Қазақстанда КВИ-ге қатысты қандай шектеулер енгізілуі мүмкін
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният COVID-19 індетінің таралу қарқынына байланысты Қазақстанда енгізілуі мүмкін шектеулер жайында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министр елімізде коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы жаңа тәртіпте жүргізілетінін айтты.
«Сары» аймаққа өткен кезде инфекцияның таралу ошағын оқшаулауға қатысты қосымша шаралар қабылданады. Бұл ретте бизнеске жүктеме түсірмей, тиісті қадамдар жүзеге асырылады.
Ал, «қызыл» аймаққа өткен кезде, өңірлерде «сары» аймақ кезінде қабылданған іс-қимылдарға қосымша тұрғындардың қозғалысын шектеу мен кәсіпкерлік субъектілері қызметіне қатысты шаралар қабылданады. Бұл жұмыстар екі кезең бойынша іске асырылады, сондай-ақ стационарлар мен бастапқы медициналық-санитарлық көмек мекемелерінің жүктемесі ескеріледі.
Осы орайда, ол қабылданатын шаралар бойынша ұсыныстар ведомствоаралық комиссияның қарауына ұсынылатынын айтты.
«Денсаулық сақтау министрлігі тиісті қадамдарды әзірледі. Ведомствоаралық комиссияның келесі отырысында бұл ұсыныстар талқылауға шығарылады. Бұл тұрғыда КВИ-ге шалдыққандармен қарым-қатынаста болғандарға қатысты мәселелер, тиісті шектеулер, індет жұқтырғандарды қашықтан жұмыс істеуге шығару тәртібі ескерілген. Мұнымен қоса, қоғамдық орындар мен қоғамдық көлікте міндетті түрде маска тағу бойынша шаралар қабылданады», - деді министр.
Ведомство басшысы ұшақпен сапарға шығу, көлік қозғалысына және шекарадағы өткізу режиміне шектеулер енгізу мүмкіндігіне қатысты сұраққа жауап берді.
«Менің ойымша, аса қатаң шектеулер болмайды. Қазіргі кезде инфекция да, вирус та өзгеріске ұшырап, індетке шалдыққан адамдар ауруды жеңіл еңсеріп жатыр. «Қызыл» аймаққа енген өңірлерде шектеу шаралары болады, алайда бұрынғыдай күшейтілген тәртіп енгізілмейді», - деді Ажар Ғиният.