«Асығыстық танытпайық»: Латын әліпбиіне қашан көшеміз?
Осыдан бес жыл бұрын «Қазақ әліпбиін кириллицадан латынға көшіреміз» деп, ол туралы арнайы жарлық қабылданғаны естеріңізде болар?! Сол кезде халықтың пікірі екіге жарылып, бір топ латын қарпіне көшуде қорқыныш басым екенін білдірсе, бір топ бұл нағыз сындарлы шешім екенін айтты.
Ғалымдар тобы «Ұзақ жыл бодандықтың бұғауында, саясаттың салқынында қалған Қазақ елі үшін кириллицадан құтылып, әлемдік өркениетке негізделген латын әліпбиіне көшу ежелгі арман болғаны даусыз. Жалпы, кириллицадан латын алфавитіне көшу – еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бері дүркін-дүркін көтеріліп келе жатқан мәселе» десе, үлкендер жағы «латын қарпінде жазуға ілесе алмай, сауатсыздық белең алады» деп топшылады. Десек те ешқандай нақты әліпби мен емле-ережелер ресми түрде қолданысқа енбей тұрып, жарнамаларды латын әріптерімен беру «сәнге» айналып шыға келді. Тіпті басылым беттері латын қарпінде тақырып беріп, сауда орталықтары атауын өзгертіп те жатты.
Негізінен Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2017 жылғы 26 қазанда «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Және жоспар бойынша жүріп отырған жағдайда, осы уақытта кітаптар латын тілінде қайта басылып, мектеп қабырғасын енді аттаған бүлдіршіндер латын қарпін игеруді бастауы керек еді. Яғни жаңашылдыққа біртіндеп көшуді іс жүзінде жүргізу қажет болған. Бірақ бүгінде оның бірі де жүзеге асырылып жатқан жоқ. Себебі әлі күнге латын әліпбиінің нақты нұсқасы қабылданбады. Әліпбиді толықтай өзгерту 2025 жылға жоспарланған. Айтпақшы, «латынға көшу кешеуілдеді» деп жар салу да орынсыз ба дейсің. Себебі бұл мәселенің көтерілгеніне бес жыл ғана болған жоқ. Бұл осыдан 15-20 жыл бұрын да сөз болып, мәселеге айналған, содан бері нақтыланбай, кейінге қалып келе жатқан тақырып екені белгілі.
Тіл саясаты комитетінің деректеріне сүйенсек, ағымдағы жұмыстар ғалымдар мен лингвист мамандардың қатысуымен жүргізіліп жатыр. Алайда, талқылау мен талдау қанша жылды қажет ететіні нақты белгісіз. Ал халықаралық қазақ тілі академиясының президенті Ерден Қажыбек ғалымдар бір пікірге тоқтағанын, бірақ мәселе тек ғалымдармен ғана шешілмейтін болған соң, бұл шаруа созылып кеткенін айтады.
«Бұл мәселеге билік араласып кетті. 1-ші, 2-ші және 3-ші нұсқалары – жоғарыдан түскен әліпбилер. Ғалымдардың оған ешқандай қатысы жоқ. Ал ғалымдардың пікірі өте қарапайым. Қазақ тілінде 28 дыбыс бар. Сол 28 дыбысқа 28 таңбаны қою керек. Осы мәселені біз жасай алмай жатырмыз. Өйткені әлі де сол ғалымдардың пікірі толық ескерілмей жатыр» дейді Халықаралық қазақ тілі академиясының президенті Ерден Қажыбек.
«Ұлытауда Мемлекет басшысы жан-жақты қарастырып, зерттеп, зерделеу жұмыстарын тапсырды. Бір әріп, бір дыбыс принципі негізінде әзірленген диакритикалары бар. Диакритика дегеніміз – мынау үстіндегі таңбалары бар белгілер. Астынан белгіленетін секілді жалпы осындай юникодтар болып танылатын таңбалар алынған болатын. Енді бұны ғалымдармен де әрі қарай жалғастырамыз. Қазір ғалымдар арасында екі бағытта талқылау жүріп жатыр. Біріншісі, ғылыми бағытта. Яғни қай дыбысты қалай таңбалаймыз деген мәселе болса, екіншісі, жазу емлесі туралы. Енді, латын әліпбиі сүзгіден толық өткеннен кейін ғана қоғам алдына ұсынылмақ» деген Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Абзалбек әліпбидің соңғы нұсқасы бекітілмей жатқанына саясаттың еш қатысы жоқ екенін айтады.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы жақында Ұлытау облысында өткен Ұлттық құрылтай отырысында латын әліпбиіне көшу мәселесін пысықтаған болатын. «Тілге байланысты тағы бір маңызды мәселе – латын әліпбиіне көшу туралы. Кейбір қоғам өкілдері біз әлі күнге дейін кириллицадан арыла алмай жатырмыз деп алаңдаушылық білдіруде. Бірақ, ең алдымен, бұл лингвистикалық тұрғыдан өте күрделі мәселе. Осыны жақсы түсінген жөн» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай-ақ Президент бұған дейін екі рет латын графикасына көшуге тырысқанымызды айтты. Алайда бұның соңы сәтті болған жоқ.
«Қазақ тіліне қатысты алаңдаушылық елдегі жағдайды дұрыс түсінбегеннен туындап отыр. Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді. Бұған ешқандай күмән болмауы керек. Біздің елде ұлтына, тіліне бола ешбір азаматтың құқы шектелмеуге тиіс. Әйтпесе, қоғамда жанжал тууы мүмкін. Ел ішіне іріткі түскенін қалайтындар осыны тілеп отыр. Сондықтан тіл мәселесі бойынша бәріміз ұстамдылық танытуымыз керек деп ойлаймын. Бұл сырт көзге ұлтымыздың өз болашағына деген сенімсіздігі, тіпті әлсіздігі сияқты көрінеді. Баршамыз тілге құрметімізді құр сөзбен емес, нақты іспен көрсетуіміз керек» деген Мемлекет басшысы бұл мәселеде асығыстық танытудың орынсыз екенін айтады. Сондай-ақ тіл білімі институтына қазақ тілінің жаңа орфографиясы туралы арнайы еңбек әзірлеуді тапсырған.
Не десек те, көпшілік латын графикасына көшу заман талабы деп бұл бастаманы қолдап отыр. Бірақ, бір мезетте бәрін басқа қаріпке көшіре салу да мүмкін емес шаруа. Бұндай тарихи маңызы бар шешімге үлкен дайындықпен, жан-жақты әрі терең талдау жасап, зерттеу жүргізіп барып келген абзал.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ