Әлеуметтік саланың маманы
Жұмыспен қамту орталығы құрылған жылдан бастап ауданда жұмыспен қамтудың белсенді қызметін көрсетіп келе жатқан білікті маманның бірі – Айнаш Байымбетова. Орталықта үздіксіз 10 жыл көлемінде қызмет атқарып келе жатқан маман халықты жұмыспен қамтудың маңызды шарты – өмір сүру сапасын жақсартудың басты құралы деп санайды.
– Соңғы жылдары ауданда халықтың экономикалық белсенділігі мен жұмыспен қамту деңгейінде тұрақтылық байқалады. Бұл – әлемді жаулаған пандемияға қарамастан жұмыссыздықты бір қалыпта ұстау міндетін ойдағыдай атқарылғандықтың нәтижесі. Бағдарламаның да негізгі мақсаты – елімізде жұмыссыздықты 5 пайызға жеткізу болса, бұл көрсеткіш ауданда 5,1 пайыз болып тұр. Жұмыспен қамту орталығының 13 маманы Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 4 бағытты іске асырумен айналысады. Біріншісі, «Еңбек» бағдарламасына қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтамасыз ету. Екіншісі, жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Үшіншісі, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту. Төртіншісі, «Жастар – ел тірегі» ұлттық жобасының кешенді іс-шараларын іске асыру. Мемлекеттік бағдарламаның қатысушылары болып 29 жасқа дейінгі жастар, жұмыссыздар және жұмыспен қамтылғандардың жекелеген санаттары саналады, – дейді маман Айнаш Болатқызы.
Мамандығы бойынша экономист білімін алған Айнаш Байымбетова Мәскеу қаласында технологиялық техникумды бітіріп, алғашқы еңбек жолын Латвияда бастайды. 3 жыл бойы Рига қаласында тәжірибе жинаған ол туған елге оралып, О.Мәлібаев атындағы кеңшарға есеп бөліміне жұмысқа орналасады. Содан соң аудандағы ауыл шаруашылығы басқармасында аға экономист қызметін абыроймен атқарған есепші 1997 жылы мекеменің қайта құрылымдануына байланысты қысқартуға ілінеді. 8 жыл бойы қызметтен алшақтап қалған маман 2007 жылы жұмысын қайта жалғастырады. Бұл жолы аумақтық инспекцияға материалдық есепші болып қабылданады. Осы жылдар ішінде жоғары білім алған есепші Айнаш Болатқызы ауданда жаңадан құрылған мекеме – «Жұмыспен қамту орталығына» қызметке ауысады. Соңғы 10 жылдан бері орталық жұмысының жүйелі жүруіне, жұмыссыздардың жұмыспен қамтылуына, мемлекеттік бағдарламаның іске асуына атсалысады.
– Орталықтың мақсаты – бағдарлама аясында белсенді шараларына жұмыссыздарды тарту. Мәселен, былтыр «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасымен 350 грант бөлінсе, биыл 235 грант бойынша 583 мың 400 теңгеге жұмыссыздар қол жеткізді. Бұл қаржыға міндетті түрде «Бастау Бизнес» курсын оқып, сертификат алғандар, аз қамтамасыз етілген отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен оралмандар өз бизнестерін бастауға мүмкіндігі бар. Жыл сайын арнайы курстан өтетіндер саны да артуда. Негізінен, «Еңбек» бағдарламасы негізінде грант алушылар бір жылдың ішінде кәсіппен айналысуы керек. Кәсіпкерлер түрлі әлеуметтік аударымдар аударып, бөлінген грантты мақсатты пайдалануы шарт. Жалпы, бағдарлама бойынша грант көлемін 400 АЕК дейін жеткізуге байланысты министрлікке ұсыныс айтылуда. Дегенмен, ауданда грант алғандардың арасында қаржыны басқа мақсатқа пайдаланып жібергендер бар. Олар аталған қаржыны мемлекетке қайтаруы тиіс. Болмаған жағдайда іс сотқа өтіп, өндіру шаралары жүргізілетін болады, – дейді А.Байымбетова.
«Судың да сұрауы бар» демекші, мемлекет тарапынан берілетін қаржының артында сұрауы болатыны заңдылық. Жұмыссыздарды жұмыспен қамтуға бағытталған грант та мақсатты пайдалануы тиіс.
Жалпы, ауданда кәсіпкерлікпен айналысуға жеңілдетілген пайызбен өз бизнесін бастаушыларға несие беріледі. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры», Аграрлы кредиттік корпорация арқылы 5 жыл мерзімге 1,5 млн-нан бастап 6 млн-ға дейін несиені 83 адам алған. Олардың дені ауыл шаруашылығымен айналысу үшін несие қаражатын тиімді пайдаланып, кәсіпкер атануда. Әрине, мұндай қаржы несие алушыға кепіл қою арқылы берілетінін ескерген жөн. Дегенмен, пайыздық мөлшері аз әрі келісім шарт арқылы қайтару тетігі құжатпен расталғаннан кейін кәсіпкерлер үшін бұл – мол мүмкіндік.
Айта кету керек, жыл басынан бері ауданда 1166 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Атаулы әлеуметтік көмекті 318 отбасы алған. Жұмыссыз ретінде тіркелгендердің арасында жоғары білімді жастар бар.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ