Сіз білесіз бе?

Жаңа датаны бекітуге Мәдениет және бейбітшілік саласындағы іс-қимыл декларациясы мен бағдарламасы идеологиялық негіз болған. Сондай-ақ 2001-2010 жылдарды қамтыған бүкіл ғаламшардың мүддесі үшін бейбітшілік мәдениеті мен зорлық-зомбылықсыз халықаралық онжылдық аясында ұйымдастырылған іс-шаралар шеңберінде халықаралық достық күні атаулы күн ретінде бекітілген.
Бастапқыда БҰҰ мемлекеттік құрылымдарға, сондай-ақ халықаралық және өңірлік ұйымдарға бұл күнді әр елдің дәстүрі негізінде атап өтуді ұсынған. Бұл бастама кеңінен қолдау тауып, бүгінде көптеген елдерде шілде айының соңғы күндерінде арнайы іс-шаралар өткізіліп келеді. Атап өту керек, БҰҰ-ның қарарында әртүрлі халықтар арасындағы достықты нығайту ісіне ерекше мән берілген. Сонымен қатар Халықаралық достық күнінің тағы бір мақсаты – түрлі мәдениеттерді құрметпен қабылдауға бағытталған қоғамдық қызметтерге жастарды, соның ішінде болашақ көшбасшыларды тарту болып табылады.
Достық пен өзара сыйластықты ерекше бағалайтын қазақ халқының бауырмал, көпшіл, қонақжай ел екені белгілі. Дана бабаларымыздан достық ұғымына қатысты көп өсиет қалған. Мысалы, «Досы көпті жау алмайды, ақылы көпті дау алмайды», «Дос – ажарың, жолдас – базарың», «Досы көппен сыйлас, досы азбен сырлас», «Дос есебі – көңілден» деген сөздердің тәрбиелік мәні зор.
«Тт» ақпарат