Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үшінші онжылдыққа үлгілі бастамалармен қадам басамыз

Үшінші онжылдыққа үлгілі бастамалармен қадам басамыз

Ұлтымыздың наным өлшемімен өрсек отыз жас – тұла бойыңды тіктеп, өз ортаңдағы орныңды орнықтыратын «ордабұзар» кезең. Дәл осы жылнамалық сәйкестікті Тәуелсіз Қазақстанның биылғы үшінші онжылдығымен сабақтастырып өтсек.

Тығырыққа тірелген тоқсаныншы жылдардың тоқырауын тарихтың терең тамырымен тұңғиыққа батырған алғашқы онжылдықты – «Қалыптасу кезеңі» деп алайық. Елең-алаңдағы ел үміті үзілер алдындағы шақ бұл. Тәуелсіздік таңы атып, саясаттың салмағын еңсере алатын саңлақты саралап, тәуекелге тәу ететін тұс. Бұл – азаттығын аңсаған Алаштың тұңғыш Президенті сайланған 1991 жылдың 1 желтоқсаны. Қазақстандық сайлаушылардың 98,7 пайызы демократиялы түрде Нұрсұлтан Назарбаевты жақтап дауыс берген сая¬си оқиға. Осы жылы ел егемендігін жариялап, еңсе көтеруге талпынды. Тұралаған тірлік, болашағы беймәлім бұқара тек Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлына ғана сенім артты. Елбасының алдында шекараны шегендеу, ұлттық валютамызды енгізу, ел экономикасын қалыптастыру, қандастарды елге шоғырландыру сынды күрделі міндеттер тұрды. 1993 жылғы 5 қарашада «Ақша жүйесін тұрақтандыру жөніндегі шұғыл шаралар туралы» Президент Жарлығы шығып, 1993 жылы 15 қараша «Ұлттық валюта күні» деп белгіленді.

БҰҰ мен өзге де халықаралық ірі ұйымдарға мүшелік Қазақстанның әлемге танылуына жол ашты. Экономикалық дағдарыспен күресте Елбасының төккен тері текке кеткен жоқ. Дүкен сөрелерінің бос қалып, жалақының кешіктірілуі, электр энергиясының жеткіліксіздігі Үкіметті сарсаңға салғанын білеміз. Өтпелі кезеңнің өткелдерінен елді аман алып шығу үшін мемлекет билігі аянбай еңбек етті. Конституциямыз бен кезек күттірмейтін заңдар қабылданды. Елдің бейбітшілігі мен ұлттар достығының айшықты көрінісі ретінде ҚХА өз жұмысын бастады. Қазақстанның экономикалық-қаржылық тәуелсіздігі айқындалып, мұнай өнеркәсібі салтанат құрды. Осы жылдар Елбасының пәрменімен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық жоспары қабылданып, қаржы институттары қарқынды түрде алға жылжыды.
Тәуелсіз Қазақстанның екінші онжылдығын «Даму кезеңі» деп қарастырсақ. Тоқсаныншы жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басында экономиканы одан әрі дамытумен қатар «Мәдениетті қолдау жылы», «Денсаулық жылы», «Ауылдарды дамыту жылы», «Ұрпақтар сабақтастығы жылы» секілді екпін берілуге тиіс салалардың тамырына қан жүгіртуге тура келді. 2001 жыл бүгінде ел игілігін көріп отырған «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жобасы қолға алынды. Саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар белсенділігі жоғарылап, демократиялық қоғам қалыптастыруға атсалысты. Халықтың жағдайына баса назар аударылып, қазақстандықтарды қолдаудың жаңа механизмдері енгізілді.

Елбасының Жолдаулары дамудың төлқұжаты ретінде қабылданды. Үкімет пен мемлекеттік құрылымдар Жолдау жүктеген міндеттерді түбегейлі іске асыру арқылы нәтижелі межелерге қол жеткізуді жолға қойды. Екінші онжылдық Елбасымыз бас сәулетшісі болған Елорданы дамытумен қатар, шағын және орта бизнесті ілгерілетуге, моноқалаларды жаңғыртуға, жастарға қолдау көрсетуге арналды.


Мен «Самғау кезеңі» деп айдар таққан үшінші онжылдықты өткенімізді саралап, кемел келешегімізге сапар шеккен толысу дәуірі деген болар едім. Қазақстанның тұрақты дамуы, Қазақ елінің төрткүл дүниенің төрт бұрышындағы беделі жыл өткен сайын парықталып, Тұңғыш Президенттің парасаты таным тұғырында тұрақталды. Бүгінде дүниежүзі Қазақстанды Елбасының есімімен сабақтастырады. Бұл жетістік – Нұрсұлтан Назарбаевтың ұтқыр қадамдарының айқын көрінісі.

Тұңғыш Президентіміздің әлемді достыққа үндейтін бастамалары – Ұлы даланың дархандығын, қазақ халқының кең пейілін бейнелейтін бірегей белес. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының елордамызда басқосуы дәстүрге айналды. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі кезінде миллиондаған туристің қазақ жеріне ағылуы егемен елдің еңсесін одан әрі тіктей түсті.

Елбасы Н.Назарбаевтың ел басқару тізгінін Қ.Тоқаевқа табыстауы көрегендік пен кемеңгерлігін көрсетсе керек. Тұңғыш Президент күнін Тәуелсіздігіміздің басты символдарының бірі ретінде көшбасшыға көрсетілген ерекше құрмет деп білемін. Солай болуы да тиіс. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болғай!

Расул ЕСЕНОВ,
облыстық мәслихат депутаты,
Nur Otan партиясының мүшесі


27 қараша 2021 ж. 113 0