Бизнес әліппесін меңгерген
Тереңөзек кентінде бір айда қомақты қаражат табатын оқушы тұрады. Ол табыс көзін еселеу үшін күні-түні көпшілікке қызмет көрсетуге дайын. Жігерлі жас Нұржігіт Сейілханды бұрынғы Оспан Мәлібаев ауылының халқы жақсы біледі. Болашақта жеке бизнесін ашуды мақсат еткен оқушы аядай ғана ауылда тауарды тасымалдау қызметін жолға қойған. Яғни, белсенді жас тұрғындарға қажетті дүниесін үйіне жеткізіп береді. Мұндай қызметті жандандыруға көше бойында тұрмыстық, азық-түлік дүкені болмауы себепкер екен.
Бала күнінен бизнес әліппесін меңгере бастаған Нұржігіт Сейілхан – №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы. Дарынды, алғыр ойлы жас – «Алтын белгіге» үміткер. Бір жылдары тоғызқұмалақ спортына қатысқан ол жоғары деңгейдегі жарыстардың жеңімпазы атанады. Бірнеше пәндік олимпиада жеңімпазы саудамен айналысуды мектеп жасынан бастаған. Қашанда ізденіс үстінде жүретін Нұржігіт бүгінде тұрғындарға бірнеше қызмет түрін ұсынуда.
– Бала кезімде отбасымыздың азық-түлік дүкені бар болатын. Мектеп қабырғасында жүргенде дүкенде сатушы қызметін атқаратынмын. Осылайша, кәсіпкерлік саласына деген қызығушылығым оянды. Жоғары сыныпта оқып жүргенімде түрлі жобаны жүзеге асыруға ұмтылдым. Ауылда дүкен болмағандықтан, көтерме бағамен газдалған және тәтті суларды сата бастадым. Жергілікті тұрғындар тәуліктің кез келген уақытында тапсырыс береді. Оңтайлы қызметке үйреніскен көпшілік тұрмыстық тауар, азық-түлік, фастфуд өнімдеріне үнемі тапсырыс береді, – дейді жас жеткіншек.
Бүгінде Нұржігіт Ғалымжанұлы музыкалық аппаратура мен «Playstation» ойынына арналған жабдықтарды жалға береді. Сонымен бірге «Тикток» әлеуметтік желісінде хит тауарға айналған мұз өнімін сатылымға шығарады. Өз кезегінде аталған өнімді Тереңөзек кенті, Асқар Тоқмағамбетов, Сәкен Сейфуллин, Қалжан ахун ауылдарына тасымалдайды. Озық жобаны ұтымды ұйымдастыра білген жағдайда талапты жас бірнеше адамды жұмысқа алуға үмітті. Бала күнінен кәсіпкерлікті игеруге ынтасы ауған Нұржігіт алдағы уақытта бірнеше бизнесті ашуға машықтанып жүр. Ол өз ісінің шебері болу үшін тереңнен ізденіп, білім көкжиегін кеңейтуде.
Білім мен бизнесті қатар алып жүрген дарынды оқушы өткен жылы аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың «Алғыс хатымен» марапатталған. Жаңашылдыққа жаны құмар жас қайырымдылық көмек жасауға өз үлесін қосып отырады. Отбасында 3 ағайындының ортаншысы – Нұржігіт Ғалымұлы ауылдық мешіттің материалдық базасын нығайтуға көмек көрсетуде. Анасы Айткүл ұстаздық қызмет атқарса, әкесі Ғалым мұнай саласында еңбек етеді. Жайдарман ойындарында, білім бәсекелерінде топ жарып жүрген озат оқушының алдағы уақытта жүзеге асыратын жобаларына сәттілік тілейміз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ