Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тереңөзек түлегі

Тереңөзек түлегі

Жас ғалым, Тереңөзек түлегі деген ат қандай жарасымды. Еліміздің жарқын болашағына негіз қалайтын ғылым жолында тынбай ізденіп жүрген Жанна Нұрланқызы "талаптың мініп тұлпарын, сан қияға өрлеген" талантты жас ғалым.


Ол №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектепте оқып жүргенде "Өнер алды қызыл тіл" дегендей болашақта қазақ тілі мен әдебиетінің маманы болуды алдына мақсат етіп қойды. Өйткені осы мамандықты ұнататын. Алтын ұяны үздік аяқтап, қолына кәмелеттік аттестат алғаннан кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне құжат тапсырды. Бағы жанып, жоғары оқу орнынның студенті атанды. Тереңөзек түлегі Жанна Алашбаева осы кезден бастап білім мен ғылым жолына біржола ден қойды. Алғыр, зерек қыз жоғарғы оқу орнын үздік бітіріп, "Болашақ" университеті ректорының хатшы-реферті болып еңбек жолын бастады. Бұл да оның ғылым баспалдағымен жоғары өрлеуіне жол ашты.

2006 жылы ғылыми орталықтар шоғырланған сол кездегі Астана қаласынан қоныс аударып, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің "Халықаралық қатынастар" факультетіне инженер болып орналасты. Еңбек етумен бірге ғылыми жұмыстарын да қатар алып жүрді.


"Біз білім, ғылым, инновациялар үштігі билеген постиндустриялық әлемге қарай жылжып келеміз. Ұлы мақсаттарды алдына ұлы халық қана қоя алады" деп Елбасы айтқандай Жанна Нұрланқызы өзі еңбек ететін Халықаралық қатынастар факультетіндегі "Түркітану" кафедрасының "Филология: түркі тілдері" мамандығы бойынша магистратураға түсіп, оны қызыл дипломға бітіріп шықты. Жас ғалым бірнеше мәрте шетелде тағлымдамадан өтті. Әсіресе ол түбі бір бауырлас түркі елімен ғылыми байланысты нығайтуға атсалысып келеді. Дарынды қыз өзінің докторлық диссертациясының тақырыбын осы бауырлас елдің тіліне арнады. Ғылыми жетекшісі Түркияның беделді ғалымы Мұстафа Өнер.

Он бес жылдан бері ғылыми жұмыстармен айналысатын Ж.Алашбаева республикалық дәрежедегі бірнеше минситрлікте еңбек етіп, елімізде білім мен ғылымның дамуына елеулі үлес қосты. Ол ҚР Білім және ғылым минситрлігінің "Оқулық" ғылыми-практикалық орталығында сарапшы, осы министрліктің кадр саясаты бөлімінің маманы, ҚР сыртқы істер минситрлігінде Астананың дипломатиялық корпусына қызмет көрсетуді басқару бойынша бас маман болып еңбек етіп, өз елімізде ғылымның дамуына және шет елдермен қарым-қатынасты нығайтуға белсене атсалысты.

Жас ғалым соңғы үш жылда доктарантурада оқыса, осы кезеңде ҚР Ішкі істер минситрлігінің кадр саясаты департаментінде мемлекеттік тіл маманы болып, жемісті жұмыс жасады. Жанна Нұрланқызы 2021 жылдың бас кезінде "Түркітану" саласы бойынша "Ортағасыр түркі жазба ескерткіштері тіліндегі паромиологиялық жүйе" атты докторлық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Диссертациялық кеңесінің 2021 жылғы 9 қаңтардағы (№5 П бұйрық 13.01.2021 жыл) шешіміміен Алашбаева Жанна Нұрланқызына философия докторы дәрежесі берілді. Қазіргі кезде дарынды қыз Семей инновациялық акдемиясында оқытушылық қызметте.

Тереңөзекте Алашбаевтардың Жанна бастаған ұл-қыздары шетінен білімге құштар жандар. Апасының жолын қуған Әйгерім Нұрланқызы Нұр-Сұлтан қаласындағы жоғарғы оқу орнында инженер болса, жолдасы Самат Смайлов аға оқытушы. Ұлдың үлкен Әділхан Орынбасаров екі бірдей университетті бітірген маман. аудандық жер кадастрлық бөлімде еңбек етеді. Ұлдың кішісі Әмірхан Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің ветеринария бөлімін қызыл дипломға бітіріп, магистратурада оқыды. Қазір сол университетте қызмет етеді.

Тәрбиенің негізі – отбасынан басталады. Отағасы Нұрлан Алашбаев Шымкент химия-технология институтының инжинир-механик факультетін 1986 жылы қызыл дипломмен бітірген білікті маман. Тереңөзектегі ПМК – 84-те жетекші инженер, шеберхана меңгерушісі болды. Қазіргі кезде "Қазэлекторинженерингсервис" ЖШС-да учаске басшысы. Отанасы Роза Алашбаева да Шымкент энергетикалық техникумды бітірген, Тереңөзекте көп жылдар еңбек еткен бүгінде зейнеткер.

Тереңөзекте Алашбаевтар осындай білімге құштар ғылым қуған жандар.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ
05 наурыз 2021 ж. 709 0