Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоңыр пальто

Қоңыр пальто

..9 кластың оқушысымын. Сол жылдары бәріміздің есіміз курткаға ауды. Шұбатылған пальто кигіміз келмейді. Әдемі, қызылды-жасылды куртка киген балада арман жоқ. Талайлы апамды ортаға салып жүріп, әке-шешемді әрең көндірдім. Ақ жолағы бар қызыл куртканы алып кигендегі сезімімді айтып жеткізу мүмкін емес. «Мынауың жұп-жұқа ғой…» деген әкемнің, «Пальтодан қымбат екен…» деген шешемнің сөзін елегенім жоқ. Шап-шақ, ыңғайлы. Өзімді кәдімгідей жігіт сезініп қалдым.

…Вешірден қайтып келе жатқанда 10 кластың балалары тұтқиылдан соқты. Бағана вешірге кіргізбей жібергенбіз. Бөлек-бөлек кетер сәтімізді күткен екен. Негізгі «нысанаға» мені алыпты. Мана белсенді болдым ғой енді…)Тәп-тәуір төбелес болды. Мысалы Рүстем-Дастан шайқасы)

Болат екеуміз соның үйіне қарай беттеп келеміз. Әлгінде көзімнің оты жарқ ете қалған. Көгеріп үлгермей тұрып, картоп аршып басу керек…

Болаттың бөлмесіне ұрланып кірген кезде аңғардық, менің курткамның бір жеңі жоқ. Мана ортаға түсіп қап, әркім әр жаққа қарай жұлмалағанда, бірдеңе дар ете қалғандай болған. Оған қарауға мұрша болды ма?..
Дереу төбелес болған жерге келіп, жеңді іздедік. Жоқ. Ішім удай ашыды. Курткамды үйге әкеп тығып тастадым. Ертеңіне әлгі жерді тағы шолып шықтым. Жоқ.

Сенбі, жексенбі күндері курткамның жоқтығын ешкім аңғара қойған жоқ. Дүйсенбі күні костюммен сабақтан келе жатқанымды көріп, әкем сұрады. «Болаттың үйінде…» дедім міңгірлеп. Таңдана қарады.

Кеште тыққан жерімнен курткамды тауып алыпты. Әйда кеп боқта. Бір-екі шапалақ та тиді. Менде үн жоқ, «партизан» болып тұрмын.

— Атаңа нәлет-ау, жарайды, осылай болып қалған екен, келіп айтпайсың ба? Кеше базар күні қалаға барып, бірдеңе алар едік қой. Енді олимпиадаға не киіп барасың? Әкем таусыла сөйледі.

Айтып тұрғаны рас. Бейсенбі күні Нөкіс қаласында өтетін республикалық олимпиадаға жүруім керек. Ал біздің бала күнімізде аптаның кез келген күнінде киім сатып ала алмайтынсың. Ондай шаруаны жұрт тек базар күні аталатын жексенбіде ыңғайлайды.
— Жүр, — деді әкем сейсенбі күні таңертең мені оятып. Бірдеңе деуге шама жоқ, еріп келе жатырмын. Бағытымыз — ағамның үйі. Олардың бөлек отау болғанына бірнеше жыл болған.
— Осы Шегебайдың қоңыр пальтосы қайда? — деді амандық-саулықтан соң жеңешеме. Ол ұзақ уақыт есіне түсіре алмады. Соған қарап, ағамның оны қай заманда кигенін шамалай беріңіз…)))

— Лақтырып тастадық па екен, әлде қоймада ма екен? Жеңешем ойланып тұр. Ағам — шопыр. Енді соның темір-терсегін жинап қойған қоймаға беттедік.

— Міне. Жеңешем көп ескі киімнің ішінен қоңыр пальтоны суырып алды. — Ки, — деді маған әкем. Кидім. Ұп-ұзын. Құдды шинель сықылды. Жеңінен алақанымды жазып тұрғанда «ортан терегім» ғана көрінеді. Иығы да салбырап тұр…

— Құйып қойғандай екен! — деді әкем. Жеңешем мырс етіп, әрі қарай бұрылды. Иығы бүлк-бүлк етеді.

— Май-май ғой. Күңк ете қалдым.

— Майын бензинмен жуса кетеді де қалады. Бастысы, шап-шақ. «Қайдағы шап-шақ?» Ішімнен айттым. Соны сезді ме, әкем оқты көзін қадады: «Мен саған төбелесіп, курткаңды жырт дегенім жоқ…».
Бір күннен соң жеңешем барынша тазартып, әкеліп тастады. Кешегідей емес, біраз ретке келіп қалыпты. Дағы кеткен. Белбеуі де бар екен. Апаларым иығыма бірдеңе салып көтерген болды. Бәрібір қолпылдап тұр…

Ертеңіне Нөкіске аттандық. Автобусқа міне салып, пальтомды шешіп, қолыма алдым. Ғимаратқа кіргенде де сөйтемін. Бейне бір ыстығым тасып жүрген адам сықылдымын.

Ой, Алла-ай, жүрек шіркін, жаман пальтоның ішінде де соға береді екен. Көрші мектептің ботакөзін көргенде бүлк ете қалды. Жақындап баруға пальтомнан қорынамын. Тура бір ол оның әлгі қоймада тұрған сәтін көрген сықылды…

Дегенмен «жолы болғыш» пальто екен. Қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық олимпиаданың жеңімпазы атандым. Біздің ауданнан дара шыққан тек мен екем. Қайтар жолда автобуста барлық қыздың көзі маған қадалды. Пальтомды қолыма алып отырған мен де аса бір қысыла қойған жоқпын…

Бауыржан Бабажанұлы,
12 желтоқсан 2021 ж. 245 0