Дастархан дәмі – бауырсақ
Қазақтың той дастарханын бауырсақсыз елестету мүмкін емес. Өзі дәмді әрі тойымды нан тағамы ұлттық тағам түрі саналады. Дастарханның сәніне айналған бауырсақты сүйсініп жемейтін қазақ жоқ шығар, сірә!
Наурыз мерекесі – халқымыз асыға күтетін мейрам. Ұлыстың ұлы күнін молшылық пен тоқшылықта қарсы алуға асығатын халқымыз дастарханға бауырсақты молынан қояды. Осы күні әрбір шаңырақта майдың иісі шығып, бауырсақтан дәм татпайтын адам болмайды.
Қазақ халқы нан тағамдарын аса қадірлеген. Бауырсақты жас та, кәрі де сүйсіне жейді. Негізінен еліміздің әр өңірінде бауырсақты түрліше дайындайды. Ши бауырсақ, ақ бауырсақ, май бауырсақ деген түрлері бар. Қасиетті жұма күні таратылатын жеті нан немесе Құдайы күлше де – бауырсақтың бір түрі.
Халқымызда ең көп тараған түрлеріне келетін болсақ, ақ бауырсақтың дәмі ерекше болады. Оның ақ бауырсақ деп аталуы – құйрық майға қуырылуында. Суыған бауырсақ май қатқан соң түсі ақ болып өзгереді. Оның көлемі өріктей ғана болады. Ши бауырсақты илегенде жылы су мен сүт қосады. Ши деп аталуының өзі қамырды жайғанда жіңішкелеп туралуында. Май бауырсақ өте майлы болады. Оны әдетте майлы сорпаға илейді. Сондықтан бауырсақ ерекше дәмді болады. Сонымен қатар қамырды ашытпай ағарғанға, қатық немесе айранға иленіп пісірілетін шай бауырсақ болады. Бастысы иінін қандырып илеп бірден пісіруге болады. Ол бауырсақтың ерекшелігі түсінде. Шай бауырсақты қатты қызартып пісірмейді. Мұнан басқа бармақ бауырсақ, жалпақ бауырсақ түрі де бар. Барлық бауырсақ қыздырылған майға пісірлетіндіктен өте дәмді болады.
Өңірлерге байланысты айырмашылық көбіне дайындау әдісі мен пішінінде болады. Мәселен оңтүстіктің халқы бауырсақтың қамырын жайып, төртбұрыштап, үлкендеу етіп кессе, шығыс пен батыс бауырсаққа дөңгелек пішін береді.
Бауырсақ ұннан иленіп ашытылатындықтан, ол құнарлы әрі пайдалы. Шетелдіктер қазақтың дастарханындағы бауырсаққа таң қалумен келеді. Олар тіпті арнайы зерттеп көргенде көтеріліп пісірілген бауырсақтың ортасындағы бос қуыстың өзіне үлкен мән беріп, оның пайдасына көздері жеткен.
Жалпы бауырсақ қазақ халқынан басқа татар, башқұрт, ноғай халқының ас мәзірінде кездеседі. Той дастарханының басты тағамы саналатын бауырсақ – қазақ халқының ұлттық тағамдарының бірі.
Бибісара ЖАНӘЛІ