Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » EgovMobile арқылы алуға болатын құжаттар саны көбейді

EgovMobile арқылы алуға болатын құжаттар саны көбейді

EgovMobile мобильді қосымшасының көмегімен алуға болатын құжаттардың саны арта түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік органдар мен әкімдіктер қызметінде «электронды үкіметтің» бірыңғай платформасы енгізіледі. Бірыңғай платформа бейберекеттікке жол бермейді. Қазір кей азаматтар мемлекеттік қызметтерді смартфон арқылы алу мүмкіндігін талап етіп жатыр. Осы орайда биыл 15 шілде күні Мемлекет басшысы қол қойған цифрландыру туралы жаңа заңға сәйкес EgovMobile мобильді қосымшасының қолдану аясы кеңейтілді»,- деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі цифрлық трансформациялау департаментінің директоры Назгүл Бажаева AMANAT партиясы алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, аталған мобильді қосымша арқылы 19 құжатты алуға болады.

«Сонымен қатар жаңа заңға сәйкес мемлекеттік тіркеу куәліктерін беру тәртібі де өзгереді. Ендігі уақытта туу, неке, ажырасу және қайтыс болғаннан кейін берілетін куәліктер азаматтың egov-тағы жеке кабинетіне жіберіледі. Ал куәліктердің қағаз нұсқасын алғысы келген азамат өтініш жазуы тиіс», - дейді ол.

Айта кетсек, 15 шілде күні Мемлекет басшысы цифрландыру, ақпараттық қауіпсіздікті дамыту мәселелері бойынша өзгеріс енгізу туралы Заңға қол қойды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай жаңа заң аясында қазақстандықтар енді барлық жерде жеке куәліктің электронды нұсқасын қолдана алады.

Сондай-ақ, министрлік өкілі қазақстандықтарға үйдегі интернет операторын таңдау мүмкіндігі берілетінін айтты.
22 шілде 2022 ж. 187 0