Ауылды түлету – ұлтты ұлы ету
Қазақта «Кіндігіңнің қаны тамған жер» деген қасиетті сөз бар. Бұл – адам ананың толысқан толғағымен, жер ананың қалауымен қос ананың табыстыратын қуаныш қаны, кімнің болса да жүрегіне сол топырақтың иісін, лебін, қасиетін мәңгілікке жаздыратын қан. Менің кіндігімнің қаны тамған топырақ – Шіркейлі ауылы.
Терең тарихы бар, құшағы толағай табыстарға толы ауылымды Халық Қаһарманы, космоновт-ұшқыш, техника ғылымдарының докторы есімі «Гиннес» кітабына жазылған, әр кезде Сыр еліне бүйрегі бұрып тұратын облыстың «Құрметті азамат» атағын иеленген інім Тоқтар Әубәкіровтің Қарағандының Қарқаралы ауданындағы туған ауылымен (бұрыңғы Жарлы) салыстырар едім. Бұл мекеннен үш Кеңес Одағының батыры, бір Еңбек Ері, Қалыбек Қуанышбеков бастаған үш халық әртісі шыққан екен.
Ал «Еңбек Қызыл Ту» орденді Шіркейлі – қыз бен жігіттің жұмбақ айтысын негізін қалаған Күдерікожа Көшекұлының, ғұлама ғалым, діндар Нұрмұхаммед (Тапал Ахун) Қадірұлының, Кеңес Одағының батыры Жаппасбай Нұрсейітовтің, Еңбек Ері Балдырған Мұстафаеваның, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Қызкенже Пірішованың, Жоғарғы Кеңеске екі мәрте сайланған Қыдырқожа Майлықожаев пен Бексұлу Синаеваның, СОКП сьездерінің бірнеше дүркін депутаты Жаңабай Азаматов пен Орынкүл Сүлейменованың, Қазақсанның Халық Жазушысы, драматург Қалтай Мұхамеджанов пен ақын-аудармашы Әбіраш Жәмішовтің, полковниктер Мылтықбай Пейсіов пен Хамит Әбеновтің, Мәжит Құдайбергенов пен Төлеш Әлиевтің, ондаған ғалымдар мен дәрігерлердің, көптеген ұлағатты ұстаздардың кіндік қаны тамған ауыл.
Шіркейлінің табанды ел болып қалыптасуына өмірден озған ауыл ақсақалдары Емберген, Жүзбай, Ыдырыс, Құдайберген, Әбен, Әріп, Жәлімбет, Сыйқым, Қожахан, Әбусағат, Беркен, Әріпхан, Сәрсенбай, Алмағанбет, Сәрсенәлі, Жаңабай, Жақып, Ертай, Иманғали, Әбдікерім, Әли, Оразалы, Нұрғали, Сұлтан, Баязит, Қалмағанбет, Кенжебек, Құлтай, Дүйсенбай, Ибрагим, Байділда т.б. қосқан еңбектерін ұлықтап отыруды қазіргі ауыл тұрғындары әдетке айналдырған. Жоғарыда аталған ағалардың біразының есімдеріне жарқыраған шамдар орнатылып, асфальтталған сәнді көшелер берілген. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегендей, ауыл іргесіндегі Байділда ағамыздың атындағы бейітті көғалдандыру мен оның таза ұстауға да ерекше мән беріледі.
Ауылдағы Жаңабай ағамыздың атындағы сәнді аллея, Қалтай Мұхамеджанов атындағы мәдениет үйі, Әбіраш Жәмішов атындағы мектеп, Тапал ахун атындағы мешіт әлеуметтік көмектерден тыс қалмайды екен. Бұл жұмыстарға өз уақытында ауыл, ауданның Құрметті азаматы Аппаз Камалатдиннің қосқан үлесі зор.
Қазақта «Көрпеге қарай көсіл» деген тәмсіл бар. Осы ұғымды кең мағынада алсақ, материалдық мүмкіндігіңе қарай қимылда, әрекет жаса дегенге саяды. Құрылыс инженері мамандығының иесі Сұлтанов Сейткамал Абзалұлы «Сұлтан-Абзал» шаруа қожалығын ұйымдастырып, ауылдың өркендеуіне, тұрғындардың материалдық, рухани-әлеуметтік жағдайын көтеруге алғаш қадамын жасады. Заманның қиын кезеңінде күріш егіп, одан мол өнім алып, күріш ақтайтын диірмен салдырып, елді күріш пен жеммен, шөппен қамтамасыз етті. Елдің ризалығына бөленген ол ауыл әкімі болып сайланды. Қиын да күрделі жауапкершілікті мойнына алған Сейткамал ініміз жатпай-тұрмай тірліктің тиімді көзін тауып, тынымсыз еңбек етті. Нәтижесінде, жаңадан орталық алаң, ауыл паспорты, ауылдың кіреберісіне арка, балалар ойын алаңы салынып, мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Көшелер асфальттанып, жарықтанды. Оларға темір қоршаулар қойылды. Тротуарлар салынып, көпірлер жөнделді. Облыста бірінші болып үйлерге ауыз су мен аяқ сулар тартылды. Жастарды өнерге баулу мақсатында домбыра, баян, қобыз, би үйірмелерімен әуез мектебі ашылып, көптеген адамдар жұмыспен қамтылды. Салынып жатқан 600 орындық мектеп пен амбулатория ғимараттарының сапалы шығуына бас көз болды. Ауыл халқы Сейткамал ініміздің шебер басшылығымен аз уақыт ішінде жүзеге асқан келелі істерін бағалап, 2017 жылы «Мәді Қажы» атындағы ЖШС-нің директоры қызметіне тағайындалуына қолдау көрсетті.
Сейткамал басшылыққа келген күннен бастап ауылдың әлеуметтік-экономикалық рухани дамуының жаңа белестері басталды. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мақсатында жаңадан ғимараттар соғылып, құрылыс заттарын кафель желімі, ротбонд, жаңбырлы сылақ, ішкі жұмыстарға арналған құйылмалы еден, қасбетті, эмульсиялардың барлық түрі, қара қағаздар өндіріс өңдіретін цех ашылып, 25 адам жұмыспен қамтылды. Аталған құрылыс материалдарына сұраныс тек аудан емес, облыс көлемінен де көптеп түсуде.
Оқушылар мен зейнеткерлерге тегін қызмет ететін шаштараз жұмыс істейді. Ауыл тұрғындарына газет-журналдар тарататын «Казпоштаға» айлығы шаруашылық есебінен төленетін маман берілді. Мұндай маман ауылдағы ветеринариялық станцияға да берілген. Ауыл мешітінің бас иманы мен көмекшісіне шаруашылық есебінен айлық төленіп, мешіт ғимараты жылу, жарықпен тегін қамтамасыз етіледі. Әр отбасының жағдайын көтеру және оның мүшелерін еңбекке баулу мақсатында картоп, сәбіз, жалпы бау- бақша дақылдарын егуге жерін тегістеп, айдау, қарықтау, тынайтқышты тегін беру әдетке айналған.
Шаруашылықты қажетті техникамен қамтамасыз етудегі алға басушылықты төмендегі цифр арқылы көрсетейік. 2018 жылы осы мақсатқа жұмсалынған қаржы 180571000 теңге болса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 199553000 теңгені құрады, ал 2020 жылы 363216074 теңгеге жетті. Осы цифрлардан шаруашылықтың материалдық-техникалық базасының қарқынды дамығанын көруге болады. Шаруашылық есебінен тегін көрсетілетін әлеуметтік көмекке 2018 жылы 64 847 500 теңге жұмсалса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 78 миллион теңгеге жетті. Бұл көмектерге тегін күріш, жоңышқа пресстерін тарату, мектеп оқушыларын әртүрлі мәдени іс-шараларға тарту, лагерьлерге жіберу, Алматы, Астана, Түркістан қалаларында өтетін байқауларға тегін қатыстыру мен ардагерлерді шипажайлар мен мәдени орындарға саяхаттарға апару, тұрмысы төмен отбасыларына көмектесу, коранавируске қарсы ұйымдастырылатын іс-шаралар т.б.кіреді.
Қазіргі кезде «Дипломмен-ауылға» деген ұран белең алды. Бірақ оның әлеуметтік негізі болмағандықтан, нәтижелері мәз емес. Бұл ретте де ауыл әкімі Талғат Құламқадіров пен «Мәді Қажы» атындағы ЖШС-нің басшысы нақты тиімді іс-шараны жүзеге асырды. Қызылорда қаласындағы оқу орындарындарындағы оқушылар мен студенттер үшін «Шіркейлі тәрбие-білім» қыздар жатақханасы мен ұлдар жатақханасы ашылды. Жатақхана меңгерушілері, тәрбиешілер, коммуналдық төлемдер, төсек орын, ыдыс аяқ, басқа да қажетті мүліктер шаруашылық есебінен төленеді.
Шіркейліден келіп, орта және ЖОО оқу орындарында оқып жатқан студенттер мамандық алғаннан кейін туған ауылына баратын бірден-бір жол осы. Аталған игілікті шараның облыс бойынша біздің ауылдан басталғанына қалай қуанбасқа?!
Ауыл тұрғындарының рухани қажеттілігін қамтамасыз етуде мәдениет үйі мен №129 Ә.Жәмішов атындағы мектеп-лицейдің, әуез, спорт мектептерінің рөлі ерекше. Мәдениет үйіндегі ұйымдастырлған үйірмелердің барлық қажеттілігі ұлттық киімдер, музыкалық аспаптар шаруашылық есебінен қамтамасыз етілген. Мәдениет үйінің меңгерушісі Мақсұт Әбсадықов – өнерге жақын ақын жанды азамат. Ол облыстық жазба ақындар мүшәйрасында жүлделі 3-орынды иеленді. Құрылғанына 10 жыл болған «Ақ дариға» әжелер ансамблінің де жетістіктері де баршылық. Ал «Шаттық» халықтық үлгілі би тобы республикалық «Ақ көгершін» байқауына тегін жолдама алды. Ауылдағы №129 Ә.Жәмішов атындағы мектеп-лицей ұжымы, оның директоры Жанболат Назаровтың басшылығымен аудан бойынша бірнеше жылдан бері «Үздік білім ордасы» ауыспалы туымен марапатталса, директоры «Үздік мектеп директоры» номинациясының жүлдегері.
Сырдария суының азаюына байланысты ауыл басшылары әкім Талғат Құламқадіров мен Сұлтанов Сейткамал шаруашылықты жүргізудің жаңа жолы әртараптандыруды қолға алды. Осы мақсатта суды онша қажет етпейтін дәнді-дақылдар мен жеміс-жидек түрлерін көптеп егу, ірі қара малдарды асылдандыру, бордақылау, жем-шөптің құрғақшылыққа төзімді түрлерін егу, елді мекенге жақын көлдерді толтырып, балық өндіретін тоғандар құрылысына мән беру т.б. жұмыстарды ойластыруда. Қазіргі таңда «Мәді Қажы» ЖШС-нің 250-ге жуық дені жастар еңбек етуде. Оларды материалдық жағынан ынталандыру жұмыстары жолға қойылғандықтан, еңбекке деген көзқарастары мүлде жаңаша. Биыл шаруашылық 600 гектар жоңышқа, 300 гектар бидай және 2000 гектардан аса күріш егіп, сапалы әрі жоғары мол өнім жинады. Егін-тегіннің аяқталуына байланысты ұйымдастырылған сабан тойда 100-ден аса еңбеккерлерге бағалы сыйлықтар беріліп, концерттік, спорттық шаралар өткізілді. Ең жоғарғы көрсеткішке жеткен ауыл азаматына темір тұлпар мінгізілді.
Шіркейлі ауылының толағай табыстарының бастауы елдің азаматтарының ауызбіршілігі мен оның басшыларының түсіністігінен бастау алады. Қазіргі ауыл ақсақалдары Біләл, Абзал, Әли, Кеңес ағаларымыздың адал жүректерінен шыққан ақ баталарының қабыл болғанына бірнеше рет куә болдым. Солай бола берсе деген тілегімді қалай жасырайын. Сейткамал інімнің еңбегі еленіп, талай марапаттарға ие болып жатқанына шын жүректен қуанамын. Ауылдың атқамінер азаматтары аман болсын.
Шіркейліге ат басын бұрған кездерімде жағымды жаңалықтарға тап боламын, кеудемді қуаныш кернеп ауылымның алтын бесігінде тербелгендей күй кешемін. Бұл сезімімді Әбіраш ағаның мына өлең жолдарымен жеткізгенім әбестік болмас:
Қайғы мен қуанышты тең бөліскен –
Пейілі ауылымның кең пейіштен.
Апыр-ау, мен келмеген аз уақытта
Қаншама болып қалған өзгерістер?!
Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
профессор, «Ерен еңбегі үшін»
медалінің иегері