. Сондықтан кей елдер энергияның дәл осы көзінен бас тартуда. Біздің елімізге де табиғи энергия көздерін қолданысқа енгізуді дамыта түсу керек. Біздің табиғатымыз бай, энергия көздерін жан-жақты алуға мүмкіндік бар. Осы бағытта елімізді дамытуға үлес қосқым келеді. Еуропа елдерінен алған тәжірибемізді елге әкелуге, колледж студенттеріне беруге тырыстым. Аталған колледж бүгінде республика бойынша алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі болып табылады. Осы тұста біздің де үлесіміз бар деп ойлаймын, – деген кейіпкеріміз өміріндегі ең қызықты сәттердің осы кезеңдерге тура келгенін айтады.

Ал магистратура бөлімінде білім алып жүргенде Малайзия еліне оқу сапарымен жол түскен. Шетелдік тәжірибені молынан сіңіріп, электроэнергия саласында білімін шыңдап келген соң өзінің диссертациялық жұмысын өте жақсы көрсеткішпен қорғап шыққан.

– Оқу бітірген соң өндіріс саласына бағыт бұрдым. 2015-2018 жылдары «Азия мебель» компаниясының құрамындағы заводта жұмыс жасадым. Алғашқы қызметім электр саласы болса, кейінірек энергетик болдым. Одан кейін басшылық еңбегімді бағалап шаруашылық бөлімінің бастығы болып тағайындалдым. Сол жерде көп тәжірибе алдым. 2017 жылы шаңырақ көтердім. Жұмысым қаланың сыртында болды. Бұл өз кезегінде қиындық туғызды. Отбасылық жағдайға байланысты бұл жұмысты әрі қарай жалғастыра алмадым, – деп бөлісті Үмбет университеттен кейінгі өмірі туралы.

Шағын ғана ауылда туып, топырағынан нәр алып өскен ұлдың кезекті жұмыс орны «Almaty Towers» бизнес орталығы болған. Бұл – Алматыдағы ірі әрі көп атқарымдық бизнес кешені. Осы жылдары колледж өміріне қайта оралған ол сүйікті жұмысы – студенттерге тәлім беруді қайта жалғастырған.

Қазіргі таңда Үмбет Алтынсариев шекесі торсықтай бір ұл мен сүп-сүйкімді бір қыз баланың әкесі. Үлкені төрт жаста болса, қызы екіге енді толады. Он үш жыл бұрын туған жерден жыраққа ұшып, өзге қалада абыройлы еңбек етіп жүрген азамат 2020 жылдан бері жеке кәсіпкерлікке бет бұрған. Негізгі мамандығы бойынша халыққа сапалы қызмет көрсетіп келеді.

Қай қызметте жүрсе де Үмбет шәкірт тәрбиелеп, білгенін кейінгі ұрпаққа үйретуді – қызметтің негізгісі деп біледі.

– Бос уақытта шәкірт тәрбиелеймін. Шәкірттің жеңісін көру – бір бақыт. Жақында Димаш есімді студентім Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген студенттер арасындағы «WorldSkills» сайысында жеңімпаз атанды. Қазір студентіммен Австрияда өтетін әлемдік турға дайындық үстіндеміз, – деген кейіпкеріміз:

– Мен үшін ең маңызды құндылық – сыйластық. Он бес жыл бұрын мектепте оқып жүргенде «Алматыда тұрып, шетел көремін» деген ой болған жоқ. Бірақ мақсат-арманым болды. Құдайдан сұрадым, әр дұғам қайырымен орындалуда. Анамның тілеуінің, жақын туманың ақжарма тілегінің арқасында жетістікке жетіп келеміз, – деп сөзін жалғады.

Небәрі отыз жасында осындай биік белестерді бағындырып үлгерген шалғайда жүрген түлегімізден кейінгі буынға айтар ақыл-кеңесін де сұрадық.

– Өзімнен кейінгі жастарға бұған дейін бізге де алдыңғы буынның айтқанын қайталағым келеді. Бұл – білімге ашық болу. Яғни жақсы оқуға тырысу керек, білім алу керек. Жоғарғы оқу орнына түскен кезде қазіргі мектеп қабырғасында алып жатқан біліміңіз керек болады. Ал оқу орнындағы білім жұмыс кезінде пайдасын тигізеді. Осылай жалғаса береді. Тәжірибе маңызды болғанымен, теориялық білім де керек. Білім алуды тоқтатпау қажет, – дейді Үмбет Алтынсариев.

Кішкентайынан іні-қарындастарына қамқорлық көрсетіп, анасының мақтанышына айналған Үмбет жайлы ұстаздар да тебірене пікір білдірді:

– Үмбет туралы айтатын сөз көп. Өзі қарапайым отбасынан шыққан. Мектепте оқу озаты болды. Ешқашан өтірік айтқанын көрмедім. Бір сөзді, өткір азамат. Айналасындағылардың бәрін ұйымдастырып, көш бастап жүретін ерекше қасиетке ие болатын. Еңбекқорлығының арқасында гранттық негізде оқуға түсті. Кейін үлкен қалаға кеткен соң байланыс үзіліп қалды. Бірақ ұстаздар мен таныстардан ол туралы ұдайы жақсы пікір естіп, сырттай тілеулес болып жүремін. Студенттер жазғы каникулға келгенде демалып жатса, Үмбет анасына қолғабыс болып, ауыл тірлігіне белсене араласып жүретін. Салмақты, сабырлы, ақкөңіл, сөзге шешен жігіт. «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» демей ме, мен оны нағыз азамат деп айта аламын, – дейді ұлағатты ұстаз Жадыра Әкімтаева.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИҚЫЗЫ
05 қараша 2022 ж. 318 0