Айтылған мәселе аяқсыз қалмады

Әйгілі қайраткер Серәлі Лапиннің әкесі, қуғын-сүргін құрбаны, көпке шапағаты тиген би-болыс болған Мұңайтпас Лапыұлының бейітін су шайып кетудің алдында тұрғаны бәрімізге ортақ сын. Осы олқылықтың орнын толтыруға, жөндеуге мемлекет те, зиялы қауым да бірдей жауапты. Өйткені тарихи тұлға Сыр өңіріне ғана емес қазаққа ортақ.
– Мұңайтпас Лапыұлының бейіті Қоғалыкөл ауылының маңайындағы осы қорым каналдың жиегінде орналасқан. Бейіттің айналасына егін егілген. Ал қорымға баратын жол жоқ десе де болады. Шеңгелден арпалысып әрең жетесің. Осы жағымсыз жайтты жасырмай, «жабулы қазанды жабулы күйінде» қалдырмай жанашырлықпен жеткізген Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұжымы мен өлкетанушы Жұмабай Байзақұлы еді. Мәселені көтеріп қана қоймай, оның шешілуіне де өздері ұйытқы болып жатқаны қуантып отыр, – дейді Дәурен Сейітжанұлы.
Мәселе көтеріліп, ақпарат құралдарында жарияланғаннан кейін Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Көзейбаев бастаған облыстық «Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі» КММ директоры Ерғазы Алданазаров, Мұңайтпас Лапиннің ұрпақтары киелі орынға барды. Бұл істің басы-қасынан өлкетанушы Жұмабай Байзақұлының жанына топтасқан азаматтар кетпен-күрегін арқалап табылды. Сондай-ақ облыс орталығындағы Серәлі Лапин атын иеленген мектептің директоры Қарлығаш Абдрахманованың тапсырмасымен білім ордасының Болат Оразбаев, Елдос Басқожаев, Шынболат Бисенов есімді қызметкерлері де Қоғалыкөлге табан тіреді. Бәрінің ортақ ниеті – Мұңайтпас Лапин жерленген, «құмда қалған» қорымда сенбілік өткізу болатын. Осы мақсат жолында техниканың және адамның күшімен қорымға баратын жол тазаланды. Бастамашыл топ алдағы уақытта жан-жағын қоршауды жоспарлап отырғанын да айта кеткеніміз жөн. Ең бастысы, Мұңайтпас Лапиннің зиратын мемлекет қорғауына алып, арнайы тізімге енгізбек.
Бұл мәселені жеке бақылауға алған облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемовке, сөзден бірден іске көшкен музей директорына және басқа да азаматтарға қоғалыкөлдіктердің айтар алғысы шексіз. Бұл қазақ халқына бергені көп Лапиндер әулетіне ғана емес, тамыры терең тарихымызға деген құрметтің белгісі іспетті. Ескере кетерлік мәселе, бұл іс, яғни Лапиндердің еткен еңбегін дәріптеу мен мұраларын сақтау жұмыстары мұнымен тоқтамауы тиіс.
А.СЕЙІЛОВ