Қиындықтан шығудың жолы – бірлікте
Бейбіт тұрғындардың тыныштығын бұзған елдегі дүрбелең тыныс-тіршілігімізге әсер етпей қоймады. Ең алдымен адамдардың қауіпсіздігі мен өмірін сақтауға күш салған Мемлекет басшысы халыққа әлсін-әлсін Үндеу жолдап, қиындықтан шығудың жолы бірлікте екенін айтуда.
Иә, шын мәнінде елдің тұтастығы мен бірлігі бәрінен қымбат. Қайткен күнде де бейбіт елдің тыныштығын бұзған қаскөйлер заң алдында жауап беруі тиіс, солай болады да. Себебі ең ауыр қылмысқа барған бүлікшілер террорлық әрекетке барды. Қандықол қылмыскерлердің қолынан әскерилермен қоса қарапайым тұрғындар да мерт болып, қаншама отбасылар қара жамылды. Әрине, ел басына күн туған шақта қараша халықтың Мемлекет басшысының айналасына жиналу, оны қолдау маңызды. Сондықтан әу бастан дұрыс шешім қабылдап, саяси тұрақтылықты сақтау жолында тиісті шешім қабылдаған ел Президентіне халық қалаулысы ретінде аудан жұртшылығы атынан толық сенім білдіремін.
Ел ішіне кірген арандатушылардың жасаған қылмыс салдары қаншама ғимараттарға зиянын тигізді. Зардап шеккендердің арасында кәсіпкерлер шығынға батты. Оларды қайта қалпына келтіруге мемлекет тарапынан қолдау болары сөзсіз. Дегенмен ол үшін қанша уақыт пен қаржы кететітіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан кімге кімге де болса қазір сабыр қажет.
Бүгінде күнделікті тұрмыс-тіршілігіне көшкен ауыл халқының бойында үрейден гөрі сенім басым. Күнделікті ресми ақпараттардан беріліп жатқан аймақтағы ахуалды тыңдап, еліміздің тыныштығын сақтауда жан алысып, жан беріскен атпалдай арыстарымыздың ерен ерлігіне ризашылығымызды білдіреміз. Қаншама қыршынынан қиылғандардың орны толмас қазасына қайғыра көңіл айтамыз. Еліміздің бейбіт аспанында көк туымыз мәңгі қалықтасын!
Дархан ЕРАЛИЕВ,
аудандық Мәслихаттың депутаты