Оқырмандар конференциясы өткізілді
Жақында аудандық «Достық» үйінің мәжіліс залында №1 филиал кітапханасының ұйымдастыруымен жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» романы бойынша оқырмандар конференциясы өткізілді.
Оқырмандар конференциясы барысында кітап сүйер қауым шығарма мазмұны жөнінде пікір алмасты. Шығарма кейіпкерлері Ербол мен Меңтайдың іңкәр махаббаты, кіршіксіз сезімі, сенімі, жастық шағы жөнінде тереңнен ой қозғалды. Сонымен бірге шығарманың көркем тілі, мазмұны кеңінен талқыланды. Өз кезегінде еңбек ардагерлері Мұса Келдібаев, Зайдағали Жүсіпбайұлы, Мектепхан Елеусінов, Жантемір Айсин, Әсия Масилова, Мырзалы Орынбаев, Алтын Нұртаева, Жұмакүл Көшербаева, Сәуле Ерімбет, Алтын Ізтілеуова, сала маманы Әділбек Шөжеев қоғам өміріндегі жастардың өзіндік орны жайлы сөз етті. Қазіргі уақытта өскелең ұрпақтың тәрбиесіне қатысты тың ақпараттармен бөлісті. Оқырмандарды кітап оқуға қызықтыру жолдарын қарастыру керектігін жеткізді.
Кездесу соңында аудандық мәдениет үйінің әншісі Динара Жәкешова «Есіңе мені алғайсың» әнін орындады. Кітапханашы Ләззат Серікбаева «Махаббат қызық мол жылдар» романының тарихына тоқталды. Әзілхан Нұршайықовтың кітаптары қойылған көрмені таныстырды.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ