Жас актердің бағындырар белесі көп
Бүгінде «Qazaqstan» ұлттық телеарнасында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының тапсырысы негізінде «Ынтымақ ауылы» телехикаясы көрсетілуде. Көрермендердің көзайымына айналған телехикаяның басты рөлінің бірін сырдариялық жерлесіміз Нұржан Әбіласан ойнауда. Жас актермен «1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күні» мерекесі қарсаңында дидарласудың сәті түсті.
Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Ынтымағы жарасқан еліміздегі ұлттар татулығын кеңінен дәріптеуге арналған «Ынтымақ ауылы» телехикаясының бас продюсері – Ернар Мәліков. Ал қоюшы-режисері – Мерей Маханов. Негізінен, телехикая Алматы қаласында түсірілген. Жас актер Нұржан Әбіласан телехикаяға түсу үшін өткен жылы онлайн кастингтен өткен. Ол Ынтымақ ауылындағы Марат есімді қазақ жігітінің рөлінде ойнайды.
– «Ынтымақ ауылы» телехикаясы менің шығармашылығымның негізгі бір белесі саналады. Осыған дейін театр сахнасында түрлі образдарды сомдаған болатынмын. Телехикая мазмұны еліміздегі ұлттар арасындағы достықтың, бірліктің, татулықтың үлгісін көрсету болып табылады. Сценарий авторлары берекесі тасыған ауылда өзге ұлт өкілдерінің тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін жан-жақты суреттей білді. Өз басым жас актер ретінде кәсіби мамандармен бірге жұмыс жасап, тәжірибе жинақтадым. Түсірілім барысында түрлі қиындықтар, қызықты оқиғалар кездесті. Барлығы – актер үшін өмірлік сабақ. Бұл кәсіби тұрғыдан өсудің алғышарттары екені рас, – дейді Нұржан Әбіласан.
Жалпы, «Ынтымақ ауылы» телехикаясында Алмат Сақатов, Майя Веронская, Рахат Халық, Нұрматбек Қизатұлы, Марат Көккөзов секілді елімізге танымал актерлер ерекше образдарымен көрермен есінде қалуда. Осы телехикаяға шақырту алған Нұржан Бауыржанұлы – №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің түлегі. Жас актер Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясында «Театр өнері» факультетінде «Музыкалық театр және кино әртісі» мамандығы бойынша білім алған. Бүгінде ол Павлодар облыстық Ж.Аймауытов атындағы қазақ-музыка драма театрында қызмет етеді. Жақында жас актер Людмила Разумовскаяның «Қымбатты Елена Сергеевна» атты драмасы бойынша премьерасын өткізді. Драмада сырдариялық жас өрен Витя деген жігіттің рөлін сомдайды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ