Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№100 газет

21 желтоқсан 2024 ж.

№ 99 газет

14 желтоқсан 2024 ж.

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қан тазалығы қаперде болсын

Қан тазалығы қаперде болсын

«Қазақ руға бөлінбейді, қазақ рудан құралады». Бұл сөзді астарлап ұқпасаңыз, екі нұсқада аса айырмашылық жоқ сияқты. Халқымыз жеті атаға дейін қыз алыс­пай, қан тазалығына аса мән берген. Үлкендер жағының жөн сұрасуды «қай елдің баласысыңнан» бастауы да тегін емес.

Еліміздегі маңдайалды бір университеттің про­фессоры оқуға енді түскен студенттерге өзінше «сынақ» жүргізеді екен. Бұл әңгіме біз­дің арамызда аңыздай тараған еді.

Оқытушы көпті көрген, алдына келген шә­кірттің жанын бірден ұғып тұратын тәжіри­белі кісі болса керек. Ең алғашқы дәрісті қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен танымына негіздеп өткізеді екен. Содан әр қаладан ілім іздеп, арман қуып келген қарадомалақтарды жинап алып, «Мына батыс елдерін қараңызшы, қаншалықты дамып кеткен. Біздің ел әлі жол­да келе жатыр. Шығыстағы көршілерді қара­ңызшы, ойлап таппаған дүниесі жоқ. Қазақстан әлі дамыған елдер қатарына ілесе алмай ке­леді» деп студенттерді сынап, жағымсыз пі­кір айтатын көрінеді. Үлкен өмірге енді ға­на қадам басып, өзіндік көзқарасы толық қалып­таса қоймаған студенттер «иә, иә, солайына солай екен» деп қостай жөнеледі екен. Ен­ді мұғалім әңгіменің ауанын ауыстырып, мы­сал­ды халықтың өз ішіне әкеледі. «Иә, пәлен­ше деген ру бар, Қазақстанның мына бөлігін­де көп шоғырланған, өздері мінездері ша­тақ кө­рінеді, удай пысық көрінеді» деп сынай бастаса-ақ, аудиториядағы бірді-екілі әлгі атал­ған рудың баласы орнынан атып түрегеледі дейді. Сондағы уәжі «Ағай, неге олай айтасыз, біз­дің ру ондай емес, мынадай емес» деп ата-ба­басынан келе жатқан руын қорғай жөнеледі. Әрқайсысының пікірін асықпай, байыппен тыңдаған ұстаз «Ә-ә, қалай екен? Мен сіздерге әлгінде түгел қазақты артта қалған дегенде, неге бірің бас көтермедің?» деп дәрістің негізгі түйінін айтатын көрінеді. Жай ғана «қазақ деген – ұлы халық, біз рулардан құраламыз, халқымыз жеті атасына дейін қыз алыспаған» дей салса, жаттанды сөз тыңдарманның көкейінен көп ұзамай өшіп қалар ма еді?! Бұл ұстаздың қолданған ұтымды тәсілі екеніне дау жоқ. Есесіне, ұлттың ұлылығын, халықтың даналығын жағдаятқа са­ла келтіріп, алыстан орағытып барып түсіндіріп отыр. Және де бұл астарлы ой тек сол жердегі студенттердің арасында ғана емес, елдің арасында тарап кеткенінен ұстаздың өмірлік тәжірибесі мол екенін анық аңғаруға болады.

Жә, негізгі әңгімеге көшейік. Руға бөлінуді әркім санасына сәйкес әртүрлі түсінуі мүмкін. Бірақ мұның астары тереңде. Қан тазалығын сақтаудың жазылмаған заңын бұзғандарға ха­лық жиіркенішпен қарайтын болған. Тіпті, се­зім деп тазалықтан аттағандарды өлім жазасына кескені тарихтан аян. Мұндай мысал көр­кем шығармаларда да көптеп кездеседі. Бір жағынан өз туысынан қыз алу масқаралық бол­са, екіншіден олардан тараған ұрпақтың да қа­ны таза болмайды. Бұл өз кезегінде түрлі ауыр науқасты сәбидің дүниеге келуіне негіз болуы мүмкін. Ал соны ешқандай аппарат, медицина дамымай тұрып қанша ғасыр бұрын білген қазақтың даналығы мен көрегенділігіне қалай таң қалмайсың?!

Менің бір танысым бар-тын. Қатар құр­дас болған соң қалжың-шынын араластырып, тойдың жайы мен қыз туралы сұрай қал­саң, көңіл-күйі түсіп кететін. Жайлап сыр суыртпақтап көрсем, ұзақ жыл көңіл жарас­тырған қызымен рулас болып шыққан. Мектеп қабырғасынан сөзі мен сыры жарасып дос­тасқан екеуі бір-біріне бауыр басып қалса керек. Балалықпен білмеген бе, бір-бірінен ру сұрау арада ұзақ жыл өткеннен кейін ғана «естеріне түскен». Дәстүр мен салтқа қолды бір сілтейін десе, олай болмайды. Бір-бірін тілсіз ұғынысып, сырлас болған екеуі қош айтыса­йын десе, жүрек дейтін нәзіктің жібермейтіні тағы бар. Осылай ақыл мен сезімнің екі ортасында басы қатқан танысым сұраған өзің деп, ақтарылып сала берді. Расында, көңілді күпті етеді. Өкініштісі, бұл бір менің танысымның басындағы жағдай емес. Мұндағы мәселе тағы да отбасындағы тәрбиеге тіреледі. Ата-ана үлкен өмірден хабары жоқ баласына бұл туралы ерте бастан дұрыс ақпарат беріп, ұлттың құндылығы мен қанның тазалығын еске салып отырса, бала да біледі, жанұяда естіп өскені есейгенде өміріне азық болады.

Айтпағымыз, жастардың құлағына «алтын сырға». Қан тазалығын қаперде ұстаған абзал. Айтпақшы, менің әлгі танысымның тағдыры әрі қарай не болғаны маған да беймәлім. Сырын бір ақтарған адамның алыстап кететіні бар. Бәрін жайып салғанынан қысылады ма, әлде бұл да тағдыр ма, кім білсін?! Сол жылы оқу тобын ауыстырған біздер одан кейін сыр шертіспек тұр­мақ, жағдай да сұраспадық...

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
05 ақпан 2022 ж. 352 0