Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сәбилерге «сүйінші» сыйқорабы табысталды

Сәбилерге «сүйінші» сыйқорабы табысталды

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген мерекеде облыс бойынша 130 сәби дүние есігін ашса, ауданда 3 нәресте өмірге келді. Мерейлі мерекеде отбасыларды қуа­нышқа бөлеген сәбилерге Президенттің атынан «Сүйінші» сыйқо­ра­­­­­­­­­­­бы тапсырылды.

Аудандық перзентханада сыйлықты жаңа босанған аналарға ауданның бас дәрігері Нұр­жамал Мырзағалиева, «Азаматтарға ар­налған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Қы­зыл­орда облысы бойынша филиалы Сырдария аудандық бөлімі басшысының орынбасары Салтанат Бек­жүнісова және аудандық жұмыспен қамту, әлеу­меттік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің әдіскері Баян Райы­мова мен «Қазпошта» АҚ Сырдария аудандық филиалының мамандары Жадыра Орынбаева, Дәурен Қыстаубаев арнайы барып табыс етті. Ауданның бас дәрігері аналарды мерекемен құттықтап, Президенттің құттықтауын оқып берді.

Мемлекет басшысының құттықтауында «Айналайын, бөбек! Сенің туған күнің еліміздің ең басты мерекесімен тұспа-тұс келді. Өзің дүние есігін ашқан кезде халқымыз қастерлі Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтіп жатты. Сен өз еліңнің ең бақытты кезеңінде өмір­ге келдің. Сол сәттен бастап ата-анаң мен жақындарыңның мейіріміне және қамқорлығы­на бөлендің. Сен болашақта егемен елдің еркін ұланы болып өсесің. Есейгенде отбасыңның мақ­танышы, жұртыңның арқа сүйер азаматы бо­ларыңа кәміл сенемін. Саған бақытты әрі ұзақ ғұмыр тілеймін! Өмірің жақсылыққа толы болсын!» делінген.

Мерейлі мерекеде Сандуғаш Жанқуатова, Қаламқас Аймақова, Рауан Кеңесова босанып, Жантөре, Аяна, Батырхан есімді бөбектерді дүниеге әкелді. Айта кету керек, С.Жанқуатова бесінші баланы дүниеге әкелсе, Қ.Аймақова алтыншысын босанып, көп балалы ана атанды. Ал Р.Кеңесова тұңғыш сәбиін өмірге әкеліп, зор қуанышқа кенеліп отыр.

Еліміздің ең басты мерекесінде қуанышқа ке­нелген аналар құттықтау мен сыйлыққа өз ал­ғыстарын білдірді.
Атап өтейік, «Сүйінші» сыйқорабына Мемлекет басшысының құттықтау тілегі жазылған ашық хат, «Тәуелсіз Қазақстанға 30 жыл» монетасы және бөбектерге қажетті бірқатар заттар салынған.

Е.БЕРКІНБАЕВ
21 желтоқсан 2021 ж. 166 0