Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қауіптің алдын алу

Қауіптің алдын алу

Қыстың қытымыр аязы кетіп, қалың мұз тоңынан сөгілуге жақын. Таң атқаннан ауа-райында жылылық лебі ескендей. Жылғалардан су ағып, көктемнің күніне жақын қалғанынан хабар беріп қоятындай. Ақпанның алғашқы он күніндегі осындай көріністен алдағы ай жылы болатын секілді. Әрине, табиғат ана тосын мінез танытпаса, биыл көктем ерте келетіндей. Ауа-райының ақырындап жылуы дарияның қалың мұздан бірте-бірте ажырауына, тасқын судың алдын алуына қолайлы жағдай.

Сонымен қатар биыл қардың түсуі мен тоңның қатуы өткен жылмен салыстырғанда неғұрлым аз болуы және қыстың қатты болмауы жазықтағы қардың ретімен еріп, жерге сіңуіне мүмкіндік беруде. Ауданда қауіпті деген 4 аймақ тіркелген. Бұл қауіпті аймақтардың қазіргі жағдайына орай «қауіпті» деген атау бойынша тізімнен шығарылуда. Дегенмен алдағы уақытта күтілетін жауын-шашын салдарынан аймақтарда еріген қар тасқынға айналмас үшін дайындық шарасы күшейтілуде.

Тосыннан келетін төтенше жағдайды алдын алу үшін аудан тұрғындары әсіресе, көктем мезгілінде сақадай сай болуы керек. Тұрғын үй маңайындағы үйілген қарды ауладан уақытылы сыртқа шығармау, арық жүйесінің қар суына толып, арықтың арнасынан асуы және мөлшерден тыс жауған жаңбыр тасқын суға әкеледі. Сондықтан ауданның төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері күн сайын тұрғын үйлерді аралап, су алу қаупін алдын алу жұмыстарына қарқынды кірісіп кетті.

Осы жағдайды ескере келе, Сырдария ауданының төтенше жағдайлар бөлімі аудан аумағындағы аталған елді мекендердегі тұрғындардың және шаруа қожалықтары иелерінің назарына қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бірінші кезектегі міндетті түрде орындалуы керек іс-әрекеттерді ұсынады:

– шұғыл түрде 112 құтқару қызметіне хабарласуды;
– өзіңізбен бірге жеке басыңызды куәлан­­дыратын және басқа да маңызды құжат­тарыңызды алып шығуды;
– газ және электр қуаты көздерін сөндіруді, құнды заттарды қауіпсіз орынға көшіруді;
– электр энергиясының қосымша көздерін (фонарик), күнделікті пайдаланатын дәрі-дәр­мек және алғашқы көмек көрсететін қобдиша (аптечка) өзіңізбен алып шығуды;
– үйден шығар алдында өздеріңізбен бірге қажет болатын құнды заттар мен ақша­ларыңызды және 2-3 тәулікке жететін азық-түліктеріңізді алып шығуды;
– үйдегі жануарларыңызды қауіпсіз жерге айдап шығаруды;
– қауіпсіз аймақтарға орналасу үшін жақын жердегі эвакуациялық қабылдау пунктіне бару қажеттігін ескертеді.

Сырдария ауданы төтенше жағдайлар бөлімінде 21-4-94 номерлі сенім телефоны жұмыс жасайды.

Сырдария ауданының
төтенше жағдайлар бөлімі
08 ақпан 2022 ж. 206 0