Қара қағаз бен хаттың қадірі
Сұрапыл соғыс жылдарында сонау қан майдандағы жауынгер мен ауылдағы жақын туысты үшбу хат жалғады. «Майданнан хат...» деп басталатын хаттар сол кездері көпшіліктің күдігін сейілтіп, сағынышын басатын. Сол бір майдан даласынан жеткен бір жапырақ қағазды жеткізген пошташы да от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің амандығын білдіріп, ерекше қуаныш сыйлаған. Ал кейбір сәтте бір отбасының тірегі саналатын ер азаматтың майдан даласында ерлікпен қаза тапқанын қара қағаз арқылы естірту қандай ауыр десеңізші?! Зар жылаған жары, аңыраған балалары құдды бір сол бір пошташыны кінәлайтындай...
Отан үшін шайқаста сырдариялық жауынгерлер де тілерсектен қан кешіп жүріп, жауға тойтарыс берді. Осы өңірден аттанған сарбаздардың әрбірінің ерлігі тарих беттерінде алтын әріптермен жазулы. Қан майданға аттанған сырдариялық батырлардың көбісі ұрыс дасалында қаза тапса, көпшілігі елге аман-есен оралып, еңбекке араласты. Олар соғыс жылдарында өздерінің амандығын хат арқылы жеткізіп, жақындарын қуантып отырды. Сол сағыныш хаттарында жауынгерлер соғыстағы әрбір күндеріндегі жаумен шайқастарын жазып отырған.
Мәселен, Сталинград майданына қатысқан Жаңақұл Ақназаров елге жіберген хатында соғыстағы алғашқы күні туралы жазған. «Көп ұзамай Сталинградқа жол тарттық. Жолшыбай немістердің самолеттері бомбалап, ілгері жүруімізге кедергі келтіруге тырысты. Сөйтіп, соғыстың алғашқы сұмдық күндерін көріп үлгердік. Тамыздың 25-і күні алаулаған от-жалынның ортасында Сталинград қаласының желке тұсына жетіп, терең сайға орналастық. Артымызда Сталинградтың трактор заводы бар дейді. Бірақ біз оны көріп тұрған жоқпыз. Тамыздың 27-күні таңғы сағат 06.00-де «шабуылға» деген команда берілді. Қарасақ, биіктен бізге қарай неміс солдаттары шабуылдап келе жатыр. Немістер осылай күнде шабуылдайды, біз қарсы аламыз. Кейде біз шабуылға шығамыз. Дегенмен, осы биікті үш күн ұстадық» деп жазған пулеметші жауынгер.
Ж.Ақназаров станокты пулеметшілер ротасында болып, біршама уақыт өткеннен кейін танкілерге қарсы шабуылдайтын ротаға ауыстырылған. Ол аяғынан алған жарақаты салдарынан ұзақ уақыт госпитальда жатып, 1943 жылы ауыр жарақатына байланысты елге оралған.
Сырдариялық Айдар Абдулпаттаев та сұм соғыстан үшбу хат арқылы өзінің сәлемін жолдап отырған. Жауынгер минометші болып ұрысқа кірген. Одан келген хаттар бүгінге дейін сақтаулы. «Анамыз Науша, інілерім Сәпи, Сайпұлла, Бағраш, жеңгеміз Бибігүл, асыл жарым Үмбіш, тегіс аман-сау боларсыздар?! Менің де денім сау, бүгін Отан соғысының қызу майданына кірдім... Мені сұраған туған-туысқандарға құрметті сәлем» деп өзінің амандығын жеткізген. Одан кейін де сағынышты хаттарын жолдап отырған. Сондай хаттардың бірінде «Қымбатты ана! Қан майданға келіп, минометші мамандығын үйрендім. Әдріс белгісіз. Барлық жолдастарым орыс, украин ұлтынан. Полктегі жалғыз қазақ мен. Барлығымыз туған кісінің баласындаймыз. Бауырларыма, маған сұлу Үмбішке сәлеміміді жеткізерсің. Мені көбірек ойлаңдар, бәлкім, сонда тірі қалармын» деген.
Өкінішке қарай, А.Абдулпаттаевтан келетін хаттар 1943 жылдың қазан айынан кейін кілт тоқтаған. Өйткені, полк жанынан командирлік оқуға атттанған жауынгердің майдан даласынан іс-түссіз жоғалып кеткені жөнінде бір жапырақ қағаз келген.
Жанға жара салған майдан даласында жаумен ұрыса жүріп жазылып, бүгінде сарғайған хаттар сол жауынгерлердің көзі іспетті. Сол хаттар арқылы бүгінгі ұрпақтары аталарының ерліктерін біліп, мақтан етеді. Енді «Майданнан хат» келмесін деп тілейміз.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ