Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасы және ұлттық құндылық

Отбасы және ұлттық құндылық

Отбасы – шағын мемлекет және қоғамның бір бөлігі. Сондай-ақ отбасы – халықтың өсіп-өркендеуіне, ұрпақ тәрбиесіне жауапты маңызға ие болатын үлкен инс­титут.

Неке және отбасы екі бөлек ұғым. Отбасы – некеге қа­ра­­ғанда күрделі жүйе. Себебі неке – жұбайларды ғана бірік­тірсе, отбасы – олардың балаларын, туған-туыста­рының беріктігін қамтамасыз етеді.

Неке қай кезде отбасын құрудың негізі болып табылады. Яғни, неке – ер мен әйелдің арасындағы тең құқық­тық одақ. Бұл – заң аясында жазылған ұғым. Некеге тұру ерлі-зайыптылардың сенімін, қамқорлығын арттырып, отбасы алдында, мемлекет алдында бір-біріне деген жауап­кершілігін күшейтеді. Мұның барлығын өмір бірлігі деп бір сөзбен айтуға болады.

Жалпы неке мен отбасын бір-бірінен ажыратып қарауға болмайды. Жас жұбайлар некелік өмірін қалыптастырып, отбасында дүниеге бала әкеліп, дұрыс тәрбие беріп, адам­гершілік құндылықтарды қалыптастырады.

Соңғы жылдары жастар арасында отбасы бірлігіне же­ңіл-желпі қарайтындар көбейіп бара жатқаны жасырын емес. Бір-бірін жеткілікті дәрежеде білмей бас қосып, аз уақытта «мінезіміз жараспады» деген желеумен ажырасып жатады. Мұндай келеңсіздік жауапкершіліктің жоқтығынан және некеге немқұрайлы қарағандықтан орын алады.

Иә, бұрынғының адамдары бір-бірін көрмесе де, білмесе де отау құрып, жақсы отбасы болып, ұрпақ өрбіткен. Ол кезде ерлі-зайыптылар салт-дәстүрге құрметпен қарап, отбасы алдындағы жауапкершіліктің жүгін жете сезінген деген ой болуы мүмкін. Алайда қазіргі жағдайды мүлдем жоққа шығаруға болмайды. Жастардың арасында да бұ­рынғының ізімен, алдымен отбасы бірлігін бәрінен де биік қоятындар да бар. Олар шаңырақтарын шайқалтпай, тату-тәтті ұзақ жыл бірге болады деп сеніммен айтуға болады. Ал «Құдайдың құтты күні» не болса соны сылтау етіп, ұрыс- керіс шығып жатқан отбасында некенің тұрақсыздығы бой алады.

– Отбасы – ең қасиетті де киелі ұғым. Жанұяда қа­лыптасқан салт-дәстүрден бастап барлық құндылық рухани қазына болып саналады. Ұлтымыз қашаннан осы құндылықтарға аса мән берген. Әсіресе, қыз бала тәр­бие­сіне ерте кезден алаңдаған. Қазақта «Анасын көріп, қызын ал» деген нақыл бар. Ана қызын үй шаруасына икемдеп, «болашақта бөтен елдің түтінін түтетін келін болады» деп тәрбиелеген. Қай кезде де өз басым қыздардың жүріс-тұрысына, сөйлеу мәдениетіне, мінез-құлқына, тіпті киім киісіне мән беремін. Оларға «инабатты, кішіпейіл болыңдар» деймін. Жат жұрттық қыздардың болашақта ұр­пақ әкелетінін есте ұстағандары дұрыс. Ал ерте жас­тан тұрмыс құратындарға қарсылығым жоқ. Бөтен жерге барып, сол жердің салтын үйреніп, сіңіп кетуіне жақсы. Ене мен келін арасындағы қарым-қатынас жайында айтатын болсақ, қашанда сыйластықтың жөні бөлек. Ененің айтқанына құлақ салып, әдепті бол­ған келін, сол әулеттің көсегесін көгертеді деген ойдамын, – дейді «Сырдария ауданының әйелдері» ҚБ-нің төрайымы Ұ.Жанәлиева.

Шаңырақ шаттығы – сыйластықта

Біздің отбасымызда төрт бала өстік. Үлкеніміз – әпкем, мен, екі інім бар. Олардың барлығы – қазір бір-бір отбасы иесі. Бір үйдің қос қызы үлкен әулеттің келіні атандық. Өнегелі отбасының келіні ретінде ата мен ененің қас қабағына қарап, оларға қызмет ету алдымен тұрды. Ерте тұрып, кеш жату, күнделікті тірлікпен қоса қызметтен де қалмауға тырыстық. Ол үшін әрине, енем көп көмегін тигізді. «Жас кезіңде бәріне үлгеруге болады, бастысы денің сау болсын, жақсылап ұйықтап алсаң, ертесіне шауып кетесің» дейтін. Марқұм атам елге сыйлы кісі болатын. Күн сайын үлкен шаңыраққа мейман келетін. Барды үлгіртіп, ас-су әзірлеу бір шаңырақ астында тұрған екі келіннің міндеті болды. Ол үшін қабақ шыту деген ой болмайтын. Баланы жылатпау, үйді таза ұстау, ауық-ауық самаурынмен шай қоюға әбден ысылдық. Ол кезде төрт таба нанды ошаққа жабатынбыз. Қазір мұның барлығы ертегі сияқты. Бір-екі жыл қарашаңырақта бірге тұрып, «өздеріңді асырай аласыңдар, бастысы жұмыстарың бар» деп ата-енем ақ батасымен бөлек шығарғанда, әдепкіде біртүрлі болып қалдық. Бірақ күн сайын бір-біріміздің үйімізге келіп, ас-суды бірге ішетінбіз. Мұның бәрі сыйластықтың, ата-ананың берген тәрбиесінің арқасы деп ойлаймын.

Уақыт зымырап өтіп жатыр. Отбасылық өмір жалғасып, көзқуанышымыз балалар дүниеге келді. Қарашаңырақта кенже ұл мен келін қалды. Олар да қызмет бабымен қалаға көшті. Осы ретте ата-енемнің көрегендігі есіме түседі. «Қай­да жүрсеңдер де аман болыңдар, қатарларыңнан қалмаң­дар, кенже ұл қайда болса сонда боламыз» дегені. Қимас­тықпен ауылдан көшкен ақ жаулықты анамыз – ол кезде марқұм енем тірі болатын, үлкен үйді ауылда қал­ған ұлға бізге қалдырды. «Сырттағы балалар әкесінің үйіне келмегенде қайда барады» деп шаңырақтың түтінін түте­туді жалғастыру қайта бізге бұйырды. Берекелі, өсіп-өнген отбасының қарашаңырақтың иесі ретінде өміріміз жалғасуда.

Әжелер мектебі – келіндер өнегесі

Ауданда «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бір­лестігі жанынан бірнеше жылдан бері Әжелер мектебі ашылған болатын. Мұнда ауданға есімі белгілі ақ жаулықты әжелер бас қосып, өздерінің өнегелі өмірі жайлы ой тер­бетеді. Жас келіндерге өсиет айтып, ақыл-кеңестерін бе­реді.

Белгілі тақырыпқа арнайтын басқосуларда ене мен ке­лін арасындағы сыйластық, бала күтімі, келіндер сайысы се­кілді байқаулар, қолөнер көрмелері ұйымдастырылады.

– Қазақта «Жақсы келін – келін, жаман келін – келсап» деген сөз бар. Кім болса да отбасына түскен келіннің жақсы болғанын қалайды. Ал жақсы болу үшін ең алдымен сыйластық керек. Себебі, көп жағдайда шаңырақтың шайқалмауы, отбасында береке-бірліктің болуы ене мен келінге байланысты. Сондықтан қандай жағдайды да ақыл­мен шешуге болады. Келінің жақсы болуы үшін алдымен ене сондай қарым-қатынас жасау керек деген ойдамын, бүгінгі келін ертең ене болады. Сондықтан ата-бабамыз айт­қан «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» дегені рас, – дейді Ұлболған апа.

Әжелер мектебінің белді мүшелері ардақты ұстаздар Ұ.Бекмағамбетова, А.Нұртаева шеберлік сыныптар өткізіп, келіндерге өнеге боларлық істің бас қасында жүр. Олар ысы­рапшылдыққа жол бермеу, тұрмысқа қажетті бұйымдар жасау, құрақ құрау, іскерлік тұрғысында тәжірибесімен бө­лі­суде.

Осы ретте ұлттық құндылықты дәріптеуде, отбасы өне­гесін үлгі етуде салт-дәстүрімізді насихаттап жүрген әже­лердің үлгілі ісі әлі де жалғасын таба бермек.




Бибісара ЖАНӘЛІ

12 шілде 2022 ж. 579 0