Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Түркияның ұшқышсыз басқарылатын ANKA ұшағы Қазақстанға жеткізіледі

Түркияның ұшқышсыз басқарылатын ANKA ұшағы Қазақстанға жеткізіледі

Түркияның әскери техника, оның ішінде түрлі маркалы ұшқышсыз басқарылатын ұшақтар өндіретін Turkish Aerospace компаниясының бас директоры Өмер Йылдыз Anadolu ақпарат агенттігіне ANKA ұшқышсыз ұшақтарының алғашқы партиясы Қазақстанға 20 маусымда жеткізілетінін мәлімдеген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Йылдыз сондай-ақ бұрыннан қолданыста болған MAM-L және MAM-C шағын зымырандарымен бірге ANKA үшін арнайы басқарылатын ауырырақ Kuzgun оқ-дәрілері жасалғанын атап өтті.

«Реактивті қозғалтқышы бар Kuzgun басқаларына қарағанда ауыр, салмағы 100 келіге дейін жетеді. Ол салмағы 60-90 келіге дейінгі оқтұмсықты көтеруге қауқары бар. Оның қатты отынды қозғалтқыш жүйесі бар және әлдеқайда үлкен қашықтықты еңсереді. ANKA Kuzgun-мен айдың соңына дейін жабдықталады», деді ол.

Еске сала кетейік, 10 мамырда Қазақстан мен Түркия әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Анкара технологияны тасымалдап, Қазақстан армиясы үшін ұшқышсыз ұшақтарға техникалық қызмет көрсету және жөндеу үшін кадрларды оқытады. Қазақстан түріктердің ұшқышсыз ұшақтарын шығаратын алғашқы шетел мемлекеті атанды.

«Жаңа келісім бауырлас Қазақстанмен достық байланысты одан әрі нығайта түседі», деп атап өтті түрік тарапы.


Түркияның квазисекторлық «Түрік аэроғарыш кәсіпорны» (TUSAŞ) бұл ұшқышсыз аппаратты 2004 жылы Түркия қарулы күштеріне арнап, құрастыра бастап, 2010 жылы алғаш сынақтан өткен. Ұшқышсыз ұшақтың максималды ұшу салмағы 1700 кг және 350 кг-ға дейінгі салмағы бар жүкті көтере алады. Ұшу уақыты – 9000 метрге дейінгі максималды биіктікте 30 сағатқа дейін жетеді. Қанатының құлашы 7,5 метр, ал ұзындығы шамамен 8 метр.

09 маусым 2022 ж. 309 0