Ерғали Мұхиддинов Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, дене шынықтыру және спорт кафедрасының меңгерушісі: «Қазақ күресінің дамуына өз үлесімді қосқанымды мақтан тұтамын»
– Ерғали аға, алдымен журнал оқырмандарына сізді таныстырып өтсек. Өзіңіздің туып-өскен жеріңіз бен балалық шағыңыз туралы айтып бересіз бе?
- Мен 1950 жылы Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысының Ордабасы ауданы, Қараспан кеңшары, Жамбыл бөлімшесінде дүниеге келдім. Әкем мал дәрігері болғандықтан менің кішкентай кезімде Отырар ауданына көшіп, сол жерде өмір бойы еңбек етті. Менің балалық шағым осылайша Отырардың Байырқұм Сүткен Ақтөбе кеңшарларында өтті. Бұл жақта мектеп сегізжылдық болғасын орта мектепті Арыс қаласында бітіріп шықтым. 1978 жылы Қазақтың дене шынықтыру институтын үздік бітірдім.
-Спортқа алғаш келген кезіңіз есіңізде ме?
- Мен спортты Арыс қаласына келгенде бокстан бастадым. Алғашқы бапкерім Арыстан Сәрсенбаев болды. Кейін әскер қатарында жүргенде самбо күресімен айналыстым. Самбодан жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, батальонды ұтып алып, Орта Азия мен Қазақстан чемпионатына қатыстым. Әскерден келгесін қазақ күресімен айналысып, екі мәрте Социалистік еңбек ері Жазылбек Қуанышбаев атындағы Орта Азия және Қазақстан турнирінің чемпионы болдым. Спорт шебері атандым.
-Еңбек жолыңызды қайдан бастадыңыз?
-Еңбек жолымды өзім жоғары білім алған Қазақтың дене шынықтыру институтында күрес және семсерлесу кафедрасында оқытушы болып бастап, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі болдым. 1984-1996 жылдары Алматы зоотехникалық мал-дәрігерлік институтында дене тәрбиесі кафедрасының меңгерушісі болсам, 1996-2005 жылдары Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінде, 2005-2007 жылдары Қазақ көлік және коммуникация академиясында, 2008-2009 жылдары Қазақ Спорт және туризм академиясының шығыс жекпе-жегі кафедрасында меңгерушісі болдым. 2009 жылы тұңғыш рет құрылған ұлттық спорт түрлері кафедрасының меңгерущісі болдым. Бүгінгі таңда Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, дене шынықтыру және спорт кафедрасының меңгерушісі қызметіндемін.
-Сіз қазақ күрес федерациясының тұңғыш президенті болып табыласыз. Енді осы жөнінде толығырақ айтып берсеңіз?
- Ата-бабадан келе жатқан ұлттық өнеріміз қазақ күресі жойылып кетпеу үшін біз Кеңес үкіметі кезінде Алматы қалалық қазақ күрес федерациясын құрған едік. Тек онымен шектелмей Алматыдағы жоғары оқу орындары арасында қазақ күресінен ай сайын жарыстар өткізіп тұрдық.1981 жылы Семей қаласында өткен республикалық турнирде Қазақ КССР-ның қазақша күрес федерациясы құрылды. Ол кезде президент емес төраға деген лауазым болды. Мені бірауыздан федерация төрағасы етіп сайлады. Осылайша тұңғыш төраға болу маған бұйырды.1991 бұрынғы мызғымастай болып көрінген Кеңес одағы ыдырап, 15 республика өз Тәуелсіздіктерін алған кезде қазақ күресі тағы да ешкімге керек болмай далада қалды. Қазақ күресінің жанашырлары күресіміз жоғалмасын деп, Керекуде бас қосып, сол кезде ауруханада жатқан мені шақырып алып, президнт қылып сайлады. Бұл туралы «Қазақ әдебиеті» газетінде көлемді мақала шыққан болатын.
Мен федерация басқарған жылдары біраз жұмыстар атқарылды десем артық болмас. Атап өтер болсам ең алдымен қазақ күресінің ережесін жазу, жаттықтырушылар мен төрешілердің міндеттері мен лауазымдық құзіреттерін айқындайтын нормативтік актілерді жасап, оны бекіту және өмір тәжірибесіне енгізуге ат салыстым. Жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттерге арналған «Қазақша күрес» оқу -әдістемелік құралын жазып шықтым. Бұл еңбек әлі күнге ұстаздар мен студенттердің пайдасына жарап жүр.
Бірақ ол кезде елдегі жағдай өте қиын болды. Алматы мал-дәрігерлік институтының жәй ғана кафедра меңгерушісі болып жұмыс жасайтын менің федерацияны одан да биік белестерге көтеруге шамам келмей қалып жатты. Содан ойлана келе сол кездегі ҚР Білім және ғылым министрі Шайсұлтан Шаяхметовке министрдің қолында маған қарағанда билік бар ғой деген оймен федерацияны тапсырдым. Ол кісі өзі самбошы, самбодан қазақтан шыққан тұңғыш КСРО спорт шебері болған адам ғой. Қазақ күресі мен самбо федерациясын біріктіріп басқарды. 1998 жылы республикалық қазақ күрес федерациясы самбодан бөлініп, өз алдына дербес федерация болып құрылды. Бұдан басқа дүниежүзілік қазақ күрес федерациясы да құрылып, ұлттық күресіміз әлемге таныла бастады. Қазіргі таңда қазақ күресін әлем танып, мойындай бастаса, осы көштің басында өзім болғанымды мақтан тұтамын.
-Сіз шәкірті ең көп бапкерлердің бірісіз. Сол көптеген шәкірттеріңіздің ішінен кімдерді ерекше атап өтер едіңіз?
- Дұрыс айтасың. Мен шәкірті көп бапкерлердің бірімін деп ойлаймын. Олардың арасынан ұзақ жыл Оңтүстік Қазақстан облысы спортын басқарған Полат Қырықбаевты ерекше айтар едім. Полат самбодан да, қазақ күресінен де спорт шебері. Әлі есімде 1982 жылы өткен универсиадада Полат сол кездегі самбодан еліміздегі нөмірі бірінші балуан Гадаевпен кездесті. Сол жарыста шәкіртім қазақ күресінің әдістерін қолдана отырып, жеңіске жетті. Полат кейін өзі де шәкірт тәрбиелеп, самбодан Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы атанды. Көптеген биіктерді бағындырып, Ордабасы ауданының құрметті азаматы атанды. «Құрмет» орденінің иегері болды. Ұстаздан шәкірт озса ол да бір бақыт деген осы.
- Сізді қазақ күресінен еліміз бойынша тұңғыш Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы атағына ие болған деп естиміз? Және қазақ күресі туралы оқулық та жазыпсыз. Осы жөнінде айта кетсеңіз?
- Дұрыс айтасыз, мен қазақ күресінен тұңғыш Қазақ КССР-іне еңбегі сіңген жаттықтырушы атағын алғаным рас. Кеңес үкіметі кезінде ұлттық спорт түрлерінен еңбек сіңірген жаттықтырушы атағын ешқашан бермейтін. Заң бойынша қазақ күресінен 30-40 спорт шеберін дайындаған бапкерге берілсін деп жазылса да, спорт комитетіндегілер бере алмады. Сол кезде бұл мәселеге Виктор Матвеевич Рамко деген министрдің орынбасары араласып, 1984 жылы маған бұл атақты бірінші рет бергізді. Бұл туралы «Спорт» азетінде «Жоғары дәрежедегі спорт шеберлерін дайындағаны үшін қазақша күрестен «Е.Мұхиддиновке («Буревестник») Қазақ КССР-не еңбегі сіңген жаттықтырушы атағы берілді» деп жазылды.
Ал енді оқулыққа келетін болсақ, ол кезде қазақ күресі туралы кітаптар мүлдем болған жоқ. Сосын мені Қазақстаннан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Анатолий Колесовты дайындаған атақты бапкер ҚазақССР-нің және СССР-дің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Петр Матущак пен исі қазаққа белгілі қазақ жастар арасынан тұңғыш шыққан СССР спорт щебері Қазақстанға еңбек сіңген жаттықтырушы Қабден Байдосов екеуі мені шақырып алып: «Ерғали қазақ күресі туралы жазылған оқулық жоқтың қасы, осы шаруаны сен қолға алшы. Қазақ күресінің маманысың ғой. Біз саған батамызды береміз», деген ұсыныс айтты. Осылайша 1984 жылы мен жазған «Қазақша күрес» оқулығы «Қазақстан» баспасынан жарық көрді.
Жалпы менің 15 оқулығым жарық көрді. 250 ғылыми-көпшілік мақалам шығып, 7 өндіріске енгізілген жаңалығым бар.
Олардың ішіндегі маңыздысы жоғарыда айтқан «Қазақша күрес» оқулығы («Қазақстан» баспасы, 1984 жыл), сосын Қазақша күрес бойынша жалпы білім беретін мектептерге арналған бағдарлама (1995), П.Матущакпен бірге жазған «Қазақша күрес» кітабы («Рауан» баспасы, 1995), «Палуандар ұстазы» Деректі повесть, (1997), «Қазақша күреске арналған қондырғылар» оқу құралы (2004), С.Дайрабаевпен бірге жазған «Спорт және дене тәрбиесі теориясы» оқу құралы (2004), П.Матущакпен бірге жазылған «Қазақша күрес» кітабы («Мектеп» баспасы, 2011 жыл). Тұңғыш рет Қазақ күресі атауымен 2012 жылы Мухиддиновтың қазақ күресі оқу құралы жарық көрді.
- Қазақ күресі бұрын қазақша күрес деп аталды. Бүгінгі атауы қалай пайда болды?
- Өте орынды сұрақ. Мен ауылда өскен баламын ғой. Біздің ауылда ешкім қазақша күрес деп айтпайтын. Бәріміз қазақ күресі дейтінбіз. Қазақша күрес деген сөз көңілімнен шықпайтын. Сосын осы жөнінде көптеген адамдармен, филолог ғалымдармен сөйлестім. Қазақтың алыптары Әбілсейіт Айханов пен Әбдісалан Нұрмаханов туралы жазылған «Даңқ тұғырында» деген кітаптың авторы Қалдарбек Найманбаевпен бір күні кездесіп, осы сұрақты қойдым. Ол кісі маған: «Қазақ күресі деген сөз адамға рух береді және патриоттық сезімге бөлейді» деп жауап берді. Осылайша қазақша күрес деген атаудан құтылып, ұлттық өнерімізді қазақ күресі деп өзгерттік.
- "Доссыз адам - қанатсыз құспен тең", деген бар. Достарым деп кімдерді атай аласыз?
- Мен достарым деп маған ақыл-кеңес берген, әрқашан адал болған жандарды айта аламын. Мысалы мен досым деп жасы үлкен болса да үнемі қолдау көрсеткен исі қазаққа танымал бапкер, еркін күрестен тұңғыш КСРО спорт шебері Қабден Байдосов, грек-рим күресінен тұңғыш КСРО спорт шебері Сәбит Сатыбалдиев, КСРО-ның екі дүркін чемпионы Асқантай Иманқұлов, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, кезінде боз кілемде қарсылас шақ келтірмеген Сайлау Мұқашев, жастар арасында еркін күрестен КСРО чемпионы Спандияр Майбасов және жастары үлкен болса да нағыз жолдас бола білген ҚР еңбек сіңірген мұғалімі ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы СССР спорт щебері самбо күресінен Диханбай Биткөзов, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы және СССР-дің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, СССР спорт щебері самбо күресінен Марат Жақытовтарды өзімнің достарым деп санаймын.
- Мен сізді атақты Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың ұстазы деп естігем. Осы сөз қаншалықты шындық?
- Бұл сұрақ маған біраз жерлерде қойылып жүр. Мен шама келсе жауап бермей кететінмін. Бірақ енді «Спорт жұлдыздары» журналының оқырмандары үшін айтып берейін. Жақсылық алғашында Семейдің мал-дәрігерлік институтын бітіріп, кейін Қазақтың дене шынықтыру институтына түсті. Сол кезде мен оған сабақ бергенім бар. Сол себепті ол мені үнемі ұстазым деп айтып жүрді. Осыдан бірнеше жыл бұрын қазақ күресінен Қытайда өткен әлем чемпионатында сол додаға құрметті қонақ болып келген қазақ күресінің марқасқалары Диханбай Биткөзов, Марат Жақытов секілді бір топ азаматқа «Мына ағам кезінде маған сабақ берген ұстазым» деген еді. Екеуміздің арамыз бар болғаны бір жас болса да ол мені аға деп, ұстазым құрметтеп өтті.
-Ерғали аға енді отбасыңыз туралы айтып берсеңіз? Спорт жолын таңдаған, яғни сіздің жолыңызды қуған ұл-қыздарыңыз бар ма?
- Менің екі қыз, бір ұлым бар. Қыздарымның екеуі де ата-баба жолын қуып, мал дәрігерлікті таңдады. Ержан деген ұлым Қазақ Спорт және туризм академиясын бітіріп, кейін шетелден білімін жетілдіріп келді. Сол ұлым ғана менің жолымды жалғастырып, спорт саласында еңбек етіп жүр. Кезінде жақсы күресті.
-Сіздің қазақ күресі үшін атқарған еңбегіңіз ұшан-теңіз. Осы ел үшін, қазақ спорты үшін жасаған еңбегіңіз мемлекет тарапынан лайықты бағасын алды ма? Алса қандай марапаттарға ие болдыңыз?
- Кеңес үкіметі кезінде, яғни Алматы мал-дәрігерлік институтында қызмет етіп жүргенімде Мәскеуден КСРО Оқу-ағарту министрінің қолынан Құрмет грамотасын алғам. Ал енді Тәуелсіздік алғаннан кейін қоғамдық ұйымдардың бір сөзбен айтқанда халқымның берген «Шыңғыс хан» және «Ұлы дала батыры» ордендері бар. Одан басқа «Қазақ күресінің мақтанышы», «Қазақ күресін дамытуға қосқан үлесі үшін» медальдары мен «Қажымұқан Мұңайтпсовтың 140 жылдығы» төсблгісімен марапатталдым. Бірақ үкімет тарапынан ештеңе ала қойғаным жоқ. Бір жылдары мені бірнеше рет «Құрмет» орденіне ұсыныпты деп естігем, бірақ әлі алмадым. Оған бола ешкімге ренішім жоқ. Алдағы уақытта беріле жатар. Ештеңе етпейді.
-Биыл алғашқы саны жарық көргеніне 15 жыл толатын "Спорт жұлдыздары" журналына деген тілегіңізді білдіре кетсеңіз?
- Менің сіздің журналға деген көңілім де, ниетім де ақ. Сіздердің еліміздің түкпір-түкпірндегі есімдері ұмытыла бастаған спорт ардагерлерін іздеп тауып, журнал арқылы оларды насихаттап жүрген ерен еңбектеріңізге шын жүректен ризамын. Артымызда өсіп келе жатқан жас ұрпаққа сол атақты спортшыларды үлгі ету арқылы оларды спортқа тартып, салауатты өмірге шақырасыздар.
Күні кеше ғана біздің Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетте сіздердің ұйымдастыруларыңызбен алты Алаштың барлық өңірінен ұстаздар жиналып, журналдың 15 жылдығына орай өткен турнирлерге қатысты. Мен өмірімде мұншама адамның басын қосқан үлкен доданы ешқашан көрген емеспін. Біздер, бүкіл кафедра жабылып жүріп, 12 күн өткізетін төрт турнирді сіздер төрт-ақ жігіт бір күнде өткіздіңдер. Және қалай өткіздіңдер?! Өте жоғары деңгейде өтті! Мусағали Сабырғалиұлы бастаған «Спорт жұлдыздары» журналының ұжымының іскерлігіне, ауызбіршілігіне осы жолы өз басым тәнті болдым. Алдағы уақытта сіздер алатын асулар бұдан да биік болады деп сенім артамын! Журналдың 15 жылдығы құтты болсын! Оқырмандарыңыз көп болсын! Қазақ спортын дәл осылай насихаттап жүре беріңіздер!
- Әумин! Айтқаныңыз келсін аға! Сіздің де ел үшін атқарып жүрген еңбегіңізге табыс, деніңізге саулық және ұзақ ғұмыр тілейміз!
Жандос Аянбекұлы
«СЖ»