«Camel Pro» шаруа қожалығы жаңбырлатып суару әдісін қолданады
Қызылорда облысының әкімі Аралдағы сапары барысында Аманөткел елдімекеніндегі «Camel Pro» шаруа қожалығының егістік алқабына барып, жаңбырлатып суару әдісімен танысты, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Аймақ басшысына аудан бойынша жүргізілген егін егу жұмыстары мен қуаңшылыққа қарсы атқарылып жатқан шаруалар баяндалды.
Шаруа қожалық жаңа технологиямен егіс егуге Түркия елінен 3 тонна жоңышқа тұқымын және жаңбырлатып суаратын құрылғыларын сатып алған. Қазіргі таңда жаңа жоңышқа тұқымын себуге дайындық жұмыстары жүруде. Жалпы егістік көлемі 80 гектарды құрайды.
Кәсіпкер өткен жылғы қуаңшылық салдары біраз шаруаға әсер еткенін және жаңа үлгідегі жаңбырлатып суару технологиясын өндіріске енгізу ісін әрі қарай да жалғастыратынын жеткізді.
Өңір басшысы су тапшылығын жою үшін үкіметтен 3,6 млрд. теңге қаржы бөлінгенін, оның ішінде, Арал ауданына тиесілі қаражатқа 10 дана дизельді насос алып, 7 ұңғыманы жөндеп, 4 каналды тазалау жұмыстарының жүргізілетінін атап өтті. Сондай-ақ, мал азығын дайындаудың маңыздылығына тоқталып, қажетті сұранысты аймақта өтеу керектігін тағы бір қаперге салды.