Мәжіліс депутаттары Айдарлы ауылы халқымен кездесті
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Бақытбек Смағұл мен Геннадий Шиповских Айдарлы ауылында болып, жалпыхалықтық референдумның маңыздылығы бойынша кездесу өткізді. Мәжілісмендермен қатар аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Е.Жақып және аудандық мәслихат депутаты А.Қалдыбаева кездесуге қатысты. Айдарлылықтармен кездесу барысында Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Референдумды өткізу туралы бастамасының мәні мен мағынасы бағытында сөз қозғалды. Мәжіліс депутаттары Конституцияға өзгерістер енгізу туралы халыққа түсіндірудегі ақпараттық-насихаттық жұмыстарда белсенді болатындарын жеткізді.
Жаңа Қазақстанды құру үшін Ата Заңымызды жаңаша, яғни қазіргі заманның талабына сай етіп бекітіп алуымыз керек. Президенттің бұл бастамасын ел болып қолдауға және 5 маусымда өтетін референдумға бірауыздан атсалысуға шақырамын, – деді Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл.
Біз мемлекеттік жүйені жетілдіріп, қоғам мен биліктің тиімді диалогын орнатамыз. Осылайша, біз Мемлекет басшысымен бірге Жаңа Қазақстанды қалыптастырамыз. Бұл үшін бізге бірлік пен ынтымақ қажет. Сондықтан баршаңызды Референдумды қолдауға шақырамын – деді Геннадий Шиповских.
Өз кезектерінде айдарлы ауылының тұрғындары Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бұл бастамасын толықтай қолдайтындықтарын атап, 5 маусымда өтетін референдумға атсалысатындықтарын жеткізді.