Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Дәрігер қателігі: Қазақстанда науқасқа сақтандыру төлемін беру енгізілмек

Дәрігер қателігі: Қазақстанда науқасқа сақтандыру төлемін беру енгізілмек

Дәрігердің кінәсінен адам денсаулығына зиян келген жағдайда өтемақы төлеу ескерілген. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният медицина қызметкерлері кәсіби жауапкершілігінің сақтандыру жүйесін енгізу аясында қарастырылған тетіктерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл бағытта ұсыныс қарастырып, оны әлі де пысықтаймыз. Халықаралық тәжірибеге тоқталсақ, бірқатар елде сақтандыру компаниялары науқас өз еміне жұмсаған қаражатын, қандай шығын келтірілгенін анықтайды», - деді А. Ғиният Мәжілісте заң жобасын таныстырғаннан кейін тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, бұл мәселені сақтандыру компаниялары шешетін болады.

«Денсаулық сақтау саласының әлеуметтік бағдарлануын ескере отырып, сақтандыру жүйесін енгізудің бастапқы кезеңінде «Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» Заңға ұқсас сақтандыру жағдайы бойынша сақтандырушы жауапкершілігінің шекті көлемін айқындау ұсынылды», - деді министр.

Осы орайда медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі көлік саласындағы міндетті сақтандыруға ұқсас жүргізіледі. Яғни, науқастың өміріне немесе денсаулығына зиян келсе, тиісті төлем қарастырылмақ:

- өлім - 1000 айлық есептік көрсеткіш;

– бірінші топтағы мүгедектік белгіленгенде – 800 АЕК, екінші топ – 600 АЕК, үшінші топ - 500 АЕК.

– мертігуге, жарақаттануға алып келген жағдайда, яғни пациенттің амбулаториялық немесе стационарлық емделуіне шығындары болса - 300 АЕК.

Бұдан бұрын хабарланғандай, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігі бойынша міндетті сақтандыру жүйесі енгізіледі.
19 қыркүйек 2022 ж. 226 0