Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Пәндік олимпиада жеңімпаздарына Темірбек Жүргенов атындағы білім гранты табысталды

Пәндік олимпиада жеңімпаздарына Темірбек Жүргенов атындағы білім гранты табысталды

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде пәндік олимпиада жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтіп, мектеп бітіруші түлектерге 20 білім гранты табысталды.

Пәндік олимпиада университеттің ұйымдастыруымен Ұлттық біріңғай тестілеуде бар 18 пән бойынша 16 сәуір мен 11 мамыр аралығында өткізілген болатын.


Білім бәйгесіне облыстағы мектептерден 1224 оқушы қатысты. Бірінші кезеңде e-univer.korkyt.kz платформасы арқылы тест тапсырса, екінші кезеңде шығармашылық тапсырмалар орындады. Олимпиада нәтижесінде 20 оқушы топ жарып, университеттің 15  білім беру бағдарламасы бойынша ішкі білім грантын иеленді.                   

Жеңімпаздарды марапаттау салтанатында Басқарма Төрағасы – Ректор Бейбіткүл Кәрімова олимпиадада шын мықтылар анықталғанын атап өтті.

Пәндік олимпиада – оқушының қандай мамандыққа бейім екенін айқындайтын, білім көрсеткішін саралайтын сынақ. Мұндай білім бәйгелерінде шын үздіктер анықталады.

Биыл пәндік олимпиада жеңімпаздарына Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 20 гранты тағайындалды.

Оның ішінде «Қазақстан тарихы», «Қазақ әдебиеті», «Қазақ тілі» пәндері бойынша 3 білім гранты көрнекті мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің атынан  тағайындалды. Темірбек Жүргеновтің ел үшін атқарған еңбегі, өмір жолы  тәуелсіздік тізгінін сеніп тапсыратын болашақ жастарымызға үлкен жауапкершілік жүктейді.

Университет  тарапынан «Математика» пәні бойынша 2 грант Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбек еткен педагогика ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Сайлыбаевтың атынан тағайындалды.

Алдағы оқу жылында университеттегі білім алушылар қатары дарынды жастармен толығатынына қуаныштымыз. Білімді әрі тәрбиелі, мақсаты айқын білімгерлердің ел үмітін ақтайтын сапалы маман болып шығарына сенімдімін, – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.

Салтанатты шараға Т.Жүргенов қоғамдық қорының өкілдері Әмит Жұмағұлов, Артур Сүлейменов, Әмір Шәймағамбетов және Бақытжан Сайлыбаевтың ұлы, құқық қорғау саласының қызметкері Әділ Сайлыбаев қатысып, оқушыларға грант табыстады.

 Айта кету керек,  «Журналистика», «Биология» пәндері бойынша өңірлік олимпиада Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының бірлесуімен өткізілді. Олимпиадаға оқушылардың қатысуын ұйымдастыру Қызылорда облысы білім басқармасының қолдауымен жүргізілді.






Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
медиа орталығы
25 мамыр 2022 ж. 378 0