«МӘМС жүйесіне тарту» жұмыс тобы тұрғындармен кездесті
Қызылорда облысында «МӘМС жүйесіне тарту» жұмыс тобы өз жұмысын бастады. Жақында ақпараттық-насихаттау тобы аудандарда тұрғындармен кездесті.
МӘМС жүйесінің басталуымен ел халқының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен қамту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл мәселе Үкімет тарапының ерекше бақылауында. Облыс әкімінің орынбасарының төрағалығымен өткен Өңірлік штабтар аясында МӘМС жүйесінің өзекті мәселелері мен оларды шешу жолдары талқылануда. Мәселен, облыс басшылығының тапсырмасы бойынша «МӘМС жүйесіне тарту» жұмыс тобы құрылды. Жақында ақпараттық-насихаттау тобының мүшелері қала, аудан, ауыл тұрғындарымен кездесті.
- Биыл аймағымызда халықты МӘМС жүйесімен қамту бойынша Жол картасы бекітілді. Осы іс-шаралар жоспарында денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, еңбек саласындағы бақылау басқармаларының, мемлекеттік кірістер департаментінің, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының филиалдарының, сондай-ақ аудандардың, Қызылорда, Байқоңыр қалаларың әкімдіктерінің және барлық тиісті жергілікті атқарушы органдардың бірлескен іс-қимылдары айқындалған. Біздің басты мақсатымыз – барлық азаматтар сапалы медициналық көмекті толық көлемде алуы үшін халықты МӘМС жүйесімен қамту, – деп атап өтті жұмыс тобының мүшесі, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалының бөлім басшысы Абылайхан Рахымов.
А.Рахымовтың айтуынша, МӘМС жүйесінде облыс тұрғындарының 83% - ы сақтандырылған, бірақ 136 мыңнан астам қызылордалықтар медициналық көмекті толыққанды алу мүмкіндігінен айырылып отыр. «Сақтандырылған» мәртебесін алу үшін соңғы 12 айда МӘМС жүйесінде төлемдер болуы тиіс. Осыған байланысты, белсенді емес халықты бірыңғай жиынтық төлемді үздіксіз төлемдеріне тарту тапсырылды. Сонымен қатар, тиісті басқармаларға мемлекеттік және бюджеттік мекемелердің қызметкерлеріне МӘМС-ға жарналар мен аударымдарды уақтылы төлеу туралы тапсырмалар берілді. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Жұмыс берушілер қызметкерлердің ақылы еңбек демалысына және еңбекке жарамсыздық демалысына шыққан кезде бухгалтерлердің жарналарды есептеуіне ерекше назар аударуы керек. Сондай-ақ, аудан әкімдеріне 15 жеңілдік санатындағы азаматтарға медициналық көмектің қол жетімділігіне мұқият бақылауға алу және халыққа МӘМС жүйесінің артықшылықтарын түсіндіру тапсырылды.
Жұмыс тобы өз жұмысын жалғастыруда. МӘМС мәселелері бойынша өңір халқымен кездесулер тоқсан сайын өтетін болады.