Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бір тілде ғана білім алады

Бір тілде ғана білім алады

Биыл білім беру саласы біршама өзгерістермен толықты­рылмақ. Көпшілік үшін жағымды жаңалықтың бірі – бірінші сынып оқушыларының бір тілде ғана білім алуы.

Иә, биылдан бастап мектеп табал­дырығын енді аттаған бүлдір­шіндер үш тілді қатар меңгермейді. Жаңа оқу жылында қазақ мектебінің бірінші сыныбына барған балалар әліппені тек қазақ тілінде оқып үйренетін болады. Бірінші қыркүйектен бастап білім саласына енгізілетін жаңалықтар туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

– Мұның алдында бірінші сыныпқа барған бала қазақ тілімен қатар, ағылшын және орыс тілінің әліппесін оқу керек болды. Бұл 6 жастағы бала үшін қиын. Баланы дамыту үшін ана тілін үйретіп алған өте маңызды. Біз сол шешімді қабылдадық. Биылдан бас­тап қазақ тілді мектепке барған балалар, тек қаза тілінде жазып, үйре­нетін болады, – деді министр.

Әріпті енді үйрене бастаған жас баланың өз туған тілін жетік меңге­руінің маңызы туралы Ахмет Байтұр­сын­ұлы айтып кеткен. «Бала бас­та­уыш мектепте бар пәнді тек ана ті­лінде ғана оқуы керек» деген ұлт ұстазы. Ендеше, көпшіліктің көкейінде жүрген бұл мәселенің шешім табуы тіл мәртебесін арттырудың бірден-бір жолы деуге толық негіз болады.

Сондай-ақ мұғалімдікті мамандық еткен жандардың мәртебесі де назардан тыс қалған емес. Осы ретте елімізде «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң жобасы бар екенін еске сала кетейік.

– Мұғалімдерді өздеріне тән емес жұмыстардан босаттық. Жалақысы өсті. Қазір бұл мәселе негізінде ше­шілді. Соның ішінде әртүрлі құжат, әртүрлі есеп тапсыру бойынша үл­кен проблема болды. Жалпы мен қол қойған бұйрық бо­йынша педагог біріншіден күнделікті электронды журналға баға қояды. Екіншісі күн­­делікті оқу жоспарын дайындай­ды. Бітті, басқа ештеңе болмауы керек. Кім­де-кім осы бұйрықты бұза­тын болса, онда біз оларды қатаң жа­уап­кер­шілікке тартамыз. Алдыңғы жылы осы бағытта 700-ге жуық адам түрлі жа­­уапкершілікке тартылды, – деді пе­да­гогтардың мәртебесін көтеру ба­ғытында атқарылып жатқан жұмыс­тардың нәтиже бере бастаға­нына тоқ­талып өткен министр.





«Тт» ақпарат
12 шілде 2022 ж. 237 0