Оңалту орталығының ұжымы оң өзгерістер күтеді
Бүгін партия жанындағы республикалық штабтың мүшелері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутатты Бақытек Смағұл мен Геннадий Шиповских Талсуат ауылындағы мүгедектерді оңалту орталығының ұжымымен кездесу өткізді.
Республика бойынша өткізілетін референдум төңірегіндегі маңызды сұрақтарға жан-жақты жауап берген депутаттар қоғамдық ой-пікірді талқылап-таразылады.
«Конституцияға енгізілгелі отырған өзгерістерде мемлекеттің басты капиталы – халқы және елдің, жердің иесі де сол халқы екенін айқындайтын басымдықтар бар. Өзгеріс өзімізге керек. Конституциямызға енгізілетін өзгерістерді бекіту үшін өтетін референдумның мәні мен маңызы осында. Елдегі реформаларға құқықтық негіз болатын өзгерістер халық талқысына салынып отыр. Ендеше, оны қолдап, дауыс беру – елге жүктелген жауапкершілік. Тәуелсіз Қазақстанның ең басты құжаты – Конституциясы. Ал ондағы жазылған әрбір сөз, әрбір тыныс белгісі маңызды рөл атқаратынын жастар түсінуі керек. Қазірден елдегі орын алып жатқан өзгерістерді дұрыс саралап, ой түйіп, немқұрайлылық танытпау қажет» – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл.
Жалпы Жолдау аясында Қазақстанның жалпы жүйелік трансформациясына ықпал ететін және мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының жаңа парадигмасын айқындайтын саяси реформалардың 10 басым бағыты белгіленгені белгілі. Конституцияға енгізілетін өзгерістер сол бағыттарды жүзеге асырудың заңдық негізі болады. Өйткені реформа саяси, құқықтық, партиялық жүйені, мемлекеттік билік бөлінісінің принципін өзгертеді. «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі оңалту орталығының еңбек ұжымына алдағы өзгерістерден нақты не күтуге болатынын түсіндіріп, мемлекет үшін маңызды сәттен қалыс қалмауға шақырды.
Жиын барысында орталық қызметкерлері референдумға қатысты мәліметтерді мұқият тыңдап, 5 маусым күні дауыс беруге бірауыздан баратындарын айтты.