Сөз – ырыс, өмір – тыныс
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы еңбеккерлердің жанқиярлық ісін әр нөмірде паш ете отырып, жауға күйрете соққы беруге, Жеңіс күнін жақындата түсуге барша аудан халқын жұмылдыра білді. Майдандағы тереңөзектік жауынгерлердің елге деген ыстық сәлемін, бірқатар талантты азаматтардың жыр жолдарын газет бетінде жариялай отырып, майдан мен ел арасында тығыз байланыс жүргізді. Сол кездегі газет беттерінде:
«Жолдаймын сәлем майданнан,
Ағайын-туыс бәріңе,
Жеңіспен келем оралып,
Фашисті тығып көріне» – деген мазмұндағы солдаттардың сәлем хаттары тұрақты түрде кеңінен жарияланды.
Ағайын-туыс бәріңе,
Жеңіспен келем оралып,
Фашисті тығып көріне» – деген мазмұндағы солдаттардың сәлем хаттары тұрақты түрде кеңінен жарияланды.
Соғыстан кейінгі ауыр жылдардағы колхоз шаруашылығын қалпына келтіру, күріш егуге бет бұру, көп салалы шаруашылық, мәдени өмір, оқу-ағарту салаларындағы жемісті еңбектер баспасөз бетінде жарияланып тұрған. Соғыстан кейінгі жылдардағы баспасөздің елге қуат болғаны оқырман хатында жазылады: «Соғыстан күйзелген халықтың тұрмысы ауыр болды. Сол кезде екінің бірі емес, бәрі десе де болады, жылы сөзді жан жадыратар шуақтай сезінуші едік».
Соғыс жылдарындағы аудандық басылымда ерлікке үндеген материалдар мен жауынгер хаттарынан бөлек, фельетон жанры жиі беріліп тұрды. Басылым тілшілерінің қаламына ілінген олқылықтар фельетон болып жазылып, сыналды. «Сұрапыл соғыстың жүріп жатқан кезі. Аудан шаруашылықтарында егін жинау, астық дайындау жұмысы басталған-ды. Осыған байланысты аудан шаруашылықтарын аралап, сын материалдар жазу жөнінде редактор өтініш жасады. Редакцияда көлік те жоқ. Сол себепті екеуміз (редактор Баймахан Уызбаевты айтып отыр – ред.), сонау «Жартықұм» участогінде орналасқан Жамбыл атындағы колхозға жаяу бардық. Бірер күндей колхозды аралап, іске икемсіз, дөрекі мінезді басшы жайлы «Бригадирдің бас бұзарлығы» деген тақырыпта фельетон жаздық. Сонан кейін партияның XVIII съезі атындағы совхоз бен бұрынғы «Қызылдихан» колхозының тұрғындары Қаншайым мен Тұрсынкүл жайлы жазылған «Ақсаусақтар» атты фельетон жарық көрді».
Ұлы Отан соғысынан кейін БКП (б) Орталық Комитетінің сентябрь пленумының қаулысы газетте сын мақалалардың жиі берілуіне ықпал еткен. Соғыстан кейін елдегі орын алған олқылықтарды жедел жоюды тапсырған қаулы негізінде газетте фельетондар үзбей берілген. Мына естелік осының дәлелі: «Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін орын алған олқылықтарды жою мақсатымен БКП(б) Орталық Комитетінің сентябрь пленумының қаулысы жарық көрді. Осыған орай жер-жерлерде жемқорлар мен парақорларға, ұрылар мен сұғанақтарға қарсы батыл күрес жүргізілді. Сөйтіп арнайы сапармен тағы бір келгенімде Баймахан бұрынғы «Бидайкөл» колхозында орын тепкен олқылықтар жайын тағы да еске салды. Сонан кейін екеуміз шағын шаруашылыққа соғып, деректі материалдарға байланысты «Ымпыл-жымпыл» атты фельетон жазуға тура келді. Тағы бір фельетон жазуға мына оқиға түрткі болды. Жерлесіміз, ғалым Әлішер Тоқмағанбетов соғыс аяқталғаннан кейін туған өлке – Тереңөзекке қайта оралды. Осы асыл азаматтың аман-сау елге оралуына байланысты поселкеде үлкен той болды. Сол тойда бұрынғы военком көкпар тартқан жігіттермен шатасып, оларға қамшы жұмсауға дейін барады. Ертеңіне «Тереңөзектің тентегі» деген тақырыппен фельетон жарыққа шықты.
1951-1955 жылдары «Сталин жолы» газетінің жауапты редакторы қызметін Шілдебай Оңғалбаев атқарды. 1955 жылдың қыркүйегінен 1957 жылдың тамызына дейін «Сталин жолы» газетінің жауапты редакторы Жұмағали Елеуов болды. 1957 жылы газет аты «Еңбек майданы» болып аталған тұста да 1962 жылдың маусымына дейін Жұмағали Елеуов редактор қызметін атқарды. Редактор қиын-қыстау кезеңде, баспахананың техникалық жағы әлсіз, әріптері жетіспейтін уақыттың өзінде білімі мен ұйымдастырушылық қарым-қабілетінің арқасында газеттің мезгілінде, сапалы түрде оқырмандар қолына жетуіне көп күш жұмсады. Тиісті орындардың алдына келелі мәселелер қойып, баспахана жағдайын жақсартуға көмектесті.
Редактор орынбасары Болатбек Аманбаевтың осы тұста газет бетінде жарияланған «Сиқыр сөзді Сырлыбай», «Ахау Семей баяғы басты әніне», «Бұйрықшыл бастық Бекішев», «Рингте Қопабаев» атты фельетондары жарық көрсе, ауыл-село сахнасы үшін «Күтпеген кездесу», «Ішірткі сыры», «Бөліс», «Кәртішке», «Қой үстінде бозторғай» сияқты шағын пьеса, скетчтер мен сын-сықақтар дүниеге келіп, оқырманнан оң баға алды.
Сыр бойының негізгі дақылы күріш егісіне бетбұрыс 1964 жылдан кең өріс алды. Осы жылдары дала академигі Ыбырай Жақаевтың бүкіл облыс еңбекшілерін күріш егуге шақырған үндеуіне үн қосып, Жақаевшылар қатары көбейді, күріштен мол өнім алушылар қатары өсті. Бұл газет бетінде кеңінен жазылды.
1963-1967-жылдар аралығында газет «Сырдария» деп өзгерді. 1963-1965 жылдары «Сырдария» газеті редакторының орынбасары қызметіне бекітілген ауданға белгілі қарымды қаламгер Болатбек Аманбаев 1965-1967 жылдары газеттің редакторы қызметін атқарды. Бұл туралы мынадай дерек бар. Алпысыншы жылдардың бас кезінде аудандар ірілендіріліп, территориялық өндіріс басқармаларына біріктірілді. Сол кезде Сырдария және Тереңөзек аудандары бір басқарма болып, аудандық газет «Сырдария» деген атпен шығарылып тұрды. Бұл жылдары газет бетінде еңбекшілер жайлы очерк жиі жазылды. Журналистердің аздығы газет үшін өзекті мәселе болғанымен, аз тілшінің өзі сапалы дүние ұсыну үшін әрдайым іс-сапарлатып, нәтижесінде әдемі жолжазбалар мен очерктер газеттің сапасын көтерді. Фельетон жанры да газет бетінен түспеді. Мұхтар Сақтаповтың фельетондары оқырмандар арасында айрықша бір қозғалыс туғызып, редакцияға жер-жерден қолдау білдірген хаттар толассыз келіп отырған. Бұл да – оқырмандардың газетке деген таза пейілінің көрінісі.
Аталған жылдардағы газет мазмұны сол кездегі газет қызметкері Ш.Рахметбековтың естелігінде төмендегіше өріледі: «Газетке алғашқы қадамым 1964 жылы август айында жауапты секретарлықтан басталды. Газет пен радионың арасында айырмашылық көп. Газет стиліне қалыптасу үшін көп ізденуге тура келетіндігі өз-өзінен түсінікті. Қашанда газет қызметкерінің ең басты парызы – заман ағымына сай күнделікті жаңалықтарды оқырман назарына оперативті түрде ұсыну. Қазіргі екі ауданның территориясындағы егіс алқаптары мен мал фермаларын аралап қайту үшін кем дегенде үш жүз-үш жүз елу шақырым жол жүруге тура келетін. Оның үстіне ол кезде аудандық газеттің творчестволық қызметкерлерінің штаты қазіргіден әлдеқайда аз болатын. Белсене атсалысып тұратын ауыл-село тілшілері де оншалықты көп емес. Осының бәрі сайып келгенде аудандық газеттің азғантай ғана творчестволық қызметкерлерінен орасан зор жұмыстар атқаруды талап ететін. Сондықтан да әр сапарымызда қойын дәптерімізді фактілерге сықай толтырып әкелуге барынша күш салатынбыз. Әр жолғы сапарымызда аудандық газетке әртүрлі жанрдағы материалдар әжептәуір жиналып қалатын. Әсіресе фельетон жанрларына жұртшылық ерекше ден қоятын».
Бұл жылдар газет бетінде жолсапарлар мен очерктердің жиілігімен ерекшеленеді. Нәтижесінде тілшілер қаламынан «Он алты қыз» секілді циклды очерктер дүниеге келіп, оқырмандар ықыласына бөленді. «Журналистер қауымы үшін ең басты нәрсе – іс-сапар болып есептеледі. Өйткені өмірмен бетпе-бет араласқан сайын қойын дәптерің де фактілерге қомақтана түсіп, көңілге көптеген ой түйесің, кейіпкерлеріңнің іс-әрекеттерімен етене танысасың. Сондықтан әрқайсымыз газет жұмысынан сәл-пәл босай қалсақ, іс-сапарға шығуға құлшынып тұратынбыз. Сол алпысыншы жылдардың бас кезінде қазіргі Сырдария ауданының «СССР-дің 50 жылдығы» атындағы совхозында Баян Құтыбаева бастаған күрішші қыздар қозғалысы кеңінен етек алды. Солардың еңбегін газет бетінде кеңірек көрсету үшін демалыс күнге қарамастан шұғыл тапсырмамен жолға шықтым. Жолай көлік ыңғайымен бірнеше шаруашылықты аралай кетуіме тура келді. Әлі есімде, бас-аяғы бір-екі күндік сапардың қойын дәптерінен «Он алты қыз» деген циклды очеркке қоса ауыл мәдениеті жайлы проблемалық мақала, егіншілер өмірінен бірнеше суреттемелер дүниеге келді. Сол секілді «1 Май» совхозының шопаны, Социалистік Еңбек Ері Айша Меңлібаева және оның ізбасарлары жайлы озат тәжірибе бетін дайындау үшін де осындай шұғыл жол жүріп, аз күнде көп мәселені қамти оралуға тура келді».
Еңбекшілерді насихаттауға үлес қосқан газет тілшісі Сұлтан Қожаниязов бұл тақырып туралы мынадай естелік жазады: «Дәуір талабына сай республикада қой санын 50 миллионға жеткізу міндеті алға қойылды. Осыған орай, «Қараөзек» совхозының бай тәжірибелі шопаны Ахмет Халықов жыл сайын қарауына бекітіліп берілген 670-700 саулықтың әр жүзінен 180-190 қозы алуды қамтамасыз етті. Осы ірі жетістігіне байланысты атақты шопан Ахмет Халықовқа Социалистік Еңбек Ері құрметті атағы берілді. Осыған орай дарқан дала батыры жайлы өмірбаяндық очерк жазылып, «Еңбек туы» газетінде жарияланды. Одан кейін облыстық, республикалық радиоларда айтылып, «Ленин жолы» газетінде жарияланды».
Сол жылдарда жас талапкер ретінде редакцияны төңіректеген Келдібай Уәйісұлы, Асқар Кіребаев, Қайырбек Асанов, Жадыра Дәрібаева алғашқы тырнақалды туындыларын аудандық басылымға жариялап тұрды. Ақын Әскербек Рахымбеков те редакцияда еңбек етіп, мол тәжірибе жинады.
1967 жылы газет «Еңбек туы» деп аталды. Болатбек Аманбаев 1970 жылдың соңына дейін редакторлық қызметті атқарды. Газеттің «Еңбек туы» деп аталуы туралы сол кезде саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі Сейітмұрат Ембергенов былай деп жазады: «1967 жылы Сырдария өндірістік басқармасы бұрынғы ізбен Сырдария және Тереңөзек аудандары болып екіге бөлінді. Осыған байланысты Тереңөзек ауданының өз алдына газеті де болуы тиісті еді. Аудандар қосылмай тұрғанда «Еңбек майданы», аудандар біріккеннен кейін «Сырдария» аталса, ал енді Тереңөзек ауданы өз алдына бөлінгеннен кейін қандай атаумен аталмақ? Ол кезде идеология бөлімінің меңгерушісі Абызбай Маханбетов, мен саяси ағарту кабинетінің меңгерушісімін. Идеологияға байланысты көптеген мәселелер екеуміздің пікірімізбен шешіледі. Бірде Абызбай бірінші хатшының қабылдауынан келіп:
– Сәке, аудандық газетке ат қоюды бізге тапсырды. Қандай атты лайық көресің? – деп маған ерік берген сыңай білдірді.
Мен сәл ойланып отырдым да:
– Бұрынғы аты – «Еңбек майданы». Ол соғыстан кейінгі дәуірге лайық та болар. Қазір еңбек майданша арпалысу емес, жарысумен нәтижелі. Оның нәтижесі ауданымыздың ту алуымен мерейленуде. Сондықтан «Еңбек туы» деп ұсынғанымыз дұрыс шығар, – дедім.
Ертеңіне бюрода ауданның бірінші хатшысы Қонысбек Қазантаев:
– Мына біздің идеологияның жігіттері аудандық газетімізді «Еңбек туы» деп атауды ұсынып отыр. Қалай қарайсыздар? – деді бюро мүшелеріне.
Бір сәт үнсіздік орнады.
– Жалпы, осындай атау бар ма өзі? – деді бірінші хатшы тағы да. Отырғандардан аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы Бектұрсын Бимырзаев:
– Жамбыл облысының газеті солай аталады, – деді.
Қонекең ризалық пішінмен сәл жымиды да:
– Жігіттер біліп ұсынған екен, бекітілсін! Қарсылық жоқ қой! – деп қаулының жобасын мақұлдады.
1967-1992 жылдары «Еңбек туы» газетінде еңбек еткен тілші Дәметкүл Құмақбай былай деп естелік жазады: «Жалпы бөлімде жеті-сегіз адам отырамыз. Газет аптасына үш рет шығады. Форматы кішкентай болғанмен, әлгі газетті толтыру оңай емес. Оның көптеген объективті, субъективті себептері болды. Газет енді аудандық партия комитетінің органы болғаннан кейін түрлі жиналыс, пленум, конференция, слеттің сала құлаш материалдарын күтетінбіз. Екіншіден, қаламгер ағаларымыз «нөмірден қалдың, өмірден қалдың» деген ұранмен өзара «социалистік жарысқа» түскен.
1972 жылдың шілдесінен 1978 жылдың тамыз айына дейін «Еңбек туы» газетіне Ізхан Досмағанбетов редактор болды. Ізхан Досмағанбетов тұсында мектеп оқушыларынан «Жас тілшілер үйірмесін» құрылды. 1984 жылы Ізхан Досмағанбетов редакторлығы тұсында газет жұмысы туралы мынадай дерек бар: «Сол жылдардың бірінде идеология қызметкерлерінің облыстық активі болды да, баяндама жасаған обком хатшысы Дәуірхан Айдаров Аралдың «Толқын» газеті мен Тереңөзек аудандық «Еңбек туы» газетінің шығармашылық жұмысын жан-жақты талдап, жақсы жағынан тыңдаушыларға үлгі еткені бар. Соңынан марапаттау кезеңінде КПСС-тің граматосымен Ізхан маратталды. Кезінде ол үлкен абырой болатын».
1970 жылдан бастап газеттің бейнесі мен мазмұны өзгеріп, арнайы беттер мен жаңа айдарлар ашылды. «Коммунист», «Кең өріс», «Ақмаржан», «Құрдастар» «Тұлпар», «Құйын» «Көріп жүр ғой көздерің, үкімін айт өздерің», «Бірлік бар жерде – тірлік бар», «Асыл мұра», «Шежіре сыр шертеді», «Ауылына қарап азаматын таны» деген айдарлар оқырман сұранысына ие болды. Аудандық газетте алғашқы материалы жарияланған есімі елге белгілі қаламгерлер – Қалтай Мұхамеджанов, Асқар Тоқмағамбетов, Әбілмәжін Жұмабаев, Әбіраш Жәмішов, Төлепберген Тобағабылов, Сейфолла Оспанов, Нұрхан Жанаев, Қанапия Дәрібаев, Қалмахан Нұрғалиев, Қайырбек Асанов, Жадыра Дәрібаева, Бексейіт Шайланов аудандық газетті шыңдалу мектебі деп санады.
1977 жылы басылымда еңбек жолын бастаған Сәуле Ерімбеттің «Еңбек туы» газеті туралы естелігі де сол жылдардағы газет жайынан хабардар етеді: «1977 жылы аудандық «Еңбек туы» газетіне корректор болып жұмысқа орналастым. Аптасына үш рет шығатын газеттің жарыққа шыққанша атқарылатын жұмыстары шаш етектен. Жұрт таңертеңгі сауыннан соң төрт түлігін өргізіп, өріске айдап бара жатқанда біз жұмысымызды енді аяқтап, үйге қайтып бара жатушы едік.
1978 жылы газет редакторы – Абызбай Маханбетов. Бұл жыл туралы мынадай дерек бар: «Газетті ұзақ жылдар басқарған редактор Абызбай Маханбетов өте білімді, сабырлы, байсалды кісі болатын. Сол уақытта жастардан жауапты хатшы Алтынбай Дәуренбеков, радиоұйымдастырушы Сәуле Ерімбетова, Мейрамбек Шілдебаев және мен. Төртеуміз де КазГУ-дің түлегіміз, қолымыздан келгенше газетті тартымды, жақсы етіп шығаруға тырысып бағып жүрміз. Сәуле Ерімбет екеуміз бір кабинетте отырдық. «Мынау менің жұмысым емес» демейді. Кейде бір қарасаң, әдемі киімімен май-май болып, әріп теруші қыздарға көмектесіп, корректор болып отырады. Редакцияның қай жұмысы ақсап жатады, соны атқарып кете береді. Бір күні Алтынбай аға аудандық партия комитетіне жауапты жұмысқа жоғарылап кетті. Оның орнына Сәуле жауапты хатшы болды да, мені Сәуленің орнына радиохабарларын тарату бөліміне бұйрықпен бекітті» деп жазады Дәметкүл Құмақбай.
«Сыр журналистикасының
тарихы» кітабынан
(Жалғасы бар)