Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сот шешімінің орындалуы сот бақылауында

Сот шешімінің орындалуы сот бақылауында

2021 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Респуб­лика­сының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі қол­данысқа енгізілді.

Әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу заңдылық, әділдік, құ­қық­тарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау, соттың белсенді рөлі, әкімшілік сот ісін жүргізудің ақыл­ға қонымды мерзімі, сот актілерінің міндет­тілігі қағидаттары негізінде жүзеге асырылады. ӘРПК-тің новеллаларының бірі ретінде судьяның өзі қабылдаған шешімдерінің орындалуына тікелей ба­қылауды жүзеге асыруы және сот ше­шімі белгіленген мерзімде ерікті түрде орындалмаған жағдайда оларға ақшалай өндіріп алуды қолдану тетігін айта аламыз. Аталмыш новелла ӘРПК-нің «Сот бақылауы» – атты 28-тарауында қамтылған.

Соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін оны 3 жұмыс күні ішінде сот орындау үшін жауапкерге жіберіледі. Ал жауапкер соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап 1 ай мерзімде орындауға және ол туралы сотқа хабарлауға мін­детті. Егер соттың шешімінде белгіленген мерзімде талаптар ерікті түрде орын­далмаған жағдайда, сот ӘРПК-нің 127-бабында белгіленген мөлшерде ақшалай өндіріп алуды қолданады. Соттың ше­шімін, соттың тараптардың татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімін бекіту туралы ұйғарымын орындамағаны үшін сот осы сот актісінде ол 1 айдан аспайтын мерзім ішінде орындалуға жататын мерзімді көрсете отырып, жа­уап­­керге 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолданады. Ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы мәселені қарау өзіне қатысты мәжбүрлеу шарасы қолданылатын адамға алдын ала хабарлана отырып, сот отырысында жүргізіледі. Сот ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы ұйғарым шығарады, оның көшірмесі ақшалай өндіріп алу қолданылатын адамға табыс етіледі. Ақшалай өндіріп алуды төлеу ұйғарым табыс етілген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады және ол республикалық бюджеттің кірісіне өн­діріп алынады. Ақшалай өндіріп алу қолданылған тұлға оны төлеуден босату немесе ақшалай өндіріп алу мөлшерін азайту туралы өтінішхатпен сотқа жүгіну­ге құқылы. Арыз сот отырысында арыз иесін шақырта отырып қаралады.

Ақшалай өндіріп алу қолданылған кезде сот ұйғарымның орындалуын ке­йінге қалдыруға немесе 2 айға дейінгі мерзімге бөліп төлеуді беруге құқылы. Соттың шешімін, ақшалай өндіріп алу туралы соттың ұйғарымын орындамау – дау­­сыз тәртіппен ӘРПК-нің 127-бабының 9-бөлігінде белгіленген мөлшерде, яғни 10 айлық есептік көрсеткішке ұлғайтыл­ған мөлшерде қайтадан ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы.
Жауапкерді ақша сомасын төлеуге міндеттейтін, ерікті түрде орындалмаған соттың шешімі атқару парағының негі­зінде мәжбүрлі түрде орындалады, ол талап қоюшының арызы бойынша жазып беріледі. Атқару парағының маз­мұны, оны жазып беру мен беру, сот орын­даушысының қаулыларын санкция­­лау тәртібі осы тарауда белгіленген ерек­шеліктер ескеріле отырып, АПК-нің қағида­ларында айқын­далады.

Сонымен қатар, сот әкімшілік процес­ке қатысушылардың негізді өтінішхаты бойынша, сондай-ақ өз бастамасы бо­йынша, егер анағұрлым кеш орындау әкімшілік процеске қатысушының құқық­тарына елеулі зиян келтіретін болса не қиындататын болса немесе мүмкін болмаса, соттың шешімін дереу орындауға жіберуге құқылы. Сот актісі дереу орын­дауға жіберілген кезде сот әкімшілік про­цеске басқа қатысушылардың да құқықтары мен жария мүдделерін де ескереді.

Сот кез келген уақытта әкімшілік процеске қатысушының өтінішхаты негізінде дереу орындауға жіберілген сот актісінің орындалуын тоқтата тұруы мүмкін. Дереу орындауға жіберілген сот актілері, егер жоғары тұрған сатының заңды күшіне енбеген сот актісімен күші жойылса немесе өзгертілсе, орындауға жатпайды.

Қазақстан Республикасы Конституциясы 76-бабының 3-тармағына сәйкес, соттар шешімдерінің, үкімдері мен өзге де қаулыларының Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші болады.

ӘРПК-нде қамтылған сот шешімінін белгіленген мерзімде ерікті түрде орын­дамаған жағдайда жауапкерге (әкімшілік орган немесе лауазымды адамға) ақ­шалай өндіріп алуды қолдану шаралары сот шешім мәжбүрлеп орындату арқылы оның құндылығын арттыратыны сөзсіз.

Мемлекеттік басқару органдарына, лауазымды адамдарға құқықтық сал­дар туғызатын әкімшілік актілер шығару құқығы берілумен қатар, тиісті рәсім­дер аясында әрекет ету, заңсыз әрекеттер үшін жауап беру және осындай әрекеттерден келтірілген залалды өтеу міндеттері жүктелген. Бұл норма­лар ӘРПК-да азаматтар мен заңды тұлғалардың құқығын, заңды мүддесін қорғаудың ерекше тетіктері заңдасты­рыл­ғанын көрсетеді.




Р.Алдамбергенов,
Сырдария аудандық
сотының төрағасы

19 шілде 2022 ж. 329 0