Тыйымның тіні тәрбиеде

Негізінен, туа бітті болмысынан ізетті, ақылды жандар ерсі дүниені жасауға әуестенбейді. Расында, қазақ қоғамында әйел заты ер азаматтың алдынан кесіп өткен емес. Қазіргі уақытта жастардың көпшілігі үлкеннің жолын кесіп өтіп, иығынан қағып кетуге дайын тұрады. Әйел мен ердің мәртебесі сөз болғанда, ең алдымен ақ жаулықты аналардың азаматын төрге оздырғаны мәлім. «Ырыс, бақыт, қызыр да әйелде» деп түсінетін Төле би баласына келінді өзі таңдап алып берген. Жұртшылықтың байлығына аса мән бермеген Төле би келіні ақылды болғандығын қалаған. Осы кезге дейін ел аузында аңыз болып айтылатын Төле бидің келіні Данагүл атасымен алғаш жолыққан мезетте алдынан кесіп өтпесе керек-ті.
Қазіргі адамның ниеті біршама өзгерген. Бүгінде қызуқанды жандар адамға жол бермек түгіл, жағдай сұрауға да жарамай жатады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөз бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын ауданға белгілі бір отбасының үйіне түскен келіннің әрекетін көріп, қапаланған болатынбыз. Ұжыммен сенбілік жасап жатқан үлкендердің алдынан кесіп өтіп, кір суың көшенің арғы бетіне төккен еді. Ақылын айтар үлкеннің сөзіне құлақ аспаған мұндай әйел ұрпақ тәрбиесіне немқұрайлы қарайтындай.
Ал кісі алдын кесіп өтпеуде мына бір әңгімеде ғибрат бар. Бірде өнегесі мол ел анасының жүкті әйелдің алдынан кесіп өтпегінін көрген жас келіншек себебін сұрайды. Сонда ардақты ана:
– Қашанда жүкті әйелге жол берген дұрыс. Себебі, ол елге ие болар ер азаматты көтеріп жүруі мүмкін. Қазақ әйелі ешқашан ер азаматтың алдынан кесіп өтпеген, – деп жауап берген екен.
Шын мәнінде, осындай ұсақ-түйек нәрсеге мән бермеудің салдарынан, отбасынан жылулық кетуі мүмкін. Ер мен әйелдің тең құқықты дәрежелі болуға үндеген көпшілік азаматтардың қадір-қасиетін бағаламайтын секілді.
– Жасымыз егде тартқаннан кейін көбіне көшеде жаяу жүргенді жақсы көреміз. Анығын айтқанда, осы күні адамдар асығыс-үсігіс жүреді. Ерсілі-қарсылы қапылысқан көпшіліктің жұмысы қауырт. Әсіресе, жастар үлкенге жол беруді ұмытқан. Шаштарын жайған қыз-келіншек алдымыздан шолтаңдап өте шығады. Шамалы қариядан имену деген болу керек еді. «Қызым – үйде, қылығы түзде» деген тәмсіл бекер айтылмаса керек-ті. Сонымен бірге адамда мейірім қалмай бара жатыр. Неге десеңіз, қарияларға жол бере қалсаңыз бедірейіп өте шығады. Жастардың да, үлкеннің де қатесі бір. Шын мәнінде, жылы сөз айтып, алғыс білдіргеннің еш әбестігі жоқ, – дейді ұлағатты ұстаз Алтын Нұртаева.
Расында, әрбір адам өзгерісті өзінен бастағаны абзал. Әйтпесе, адам көңіліне селкеу салатын оғаш қылық барлық жанда жеткілікті.
Балтабай ОРДАБЕКОВ