Денсаулық сақтау министрлігі ауыл халқына арналған пилоттық жобаны бастайды
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес және Президент Әкімшілігінің үйлестіруімен Денсаулық сақтау министрлігі «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасын әзірлеуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ведомствоның мәліметінше, п илоттық жоба екі міндетті қамтиды: Біріншісі, медициналық пункт, ФАП, дәрігерлік амбулатория сияқты жетіспейтін бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарын салу арқылы барлық ауылдық елді мекендерді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Екіншісі, қазіргі заманғы көп бейінді орталық ауданаралық ауруханаларды ұйымдастыру арқылы ауыл халқына уақтылы шұғыл және мамандандырылған медициналық көмек көрсету қызметін арттыру.
Бірінші міндетке келер болсақ, 655 нысанды салудың арқасында шамамен 1 миллиондай ауыл тұрғынын бастапқы медициналық-санитариялық көмекпен қосымша қамту, ауыл халқына медициналық көмекті жақындату, ауылдағы медициналық қызметтердің сапасына қанағаттану көрсеткішін арттыру, МСАК қолжетімділігін арттыру (профилактикалық тексерулер, скрининг, ерте анықтау), уақтылы медициналық көмек көрсету, асқынулардың алдын алу сияқты жетістіктерге қол жеткізу мүмкіндігі күтілуде.
Ал екінші міндет бойынша, яғни қазіргі заманғы көп бейінді ауруханаларды ұйымдастырудың арқасында «алтын сағат» қағидатын сақтай отырып, ауыл халқына инфаркт, инсульт, жарақат және басқа да жағдайлар кезінде шұғыл медициналық көмекті уақтылы көрсету, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімді (инфаркт, инсульт және т. б.) 20% төмендету, ірі қалаларға әуре етпестен халыққа мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету, 4 млн. астам ауыл тұрғынын жоғары технологиялық көмекпен қамтамасыз ету мүмкіндігі күтілуде.