Бала тілі – бал
Анасы мен баласы Қызылорда қаласына бару үшін автобусқа мінген болатын. Автобус ішінде онға жуық жолаушы отыр. Қоғамдық көліктің жүруіне әлі ерте. Уақытты күтіп зеріккен бала анасына:
– Анашым, менің балмұздақ жегім келіп отыр.
– Балам, күн райы бүгін салқын. Балмұздақ жеуге болмайды.
Баласы бағанағы сөзін тағы қайталайды. Шешесі қасарысқан баласын дереу тыйып тастады. Сонда:
– Балмұздақ алып бермегенің үшін барлығына түнде әкемнің сенің бетіңнен сүйгенін айтып беремін, – деп баласы қойып қалды.
Көпшілік алдында беті қызарып ұялған келіншек баласын көтерген бойда қоғамдық көліктен түсіп кетті.
***
Алаңсыз отыр едік. Ерекең тосыннан сұрақ қойды.
– Әке, сіз барлық сыныптасыңыздың атын жатқа білесіз бе?
– Әрине.
Күліп алды да:
– Барлық сыныптасыңыздың атын білесіз. Бірақ мамамның атын ұмытып қала бересіз.
– Мамаң сыныптасым емес қой.
– Зато жалғыз әйеліңіз емес пе?
Тіл байланды деген осы екен.
***
– Әй, оқышы сабағыңды, – деп жекіді шешесі Ерекеңе.
– Оқып отырмыз ғой.
– Қайдағы оқыған? Ынта қойып, түсініп оқып отырған жоқсың.
– Сіз кінәлісіз.
– Мен не үшін кінәлі екем? Жұмыстан шаршап келсем де, әлі істейтін талай шаруам болса да, сені оқытып отырған жоқпын ба?
– Оны айтпаймын.
– Енді не?
– Үш қыздан кейін «ұл туам, ұл туам» деп әншейін туа салмай, жақсы оқитын, алғыр ұл туам деп тумайсыз ба?
Бәйбішем үнсіз қалды. Балаға не ұрысарын, не күлерін білмей отырып қалды. Санасының түбінде «шынымен де солай тууым керек пе еді?» деген сұрақ та жылт етті ғой деймін.
***
Жаз мезгілінде көп қабатты тұрғын үйлер қапырық, ыстық болатыны анық. Осындай үйде тұратын кішкентай балғын даладан терлеп-тепшіп келген мезетте анасына:
– Апатай, енді пешке көмір салмай-ақ қояйықшы. Онсыз да дала жанып тұр, – деген екен.
***
Бірде үйдегі телефон шыр ете қалады. Бөлмені басына көтеріп шырылдай түскен телефон тұтқасын кішкентай бала көтереді.
– Алло?
– Балақай, үйде әкең бар ма?
– Апатай, үйде әкемді бар ма деп жатыр. Қайтейін, бар дейін бе, жоқ дейін бе? – деп қарап тұр.
***
Қай жылдары ұялы телефон алғаш шыққан уақытта кішкентай бала досына хабарласпақ болады. Досының нөмірін терген мезетте:
– Сізде қоңырау шалу үшін қаражат жеткіліксіз деген қыздың дауысы шығады. Сонда балақай:
– Кешіріңіз, тәте, тоқтай тұрыңызшы, мені Диас досыма қосып жібересіз бе? Сөйлесейін деп едім, – деген бала барлығының көңілін көтеріп тастады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ