Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

№93 газет

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Сырдарияның ұл-қыздары – спорттың жұлдыздары

Сырдарияның ұл-қыздары – спорттың жұлдыздары

Спорт қай мемлекетте де әлеуетті сала саналады. Себебі, мемлекеттер деңгейінде спорттық жарыстардың өткізілуі сол елдердің әлеуметтік-экономикалық жағдайына айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан барлық елде спорттың бұқаралық сипатын дамытуға ерекше мән беріледі. Біздің елде де спорт саласының өсіп-өркендеуіне басымдық беріліп, тамыз айының үшінші жексенбісі спорт күні болып белгіленген. Осыған орай, спорт саласының ауданда даму көрсеткіші мен атқарылып жат­­қан жұмыстарынп байланысты №11 Сырдария ауданының олимпиадалық резервтің маман­дандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің директоры Б.Есеновпен сұхбаттасқан едік.

– Бағдат Мырзалыұлы, Сіз арқылы аудан спортшыларын кәсіби мерекемен құттықтаймыз. Мемлекетте спорттың бұқа­­­ралық сипатқа ие болуы үшін жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқаны бел­гілі. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев халық­қа арнаған Жолдауларында да спорт саласын дамытуға басымдық беріп келе­ді. Алдымен еліміздегі спорт саласын өркен­дету ісіндегі жаңашылдықтарға тоқ­талып өтсеңіз?

– Иә, байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап жүрген спортшыларға мемлекетте жағдай жасалып келеді. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев спорт саласына шұ­ғыл түрде реформалар жасау қажеттігіне тоқталып, «Өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне аса назар аудару қажет. Бұқаралық спортқа, дене шынық­тыруға және, әрине, балаларға басым­дық беру керек» деп атап өтті. Сондықтан да дене шынықтыру және спортпен тұрақты шұғылданушылар санын ұлғайтуға нақты жұмыс­тар жүргізіліп жатыр. Оның ішінде, бүгін­де ел болашағы – жас­тар үшін мемлекеттік тап­­сырыс аясында тегін спорттық секциялар ұйым­дастырылуда. Мұндай тегін спорттық секциялар ауданымызда жүйеге қойылған. Атап айтқанда, Тереңөзек кентінде «Мансұр» спорт клубы және шығармашылық, спорттық зияткерлік орталығында 500-ге жуық жас спортпен шұғылдануда. Жалпы, мемлекет тарапынан саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданамын деген жанға барлық жағдай жасалған.

– Облыс бойынша спортқа келгенде сырдариялықтардың бәсі биік. Аудан тұрғындарының басым көпшілігі спортпен тұрақты шұғылдануға ден қой­ған. Осы ретте, ауданда спортпен шұғыл­данушылардың көрсеткіші қандай?

– Аймақта аудан спортшыларының жетіп жүрген жетістіктері жетерлік. Тіпті, сыр­дариялықтар халықаралық жарыстарда ұлт­тық құрама сапында өнер көрсетіп, ел намысын қорғап жүр. Сол себепті де аудан спортшыларының бәсі жоғары. Ауданда бұқа­ралық спортты дамытуға жақсы қолдау көрсетіледі. Соның аясында бүгінде аудан бойынша дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар үлесі 34 па­йыз­ға жетті. Атап айтқанда, аудан бойынша спортпен шұғылданушылар саны 13126 адамды құрайды. Биыл тұрақты түрде спортпен шұғылданушылар санын 38 пайызға жеткізу жоспарланған. Осыған орай ағымдағы жылда ауданда 22 нұсқаушы 13 ауылдық округте 2000-ға жуық спортшыны тәрбиелеуде. Ал жаңа оқу жылында аудандағы спорт мекте­бін­де спорттың 12 түрімен 812 спортшы шұғылданатын болады. Сондай-ақ бізде 2009 жылдан бастап «Қайырымдылық көмек Сырдария» қоғамдық бірлестік негізіндегі спорттық клуб жұмыс жасайды. Мұның барлығы – аудан спортын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар.

– Спортпен тұрақты шұғылдану үшін жақсы жағдай жасалу керек. Атап айт­қанда, спорттық нысандар заманауи талап­тарға сай болғаны дұрыс. Осы бағыт­­тағы жұмыстарды атап өтсеңіз.

– Спортта айтулы жетістікке жету үшін спорттық нысандардың заманауи талаптарға сай болғаны дұрыс. Бұл ретте, ауданда жетіс­тіктер бар. Өздеріңізге белгілі, өткен жылы Орталық стадионға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде, Орталық стадион жаңа талаптарға сай жаңарды. Мұның тұрғындар үшін қолайлы болғаны анық. Биыл да спорттық нысандар салуға айрықша көңіл бөлінді. Соның аясында аудан орталығында стритбол алаңы және ашық жаттығу алаңы салынып, сырдариялықтар игілігін көруде. Сонымен қатар бүгінгі таңда Бесарық ауылында 300 адамға арналған спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бұл нысан 2023 жылға өтпелі. Құрылыс жұмыстары толық аяқталғанда ауыл жастарының спортпен шұғылдануына мол мүм­кіндік болмақ. Жалпы, ауданда жыл са­йын барлық спорт мектеп залына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, спорттық нысандар кү­тіп ұсталынады.

– Аудан спортшылары спорттың түр-түрінен байрақты бәсекелерге қатысып келеді. Әсіресе, тоғызқұмалақ, көгалдағы хоккейден аудан спортшыларының бәсі биік. Осы және басқа спорт саласын дамытуға қандай басымдықтар берілген.

– Қазіргі таңда Сырдария ауданы спортының серпіні жоғары. Неге десеңіз, ауданда тәжіри­белі жаттықтырушылардың арқасында спортшылар республикалық, әлемдік деңгейдегі жарыс­тардан жүлделі оралып жүр. Соның нәти­жесінде, жастардың спортқа деген құл­шынысы артуда. Мәселен, өзіңіз айтқан тоғыз­құмалақ, көгалдағы хоккей, сондай-ақ волей­бол, қазақ күресі бойынша спортшыларымыз үнемі жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Тіпті, көгалдағы хоккей мен тоғызқұмалақтан Қазақстан ұлттық құрамасы сапында аудан спортшыларының өнер көрсетуі – біз үшін зор жетістік. Оған қоса, бүгінде дзюдо, таеквандо, гандбол, футбол, белбеу күрес, үстел теннисі және басқа да спорт түрлері бойынша жоғары дәрежеге жету үшін жоспарлы жұмыстар атқа­рылуда. Жоғарыда атап өткен жаңарған нысандар мен спорт клубтарынан тәрбие алып жатқан жас спортшылардың болашағынан зор үміт күтеміз.

– 2022 жыл бел ортадан асты. Аудан спортшыларының жартыжылдықта жеткен жетістіктерін айтып берсеңіз.

– Жаңа айтып өткендей, тоғызқұмалақ, көгалдағы хоккейден, волейболдан алғаш­қы жартыжылдықта жақсы нәтиже бар. Тоғыз­құмалақтан спорт мектебіміздің оқушы­лары Қазақстан, Азия чемпионатына қатысып келеді. Спортшылар Көкшетау қаласында өткен Азия кубогына қатысып, Жантөре Аманқос І орынды жеңіп алды, ал Ерасыл Пернебаев ІІ орынды иеленді. Көгалдағы хоккейден қыздар командасы ҚР чемпионатының жүлдегері атанып, 8 спортшы «Спорт шебері» атағын орындады. Талдықорған қаласында өткен ауыл жас­өспірімдерінің ІҮ Жазғы ойындарында көгалдағы хоккейден ұлдар, мен қыздар командасы ІІ орын алса, тоғызқұмалақтан І орын, волейболдан ұлдар командасы ІІІ орын, қыз­дар командасы І орынмен аймақ мерейін үстем етті. Сондай-ақ, қазақ күресі, дзюдо, ауыр атлетикадан республикалық жарыстарда сырдариялық спортшылар жарыс жеңімпазы атанды. Айта кетейін, ауыр атлетикадан Саят Өмірбек «Спорт шебері» атағын орындады.

– Бүгінде ұлттық спортты дамытуда тың серпін бар. Ауданда ұлттық спорттың даму деңгейі қандай?

– Ұлттық спортты дамытуға ерекше мән берілуде. Бізде қазақ күресі жақсы дамыған. Қазақ күресінен білікті, жоғары санатты жат­тық­тырушы Жасұлан Қаусов, ІІ санатты жат­тық­тырушы Руслан Алтынбеков жастарды тәр­бие­леуде. Спортшылар республикалық, об­лыс­тық турнирлердің жеңімпаздары атанып жүр. Ал тоғызқұмалақ спорты бойынша еңбек сіңірген жаттықтырушы Білімжан Елеусін, жоғары санатты жаттықтырушы Мұхтар Әбжаппаров, Халықаралық дәрежелі спорт шебері Бексұлтан Бостандықов шә­кірт­тері ел мерейін асқақтатып келеді. Тоғыз­құмалақшылар Азия, әлем чемпионаттарында жасындай жарқырап жүр. Әрине, ауданда ұлттық спорттың басқа түрлерінен кенже қалып келе жатқан тұстары бар. Оларды өркендету енді қолға алынып жатыр. Мәселен, бүгінде ауданда асық ату спорт түрінен түр­лі деңгейдегі жарыстарда спортшыларымыз нәтижелі жетістіктермен оралуда. Одан бө­лек, көкпар спорты да тынысын кеңге жайып келеді.

– Спорт саласының өркендеуіне жанашыр жандардың қолдауы ерекше қа­жет. Осы тұста, ауданда кәсіпкер аза­мат­­тардың демеушілік істеріне тоқ­талып өтсеңіз?

– Спорт – денсаулық кепілі. Сондықтан спорт саласының дамуына, жасөспірімдерді қолдауға үнемі атсалысатын ел ағалары баршылық. Атап айтар болсақ, ауданымыздың Атымтай Жомарты атанған облыстық мәс­лихат депутаты, «Углесбыт» ЖШС директоры Расул Есенов ағамыз спорт саласының дамуына, үлкен жетістіктерге жетуімізге зор ықпал етіп, үнемі қолдау көрсетіп келеді. Сондай-ақ «Ақжарма және К» директоры Қайрат Нұрсейітов, «Мансұр» спорт клубының ат­қа­рушы директоры Нұрбол Дайрабаевтай арда азаматтарды атап өтуге болады. Сонымен қоса қайырымдылық көмек көрсетіп жүрген Бақытжан Ахметовке алғысымыз шексіз. Ел ағалары спорт саласының жандануына, спортшылардың өзге қалаларда өтетін жарысқа қатысуына демеушілік жасап, ағалық қамқорлықтарын көрсетіп келеді. Небір мықты спорт саңлақтарының шағын ғана ауылдардан көптеп шығатынын ескерсек, спортшыларымыз да ел үмітін ақтап, биік белестерді бағындыра береді деген сенімдеміз.

– Ата-бабамыз «Тәні саудың – жаны сау», «Бірінші байлық – денсаулық» деп жан мен тәннің саулығын алдыңғы орынға қояды. «Спорт – денсаулық ке­пілі» екені айтпасақ та түсінікті. Ендеше осы салада болашақ чемпиондар да­йындап, ұлт денсаулығының сау болуы жолында атқарып жатқан еңбектеріңіз жемісті болсын деп тілек білдіреміз. Сұхбатыңызға рақмет!


Сұхбаттасқан
Ердос БЕРКІНБАЕВ

20 тамыз 2022 ж. 478 0