Кәсіби мерекенің белгіленуі мерейімізді өсірді
Биыл елімізде алғаш рет судьялар мен сот қызметкерлерінің кәсіби мерекесі белгіленді. Енді жыл сайын 24 маусымда сала ардагерлері мен қызметкерлері өздерінің төл мерекелерін атап өтеді. Үкіметтің қаулысымен «Судьялар мен сот қызметкерлері күнінің» мереке ретінде белгіленуін осы салада ұзақ жыл еңбек еткен сот саласының ардагерлерінің және бүгінгі судьялар мен қызметкерлердің қажырлы еңбегіне деген құрметтің белгісі деуге болады. Осыған орай Сырдария аудандық сотының төрағасы Руслан Алдамбергеновпен салада атқарылып жатқан жұмыстар мен жаңашылдықтар туралы сұхбаттасқан едік.
– Руслан Темірханұлы, ең алдымен сізді биыл бірінші рет белгіленіп жатқан төл мерекеіңізбен құттықтаймын!
– Көп рақмет! Өзіңіз атап өткендей, Үкіметтің 2022 жылғы 31 наурыздағы қаулысымен еліміздегі кәсіби мерекелер тізбесі жаңа күнмен толықты. Биылдан бастап 24 маусым «Судья және сот қызметкері күні» ретінде аталып өтілмек. Кәсіби мерекенің бекітілуін сот саласында еңбек етіп жүрген әрбір маман асыға күткені жасырын емес.
Осы мәселе жөнінде отандық бұқаралық ақпарат құралдарында көп мақалалар жарияланды. Онда өз ұсыныс-тілегін айтқан әріптестеріміздің бірі сот жұмысына серпін беріп, судьялар тәуелсіздігін нығайтқан негізгі құжат – «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Заң қабылданған күнді кәсіби мереке ретінде белгілеуді ұсынды. Бұл Заңның 2000 жылы 25 желтоқсанда қабылданғаны белгілі. Сәйкесінше, судьялар мен сот қызметкерлерінің кәсіби мерекесі де 25 желтоқсанда атап өтілуі керек деген ой айтылды. Бұл ұсыныстың да қисыны бар. Себебі судьялар сүйенетін, судьялар тірек етер Заңның қабылдануы – сала үшін үлкен қолдау. Сондықтан мұндай атаулы сәттің мереке ретінде белгіленуі орынды еді. Сонымен қатар кейбір әріптестеріміз Конституция қабылданған 30 тамызды судьялардың кәсіби мерекесі болуға лайықты деген пікір білдірді. Мұндай уәжді де құптаушылар аз болған жоқ.
Ал Үкімет қаулысымен 24 маусымның белгіленуінде үлкен мағына жатыр. Бұл тарихпен, сотқа қатысты заңдармен тамырлас. Еліміз егемендігін алғаннан кейін 1992 жылы 24 маусымда «Қазақ КСР-нің сот жүйесі туралы» Заңға алғашқы түзетулер енгізілген Заң қабылданды. Осы заң Жоғарғы Соттың, облыстық, қалалық, аудандық соттардың, сондай-ақ жаңадан құрылған әскери соттардың сот төрелігін жүзеге асыру тәртібін қамтамасыз етті. Қабылданғаннан бергі 30 жыл ішінде сот жүйесі талай реформаны басынан кешті. Заманауи жаңғыртудың бірнеше кезеңінен сәтті өтті. Міне, сондықтан да игілікті істердің басында тұрған аталмыш заңның сот тарихындағы орны ерекше. Сондықтан сот тарихы бастау алған Заңның құрметіне осы күннің кәсіби мереке ретінде белгіленуі мерейімізді өсірген өте орынды әрі құптарлық іс болды.
– Иә, отандық сот жүйесі көптеген реформаларды бастан өткерді. Жалпы елімізде билер институты, әділдікті ту етіп, қара қылды қақ жарған тұлғалар тағылымының тіні тереңде ғой.
– Дұрыс айтасыз, тарихтың тереңіне көз жүгіртсек, қазіргі Қазақ мемлекетінің ел болып еңсе көтерген дәуірден бергі табиғи болмыс-бітімімен бірге қайнасып, әдет-ғұрпы мен салт-санасынан шыққан заңдар үлгісі – сот ісін биік беделге жеткізгенін аңғаруға болады. Халқымызда «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», «Жан сақтама, ар сақта», «Әділдіктің ақ жолымен жүру – әр азаматтың парызы» деген қанатты сөздер қара қылқы қақ жарып, адалдық пен әділдікті ту етудің мәні мен маңызы жоғары болғандықтан айтылған. Жалпы қай елде, қай қоғамда болмасын заңға арқа сүйеп, тәртіпке бағыну мемлекетті өркендетеді. Ата-бабамыздан бізге мирас болып қалған осы үлгілі үрдіс Тәуелсіздік кезеңінде де лайықты жалғасуда. Сондықтан ашық қоғам кілті әділ төрелікте принципін ұстанып, заң үстемдігін қамтамасыз ету мақсатында еңбек етудеміз.
– Енді аудандық соттың тарихы мен бүгінгі жұмысына тоқталсаңыз.
– Бұл сұрақтың жауабы бір кітапқа жүк болады деп ойлаймын. Десе де, қысқаша айтар болсам, Сырдария аудандық сотының тарихы өз бастауын әріден алған. Бірақ аудандық соттың нақты қай жылы құрылғаны туралы мұрағатта ешқандай дерек жоқ. Ал қолда бар деректер 1928-1933 жылдары аудандық халық сотының төрағасы Әбіш Мейірбанов болғанын растайды. Ол кісі 1933 жылы репрессияға ұшыраған. Ал аудандық сотты 1933-1940 жылдары кім басқарғаны туралы деректер табылмады. 1940-1942 жылдары аудандық халық сотының төрағасы қызметін Өмірзақ Қиязов, 1947-1955 жылдары Қыпшақпай Асауов, 1954-1957 жылдары Баян Рысмендеев, 1963-1965 жылдары Қазбек Өтемұратов, 1965-1670 жылдары Өтеген Жарықпаев, 1970-1976 жылдары Жұмабек Үсенов, 1977-1987 жылдары Жарқынбек Ержанов сот төрағасы қызметін атқарған. Сондай-ақ 1987-1996 жылдары халық сотының төрағасы Тұрмат Баймағанбетов, 1996-2002 жылдары аудандық соттың төрағасы Молдабек Ахметов болған. 2002-2007 жылдары Қайыргелді Темірбаев, 2007-2012 жылдары Абдуллажан Сайдуллаев, 2012-2013 жылдары Гахарман Дүйсенбаев, 2013-2014 жылдары Абдуллажан Сайдуллаев, 2014-2019 жылдары Абдрахман Абдулла сот төрағасы қызметін атқарған. 2020 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес аудандық сот төрағасының міндеті маған жүктелген.
Соттың бүгінгі жұмысы жөнінде айтар болсам, қазіргі таңда заман талабына сай цифрландыру жүйелері енгізілді. Соның нәтижесінде, халық баяғыдай сабылып, сот табалдырығын тоздырып, уақытын жоғалтпайды. Арыз-шағымдарын, өтініш-тілектерін үйден шықпай-ақ, интернет арқылы жолдайды. Сот ісіне қатысушыларға да өзіне керекті ақпаратты алып, сот ісімен танысуына толық жағдай жасалды. Жаңа технологиялардың қатарына «Сот кабинеті» ақпараттық сервисі, «Гибридті электронды пошта» қызметі, SMS-хабарламаларды жөнелту, сот процестерін аудио-видео жүйесі арқылы қарау секілді жаңалықтарды айтуға болады.
– Аталған ақпараттық жүйелер туралы кеңінен айтсаңыз.
– «Сот кабинеті» ақпараттық сервисі – бұл сот органдарының онлайн сервистері мен қызметтерін қолдануға мүмкіндік беретін біртұтас терезе. Осы жүйе арқылы азаматтар, олардың өкілдері немесе адвокаттары ғаламтордың көмегімен өтініштері мен арыздарын электронды түрде жібере алады. Мемлекеттік бажды онлайн режимде төлеу, сот құжаттарын қарау, істің тарихымен танысу мүмкіндіктері де қарастырылған. Сонымен бірге талап арызды электронды үкімет порталы арқылы (www.egov.kz) беру мүмкіндігі көзделген. Оған арнайы берілген үлгіні толтырып, жауапкердің тіркелген немесе тұрғылықты мекен-жайы бойынша аудандық сот таңдалып, арыз мазмұнын, істің дәрежесін және мемлекеттік баж салығының көлемін көрсету керек. Үлгіні толтырған соң талап қоюшы электрондық құжат нысанында талап арыздың және құжаттардың басқа да көшірмелерін қоса тіркеп, талап арызға өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасын қояды. Бұдан соң талап арыз сотқа жіберіледі. Электрондық нұсқада берілген талап арыз жіберілгеннен кейін 30 минут ішінде тиісті сотқа түсіп, тіркеуге алынады. Тиесілі сотта тіркелген сәтте талапкерге электрондық бақылау жүргізуге логин, құпия сөз жолданады.
«Гибридті электронды пошта» қызметі дегеніміз – бұл электронды құралдарды қолдана отырып, қызмет алушыға жеткізілетін қағаз түріндегі хат-хабарлар. Гибридті жолдау технологияларын қолдану кезінде кеңседегі хаттар пошта байланыс бөліміне электронды түрде жолданады, одан әрі қарай пошта бөлімшелері алынған электронды хатты қағаз түрінде басып шығарады және көрсетілген мекен жайға жеткізіп береді. Бұл жерде хат-хабардың жоғалып кету жағдайларына жол берілмейді.
Ал SMS-хабарламаларға келетін болсақ, сот ісін жүргізуге қатысушыға SMS-хабарлама арқылы хабарландыру жіберуді ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің тиісті құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінің жауапты мамандары жүзеге асырады. Сот процесіне қатысушыға хабарландыруды жіберу үшін бірқатар деректерді қамтитын электрондық нысанды толтыру қажет. Атап айтқанда, телефон нөмірі, электрондық пошта мекен жайы, хабарлама шаблоны мен мәтіні. Хабарлама мәтінінде сотқа шақыру туралы хабарланушының тегі, аты, әкесінің аты, соттың атауы және нақты мекен жайы, келу уақыты мен күні, адресат хабарландырылған (шақыртылған) іс атауы, кім ретінде шақыртылып отырғаны көрсетіледі. Электрондық хабарламаны жөнелткеннен кейін жіберу туралы есептің баспалық нысанына хабарламаны жіберген маман қол қойып, сот ісіне (материалына) қоса тіркейді. Жіберілген электрондық хабарламалар туралы мәліметтер үнемі сақталады. Тізімнен жазбаны таңдаған кезде жіберілген хабарлама туралы толық ақпаратты қамтитын электрондық нысан, сондай-ақ басып шығару және хабарламаны қайта жіберу функциялары көрсетіледі. Хабарландыруды SMS-хабарлама арқылы жіберген кезде оның сот процесіне қатысушының нөміріне жеткізілгені туралы ақпарат қолжетімді болады. Сот бойынша жіберілген барлық электрондық хабарлама туралы мәліметтер «Шығыс корреспонденциясы – SMS хабарландырулар» және «Шығыс корреспонденциясы – Email хабарландырулар» көріністерінде көрсетіледі.
Жалпы сот жүйесіне заманауи технологияларды енгізу ең алдымен ашықтықты қамтамасыз етеді. Сол арқылы сот өндірісін жүргізуді оңайлатып, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл болады.
– Енді есепті кезеңде сотта қаралған істер мен сот шешімдері туралы ақпарат берсеңіз.
– 2022 жылдың 5 айында аудандық соттың қарауына 31 адамға қатысты 28 іс түсті. Сондай-ақ 31 қылмыстық іс 35 адамға қатысты қаралып, оның ішінде 14 іс бойынша 18 адамға үкім шығарылды. Ал 8 іс тоқтатылып, 8 іс соттылығы бойынша жолданып, 1 іс прокурорға қайтарылды. Мұнан бөлек есепті кезеңде сот өндірісіне 137 талап арыз түсті. Барлығы 100 азаматтық іс қаралып, оның ішінде 16 іс бойынша сот бұйрығы мен 46 шешім қабылданып, 32 іс өндірістен тоқтатылды. Және де 4 іс қараусыз қалдырылып, 2 іс соттылығы бойынша жолданды және 18 іс қалдыққа қалды. Негізінен, 2022 жылдың 5 айында аудандық соттың өндірісіне 81 адамға қатысты 81 әкімшілік іс түскен. Түскен әкімшілік істердің ішінде 79 іс қаралған. 70 адамға әкімшілік жаза қолданылса, 9 іс тоқтатылған. 1 іс соттылығы бойынша жолданып, 1 іс қалдыққа қалды. Барлық іс медиаторлардың қатысуымен қаралуда. Соның негізінде 29 азаматтық іс, 5 әкімшілік іс, 8 қылмыстық іс аяқталды. Билер кеңесінің көмегімен 3 азаматтық іс тоқтатылды. Есепті мерзімде «Сот кабинеті» сервисі арқылы 114 талап арыз, 81 әкімшілік іс және электронды түрде 31 қылмыстық іс түскен.
– Медиация институты туралы пікіріңізді білсек.
– Халқымызда ұлағатты сөз, өнегелі із қалдырған би-шешендер аз болмаған. Төрелік етуде Төбе би атанған Төле, Қазыбек пен Әйтеке секілді қазылар қара қылды қақ жарып, қазақтың бірлігі мен тұтастығы жолында әділ шешім шығарған. Сонысымен билер қоғамда зор құрметке ие болып, ел билеуші хандардың өздері санасатын саяси қайраткер дәрежесіне дейін көтерілген. Бұрынғы билердің бітімгершілік қызметінің бүгінгі қоғамдағы баламасы ретінде медиаторлардың татуластыру рәсімдерін айтуға болады. Медиация қазаққа таңсық дүние емес. Ол ғасырлар бойы халқымызбен бірге жасап келе жатқан дауласушы тараптарды татуластырудың әдісі, яғни бұрынғы билер билігінің жаңа замандағы жаңғыруы. Қауым болған соң адамдар арасында келіспеушіліктер туындамай тұрмайды. Осындай жағдайларда болмашы кейкілжіңдердің үлкен жанжалға ұласып кетпеуі үшін дауласушы қос тараптың да қалауын қанағаттандыратындай ортақ келісімге келтіру бітімгер – медиаторлардың міндеті. Бабалардан мұра болған бітімгершілік дәстүрінің қоғамның сұранысын қанағаттандыруға қауқарлы екендігін жете түсінген ел билігі 2011 жылдың қаңтарында «Медиация туралы» Заң қабылдап, медиация институты, татуластыру рәсімдері сот жүйесіне қолданысқа енгізіле бастады. Сот медиациясының тиімділігі және оны сот тәжірибесінде жетілдірудің мәселелері қазіргі таңда өзекті болып отыр. Тараптар арасында туындаған даулардың шиеленісе түсетінін жиі көріп жүрміз. Сол келіспеушіліктің салдары екі тараптың сот шешіміне разы болмай жоғары тұрған сот сатыларының табалдырығын тоздыруына әкеп соғады. Бұл өз кезегінде сотқа деген сенімсіздікті арттырып, сот жүйесінің беделіне кір келтіретіні анық. Мұндай жағдайды мемлекеттік келісім осы даулардың қысқартылуын көздеп, екі тарапқа да тиімді ортақ мәмілеге келуіне септігін тигізеді. Сондықтан да болар, қазіргі таңда медиация институтын, татуластыру рәсімдерін еліміздің сот саласында кеңінен қолдану жұмыстары кеңінен қолға алына бастады. Бұл бағытта Сырдария аудандық сотында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Аудан орталығынан медиация кабинеті ашылып, ел ішіндегі дау дамайлар медиатордың көмегімен шешілуде. Сонымен қатар осы медиация заңының талаптарына қатысты сот тарапынан көптеген жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде өзіңіз басқарып отырған жергілікті газетте ақпараттық мақалалар жариялануда. Билер кеңесінің көмегімен 2020 жылы 116, 2021 жылы 51 азаматтық іс тоқтатылды.
– Сұхбатымыздың соңында әріптестеріңізге деген лебізіңізді білсек.
– Сот саласында қызмет еткен судьялар мен қызметкерлерді, сала ардагерлері мен барша әріптестерімді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Жауапты қызметте ел сенімін ақтап, антқа адал болып, жемісті еңбек етулеріңізге тілектеспін. Соттың беделі – мемлекеттің беделі. Сондықтан халық игілігі үшін заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытындағы міндетімізге адал болып, әділетті шешімдер қабылдауымыз қажет. Кәсіби мереке әріптестеріміздің шаңырағына шаттық, береке әкелсін! Осы орайда арнайы бет әзірлеп, ақпараттық қолдау көрсеткен аудандық газет ұжымына да алғысымды білдіргім келеді.
Сұхбаттасқан
Ақтөре Ибрагимұлы
Ақтөре Ибрагимұлы